"Жақында медициналық конференцияға қатыстым. Ресейден қонақтар келді. Бір кезде бірге жұмыс істеген жақын танысымды кездестірдім. Оның бір сөзі көкейімде қалып қойды. "Ресей қандай дәрігерінен айырылды!" деді ол. "Есесіне Қазақстанға қандай дәрігер бұйырды!" деп жауап қайтардым", – деді Азаттық тілшісімен сөйлескен Санкт-Петербургтен қоныс аударған Алексей есімді дәрігер. Украинаға қарсы соғыс басталғалы Ресейден мыңдаған медицина қызметкері кетіп қалған. Жүздеген адам Қазақстанға келіп, мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. "Азаттық Азия" тілшісі солардың үшеуімен эмиграция, соғыс және Қазақстандағы медицина туралы сөйлесті.
"Адам өмірінің құны өлшеусіз. Адам өлтіру әп сәтте, ал жараланған кісіні аяғынан тұрғызу, емдеу көп жылға созылады". Бұл – соғысқа қарсы шыққан ресейлік дәрігер, медбике, фельдшерлердің президент Владимир Путинге хатынан үзінді. Ресей әскері Украинаға басып кірген күннің ертесі, 2022 жылғы 25 ақпанда интернетте жарық көрген хатқа 17 мыңнан астам адам қол қойған.
"Адам өлтіретін қару түрлерін қолданатын операцияларды дереу тоқтатуға шақырған" хатқа қол қойғандар арасында аты әйгілі дәрігерлер көп болды. Олардың біразы Қазақстанға келді.
Қазақстанда мамандық бойынша жұмысқа тұру салыстырмалы түрде оңай. Визасыз кіреді, тіл жағынан да кедергі жоқтың қасы, Қазақстанда жұрттың көбі орысша жақсы біледі. Жұмыс істеу үшін білім туралы дипломды нострификациядан өткізіп, уақытша тұруға рұқсат не ықтиярхат алса, медициналық іспен айналысуға лицензия алу үшін емтиханнан өтсе болды.
"Азаттық Азия" тілшісімен әңгімелескен үш адам да 10 жылдан астам жұмыс істеген ресейлік дәрігерлер, олар соғысқа бола елінен кеткен. Олар Ресейде қалған туыстарына зияны тиеді және өздеріне де қудалау болады деп аты-жөнін жариялауға келісім бермеді.
"МҰНДАҒЫ АДАМДАР БАСҚА"
– Көшу туралы 2022 жылғы 24 ақпанда шешім қабылдадым. Қылбұрауды қыса түсетіні, әскери пропаганданы күшейтетіні, балама пікірдің бәрі басып-жаншылатыны анық болды. Сондықтан басқа елдерде өмір сүруді ойлай бастадым, – деді Алматыдағы жекеменшік емханада істейтін Дмитрий (аты-жөні өзгертілді).
Соғыс басталған күнді мәскеулік дәрігер "Ресейдегі режим дамуының шарықтау шегі, қайтып оралмас қызыл сызықтан асқан күн" деп сипаттайды. Ол түрлі интернет-ресурстарындағы жаңалықтарды үрейлене бақылап отырған. Ресей Украина маңына әскер шоғырландырып, соғысқа дайындалып жатқанын әлемдік БАҚ жазып, шабуыл басталады деп болжам жасап жатса да, соғыс оны бәрібір есеңгіретіп тастаған.
Ол соғыс басталғаннан бірнеше ай өткенде жұмысқа шақырған өтінішті қабыл алып, Қазақстанға қоныс аударған. Тұратын жер, құжат реттеу мәселелерін жұмыс беруші реттеген. Ол мамандығы бойынша Ресейде қандай медициналық емшара жасаса, Қазақстанда да соны істеп жүр.
Қазақстандағы дәрігер іздейтін онлайн платформада емделушілер ол туралы тек жақсы пікір жазып, кәсіби білігі үшін алғыс айтқан.
