Ресейде Орталық Азиядан барған мигранттардың балалары көші-саясатының күшейтілуіне байланысты қиын жағдайда қалды. Мыңдаған балаға Ресей мектептерінде оқуға тыйым салынды, кей балаларға елге кіруге шектеу қойылды.
Ресей Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы кампанияны тұрақты түрде үдетіп жатыр: олар жиі қудаланып, заңнамалық тұрғыда қысымға ұшырайды, озбырлыққа тап болады.
Енді мұндай шаралар балаларға да әсер етіп жатқан сияқты.
Жақында тәжік оқушысы Мәскеу мектебінен шығарылды. Бұған "оқушының ата-анасы Тәжікстанға оралғаны себеп болды" деп ресми түрде түсіндірілді. Бірақ ата-анасы әлі Мәскеуде тұрып жатыр.
«Оның ата-анасы сонда [Мәскеуде] жұмыс істейді», - деді оқудан шығарылған оқушының туысы Ахлия Азаттықтың Тәжік қызметіне. "Бірақ олар ұсынған құжаттарда тұрғылықты жерінің өзгергені жазылған. Қыз баланы мектептен шығарып жіберді, сондықтан осында [Тәжікстанға] әкелуге мәжбүр болдық. Ресейдегі ата-анасына "қыздарыңыз емтиханнан өте алмайды, оданша оны ертерек еліне жіберген жөн болады" деп айтқан. Былтыр мұндай мәселе туындамаған".
Сәуір айынан бастап Ресейде мигранттардың балаларын мектепке қабылдау ережесі қатайтылды. Олар енді орыс тілінен күрделі емтихан тапсырып, елдегі заңды мәртебесін растауы керек.
Мәскеуде он жыл тұрып жатқан Айгүл Азаттықтың Қырғыз қызметіне қызы тіл емтиханынан өте алмай, мектепке бармай қалғанын айтты.
Ол тек үш айдан кейін қайта тапсыра алады.
"Неге бұлай істеп жатқанын білмейміз. Көптеген балалар емтиханнан өте алмай қалды", - дейді Айгүл.
Мұндай өзгерістер Тәжікстанның Бадахшан қаласынан келген Гүлсараның да жоспарын бұзды. Екі жыл бұрын ол балаларымен бірге Ресейге көшіп келген. Биыл оның баласын бірінші сыныпқа қабылдамай қойды - осылайша елге қайтуға мәжбүр болған.
"Бала орыс тілін жақсы білсін, түсінсін деді. Оны қабылдамай қойды. Мен күйеуімнің жанында тұрғым келген, балаларымыз да жанымызда болсын деп. Қазір осы жерде орыс тілін үйреніп, кейін қайтуды ойлап жүрмін" дейді ол.
Тәжікстан билігінің мәліметінше, соңғы жылдары тәжік мектептеріндегі оқуын жалғастыру үшін оралған мигрант балалардың саны артып келеді.
"Қаңтардан бері Тәжікстанның білім және ғылым министрлігіне түрлі елдерден өтініш білдірген 5300-ден астам оқушы елдегі оқу орындарында оқуын жалғастыруға рұқсат алды. 70 пайызы - Ресейден оралғандар", - деді Тәжікстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Хуршед Даулатализода Азаттықтың Тәжік қызметіне.
Кейбір мигрант балаларды шекарадан кері қайтарып, Ресейге жібермейді. Олардың арасында 1-сыныптан бастап Мәскеу мектебінде оқыған қырғызстандық 10 жасар қыз да бар.
Ол анасымен бірге өткен аптада Бішкектен оралғанда, Мәскеу әуежайының қызметкерлері бүлдіршінге бес жылға Ресейге кіруге тыйым салынғанын айтты.
Ата-анасына қыз баланың кейбір көші-қон ережелерді бұзғаны туралы ресми құжат берілген.
«Балаңызды кіргізбейміз» деді», - деді қыздың анасы Айзура Азаттықтың Қырғыз қызметіне. «Қызым 10 жаста, ол қандай заңды бұзды?»
Ресей білім және ғылымды қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің мәліметінше, жаңа оқу жылында орыс мектептерінде оқуға өтініш берген шетелдіктердің балаларының тек 13 пайызға жуығы ғана оқуға қабылданған. Қалғандары биыл сәуірде енгізілген орыс тілі емтиханынан өте алмай қалды.
Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесі ІІМ-ге сүйене отырып, елде мигранттарға қатысы бар 785 мың бала тұрып жатқанын хабарлаған. 192,2 мыңы (24,5%) мектептерде оқиды.
Қырғызстандық көші-қон мәселелері жөніндегі сарапшы Нұрсұлтан Қарабаев мигранттардың балаларына қатысты жаңа ережелер мен шектеулер Орталық Азия азаматтарына қарсы бағытталған кампанияның бір бөлігі деп санайды.
Ресей ондаған жылдар бойы Орталық Азияның миллиондаған азаматы нәпақа табу үшін баратын негізгі ел болды. Бірақ онда кемсітушілік пен қудалауларға жиі тап болды.
Бірақ «Ислам мемлекеті – Хорасан» экстремистік тобының 2024 жылы наурызда Мәскеу түбіндегі концерт залындағы терактісінен кейін мигранттарға қарсы қысым мен қудалаулар күшейді. Терактіден 150-ге жуық адам қаза болған. Сол шабуылға қатысы бар делінген бірнеше тәжік азаматы күдікке ілінген.
Шабуылдан кейін елде мигранттарға қарсы жаппай кампания басталып, Орталық Азиядан келген ондаған мың адам депортацияланды немесе Ресейге кіруге тыйым салынды. Елде ксенофобиялық шабуылдар өршіді.
Жақын арада тағы жүздеген мың мигрант Ресейден шығарылуы мүмкін. 10 қыркүйекте Ресей билігі шетелдіктерді бақылаудағы тұлғалар тізіміне енгізу үшін белгілеген мерзім аяқталды. Тізімге Ресейде заңсыз жүрген азаматтар енгізілді (шетел азаматтарының себепсіз енгізілгені туралы көп хабар тарады).
Ресей ІІМ мәліметінше, реестрде 770 мың адам бар.