Қазір дәрігер отбасымен бірге тұрады. Әйел, бала-шағасы Алматыға 2023 жылы көшіп келген. Әйелі шетелдік компанияда онлайн жұмыс істейді, балалары жекеменшік мектепте оқиды. Алматыда тұрған үш жыл ішінде олар қалаға бауыр басып қалған, оның жақсы жағы көп дейді.
– Қала қатты ұнайды. Табиғаты, адамдардың меймандостығы, климат, тағамдар, – деп тізіп шықты Дмитрий. – Жаман жағы: инфляция жоғары, тиісті теміржол тасымалы болмағандықтан, жолда көлік көп, машина айдау мәдениеті төмен, балаларды апаратын жер аз, жаппай құрылыс салу тренді қалыптасқан.
Дмитрийдің әріптесі Алексей бұрын Петербургте дәрігер болған, қазір Алматыдағы жекеменшік емханада істейді, ол шаһарды "ыңғайлы қала" деп сипаттайды.
– Алматы мені де, отбасымды да қатты таңқалдырды, мұнда адамдар мүлде басқа. Бейбітшілікті жақсы көреді! Ресейде басқаша. Ал мұнда бәрі меймандос, бауырмал. Қаланың ырғағы да басқа, беймарал десе болады, – дейді Алексей. Ол бұған дейін Қазақстанда ешқашан болмаған. – Өзіңді еркін сезінесің. Халыққа қызмет ету орталығында, миграциялық қызметте – қайда барсаң да жұрт көмектіскісі келіп тұрғанын байқайсың, бәрінде бір адамгершілік бар. Мұнда қанша тұрып жатсам да ұлтшылдық көрсетіп, кемсіткен ешкімді байқамадым. Мұның ешқайсысын сезінбедім. Мен үшін Алматы – бейбітшілік қаласы.
Алексей Ресейде "жартылай мобилизация" жарияланған соң Қазақстанға кетіп қалған. Ресми дерек бойынша науқан кезінде әскерге 300 мыңдай адам алынған. Күш органдары қашып жүргендерді қоғамдық орындарда ұстаған алғашқы кездері ол метромен, қоғамдық көлікпен жүрмеуге тырысқан. Жұмысқа электросамокатпен келіп, көшеге көп шықпаған.
– Мен бейбіт мамандық иесімін, дәрігермен, адамдарға көмектесемін. Мұның бәріне қатысқым келмейді, – Алексей соғысқа неге барғысы келмейтінін осылай түсіндіреді. – Мобилиция кезінде біраз күйзелісте болдым, соның кесірінен темір жетіспейтін анемияға ұшырадым. Одан жарты жыл емделдім. Қорқынышты болды, әрине.
2023 жылы Қазақстаннан жұмысқа ұсыныс келгенде Алексей бірден келіскен. Қолында шақыруы бар ол Петербургтен Алматыға ұшып келді. Оны шақырған емхана пәтер тауып, құжаттарын реттеуге көмектескен. Жарты жылдан соң әйелі мен кішкене баласын да қасына алдырды. Ресейде дәрігердің қарт ата-анасы мен басқа да туыстары қалды. Олармен байланысып тұрады, бірақ соғыс тақырыбын қозғамауға тырысады.
– Біз үшін бұл – жабық тақырып, себебі менің ата-анам – постсоветтік адамдарға ұқсамайды, олар әлемге басқаша қарайды. Достарым, құрдастарым, яғни біздің буын болып жатқан жағдайға мүлде басқаша қараймыз, – дейді ол.
Алексейдің айтуынша, Алматыдағы ресейлік дәрігерлердің бейресми қауымдастығы бар. Арасында оффлайн кездесіп, кафеде тамақтанып, жетістіктері мен проблемаларын айтып, медицина мәселелерін талқылап отырады. Кейде Қазақстанға шаруамен келген әріптестерімен де ұшырасып қалады.
– Жақында медициналық конференцияға бардым. Ресейден қонақтар келді. Бір кезде бірге жұмыс істеген жақын танысымды кездестірдім. Оның бір сөзі көкейімде қалып қойды. "Ресей қандай дәрігерінен айырылды!" деді ол. "Есесіне Қазақстанға қандай дәрігер бұйырды!" деп жауап қайтардым, – дейді ол.
Үлкен қалада тұратын, Ресейден сыртқа шығып көрмеген Николай 2022 жылы күзде елінен кеткен. Соғыс бастала сала кетіп қалған достары Алматыда тұратын (олардың медицинаға қатысы жоқ). Ол Қазақстанға жақын маңдағы қалаға ұшақпен ұшып келіп, ол жерден Семейге автобуспен жеткен. Одан әрі Алматыға ұшқан.
– Соғыс болатынына ақырына дейін сенбедім. Соғыс болмай қоймайды дегендерге "Олай болуы мүмкін емес. Украиндар – біздің бауырларымыз" деп қарсы шығатынмын. Соғыстың бастапқы кезінде екі жақ табысады, бір мәмілеге келеді деп үміттендік. Болмады, – дейді Николай. – Мобилизация жарияланған соң шыдамым таусылды, содан соң кетемін деп шештім.
Келген соң Николай өз бетінше пәтер тауып, ықтиярхат жасатып, дипломын нострификациядан өткізіп, лицензия да алған. Қазір екі жекеменшік мекемеде жұмыс істейді.
– Жұмыс беруші ресейлік дәрігерге басымдық береді. Олар жақсы маманды алып қалуға тырысады, – дейді Николай. – Ал емделушілер барлық жерде бірдей, олар сенің көмегіңе мұқтаж.
Алматы орталығындағы емханада сөйлесіп отырғанымызда әріптесі келіп кабинет есігін қақты. Ол науқасты қарап, пікір айтып жіберуді сұрады.
Жұмыста Николай – таптырмайтын маман. Өзінің айтуынша, көшеде өзіне жағымсыз пікір айтып, "келімсек" деп кемсітетіндер кездесіп қалады.
– Әлеуметтік деңгейі қаншалық төмен болса, соншалық ұлтшылдыққа жақын болады, бұл – белгілі факт, – дейді ол.
Экологиясы нашар, ауасы лас, көшеде кептеліс көп, қызмет көрсету сапасы төмен (өз пікірі) болса да оған Алматы ұнайды.
– Көшеде жастар мен балалар көп болғаны ұнайды. Ресейде олар әлдеқайда аз, себебі туу төмен, нағыз демографиялық апат десе болады. Осы көзге бірден көрінеді. Екіншіден, жергілікті халықтың өмірге көзқарасы өте жақсы. Жұрт көшеге жадырап кетіп бара жатады. Бәрі жайбарақат жүреді, – дейді ол.
Былтыр Николай Алматыға соғысқа қарсылық білдіріп жүрген анасын алып келді. Ата-анасы ажырасқан. Кремль саясатын, Украинаға шабуылды қатты қолдайтын әкесі елде қалған.
"КӘСІБИ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ"
Қазақстан емханаларында екі жыл не одан да көп жұмыс істеген дәрігерлер елдегі медицина деңгейі Ресейдегіден әлдеқайда төмен деп санайды.
– Заманауи құралдардың көбінің тіркеуі жоқ. Медицинада көп нәрсе кәсіби білікке емес, жеке байланыстарға байланысты. Медицинада да, әкімшілік қызметте де кәсіби білікті мамандар жетіспейді, – дейді негізгі мәселелерді тізбелеп шыққан Дмитрий.
Ал Алексей болса қазақстандық дәрігерлер ештеңеге тиіспей, көбіне хаттамаларға қатаң сүйенеді, бұрыннан қалыптасқан тәртіпке ғана бағынады деп санайды.
– Белгілі бір емшараны жасай алмайтын мамандар бар. Әрі бір білімге де байланысты. Институтта нашар білім береді. Мен мүлде басқа схемамен, басқа философиямен оқыдым. Біздің мұғалімдер: "Балалар, біз сіздерге негізін үйреттік, медицина бір орында тұрмайды, әлемдік тенденциялар үнемі өзгереді, шетелдік мақалаларды оқыңыздар, білім жетілдіріңіздер, әлдебір проблеманың ортақ бір шешімі жоқ, үнемі пікірталас болып жатады" дейтін. Әрине, Қазақстанда жақсы дәрігер көп, олар негізінен шетелде оқыған. Бұл жерде оқығандар мен шетелде оқығандардың айырмасы жер мен көктей, – дейді Алексей.
Николайдың ойынша, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы басты проблеманың бірі – жемқорлық (Transparency International-дың жемқорлық индексінде 180 елдің ішінде Қазақстан 88-орынды, ал Ресей одан да төмен – 154-орынды иеленген).
– Қазақстанда жемқорлық шектен шығып кеткен. Ол сатып алудан бастап науқасты қабылдауға дейінгі барлық деңгейде бар. Өз басым жекеменшік емханада оны кездестіре бермеймін, себебі емделуші ақшасын төлейді, мен оны қабылдаймын. Бірақ бұл жеке секторда жемқорлық жоқ дегенді білдірмейді. Ол басқа жерлерде бар.
ҚАЙТАР ЖОЛ ЖОҚ ПА?
Қазақстанға қоныс аударғалы Николай өз еліне бір рет барып қайтқан. Былтыр туысының үйлену тойына қатысқан. Оның айтуынша, Ресейде соғыс "қалыпты жағдайға" айналып кеткен, теледидар мен пропаганда жұмыс істейді, ал санкция жұмыс істемейді. Мәскеу әкери агрессия үшін Батыс енгізген шектеулерді айналып өтуді үйреніп алған.
Оның әріптесі Дмитрий Ресей қалаларында ахуал өзгерген жоқ дегенге келіспейді.
– Менталдық тұрғыда өмір сүру анағұрлым қиындай түсті, – дейді ол.
Ресейлік дәрігерлер АҚШ-та билікке Дональд Трамп келгелі Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған әрекеттерді жіті бағалап отыр.
Киев пен Еуроодақ АҚШ пен Ресей өзара келісіп, Украинаның мүддесін ескермейтін келісімге келе ме деп қорқатынын айтқан.
– Бұл сценарийге жақсы қарамаймын, себебі бұл нашар прецедент қалыптастырады әрі бұл Ресейдегі режимнің трансформациясын не оның алмасуын жақындатпайды. Бірақ шынымды айтсам, кикілжіңнің ауыр кезеңін тоқтатудың басқа амалын көрмей тұрмын, – деді Дмитрий.
Азаттық сөйлескен үш адам да Ресейге қайтқысы жоқ. Дмитрий мен Алексей көшіп келгелі елдеріне бармаған және баруды жоспарламайды да.
– Балаларым қауіп-қатер мен жеккөрініш, жаппай пропаганда мен агрессия, ұғымдар алмасып, қанышерлер мен садистер – батыр, ал тәуелсіз журналистер – экстремист пен террорист болып танылатын елде өскенін қаламаймын, – дейді Дмитрий.
Дәрігер қазір ағылшын тілін оқып, білімін жетілдіріп жүр, болашақта ғылым докторы дәрежесін алғысы келеді.
– Қор жинап алып, шетел араласам деймін, болашақта өз емханамды ашып, маман ретінде өсе түссем деймін. Отбасыммен болған әр күннен ләззат алғым келеді, – деді Дмитрий.
– Мүмкін Қазақстан азаматтығын алатын шығармын. Шетелде докторантура оқысам деген де ойым бар. Мен де, отбасым да Ресеймен байланысқымыз келмейді. Бәрі қайда құлдилап бара жатқаны көрініп тұр ғой. Соғыс біткен соң Ресейде ауыр жағдай қалыптасуы мүмкін. Дәрігер ретінде айтсам, соғыстан соң қалыпты адам сауықтырудан өтпесе посттравма синдромы қалыптасады. Ол дені сау адам емес. Түрмеден соғысқа жіберілген маньяк, қанішер не психикасы бұзылған адам болса ше? Қылмыс өршиді, елде қантөгіс көп болады. Балама ондай болашақты тілемеймін, – дейді ол.
Мақаланың орыс тіліндегі түпнұсқасын мына жерден оқыңыз.