Accessibility links

Қызғаныштан қиылған өмір. Қырғызстанда ер адам түлектер кешінен кейін әйелін атып өлтірген


Күйеуінің қолынан қаза болған 38 жастағы Ош облысының тұрғыны. Бет-жүзі этикаға байланысты жасырылды
Күйеуінің қолынан қаза болған 38 жастағы Ош облысының тұрғыны. Бет-жүзі этикаға байланысты жасырылды

Қырғызстанның Ош облысында мектеп түлектерінің 20 жылдық кешінен кейін ер адам әйелін атып өлтірді. Алдын ала мәлімет бойынша, күйеуі әйелін қызғанған. Ер адам қамалды. Ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған бес баласы жетім қалды.

"ЕКІ РЕТ ОҚ АТТЫ"

Қаза болған әйел – бес баланың анасы. Ол Қара Құлжа ауданындағы Сай ауылында отбасымен тұрған. 26 мамырда ол күйеуімен бірге мектеп бітіргеніне 20 жыл толғанын атап өту үшін Үзген ауданының Алға ауылына барған. Мектеп кешінен кейін ерлі-зайыпты үйлеріне келіп, жанжалдасып қалған. Оның соңы әйелдің өлімімен аяқталды.

Қаза болған әйелдің сіңлісі BBC-дің Қырғыз қызметіне әйел адам оқтан қаза болғанын айтқан.

"Күйеуі онымен бірге 20-жылдыққа барып, жанында жүрген. Интернетте түрлі қауесеттер айтылып жатыр. Бәрі өтірік. Әпкем қызғаныш тудыратындай ештеңе жасаған жоқ. Ешкімнің қолынан ұстаған жоқ, қолұстасып жүрген жоқ, билеген жоқ. Кеш аяқталғаннан кейін үйлеріне қайтты. 20-жылдықтан кейін сыныптастарымен ешқайда барған жоқ. Анам палау әзірлеп, бәріміз жеп, үйден шықтық. Олар мені жолдан түсіріп, әрі қарай кетіп қалған. Бәрі кешке үйге қайтқаннан кейін болған. Ол мылтықпен екі рет атты, оқ оның оң жақ кеудесіне тиген. Оны атқа сүйреп апарды деген ақпарат та өтірік" деді қаза болған әйелдің сіңлісі.

Мектеп директоры Мирбек Абдуллаевтың сөзінше, ол 26 мамыр күні мерекелік кешке қатысқан, бірақ тосын ешнәрсені байқамаған.

"Сағат 9-да бастаңдар деді, бізде 9:15-те басталды, 11-де аяқтадық. 20 жыл бұрын мектеп бітіргендер рәсімге қатысты, ешқандай мәселе туындаған жоқ, оларды өзім шығарып салдым. Бәрі Қара Құлжада болған. Қыз бала өте салмақты болатын және оның ата-анасы да біреуге жамандық жасайтын адамдар емес. Қыз бала ағам жағынан бізге туыс келетін. Жерлеу рәсімі оның әкесінің үйінде өтті. Жерлеуді кеше өткізді" деді Мирбек Абдуллаев.

Сай ауылының әкімі Акунның сөзінше, қаза болған әйелдің бес баласы болған. Күйеуі көп балалы отбасынан шыққан. Ерлі-зайыпты 90 жастағы аналарына күтім жасаған.

"Бәрі жақсы болатын. Тұрмысы да жақсы болды. Әйелі малдарды қарап, үйінен тіпті шықпаған да. Оның бес баласы бар – үлкені 11-сыныпта оқиды, екіншісі 9 сыныпта. Қалғаны - кіші. Ол әйелімен бірге барған. Оқиға олар қайтып келгеннен кейін болған. Бұрын олар жәрдемақы алатын, сол кезде күдіктіні көргенмін. Кейін жәрдемақылары тоқтап қалды. Оның (қаза болған әйелдің күйеуі) үлкен үш ағасы бар, әпкелерінің бірі қайтыс болған. Ол – ең кішісі. Анасының жасы 90-да, оның үлкен ағасы, марқұм, менің сыныптасым болған. Анасы қиын жағдайда қалды, қараусыз қалды" деді Акун.

Ош облысы милициясы 27 мамырда "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті қамалған.

"26 мамырда Үзген полициясына 1987 жылы туған Қара Құлжа ауданының тұрғыны А.Е.-ның алған жарақаттан ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болғаны туралы ақпарат түсті. Аталған факт тіркеліп, Қара Құлжа аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Жиналған материалдар бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті әйелдің күйеуі 1985 жылы туған А.Б., ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды" деп жазылған милиция хабарламасында.

Күдіктінің туыстары мен адвокаты әзірге түсініктеме бермеді.

«Себеп – өзіне сенімсіздікте»

Қырғызстанда мектеп түлектерінің мерейтойы ауқымды түрде атап өтіледі. Осы күні елдің түкпір-түкпірінен бұрынғы сыныптастар мектеп кештеріне барады, шетелден де келетіндер бар. Олар "Соңғы қоңырауға" қатысып, одан кейін дәмхана мен мейрамханаларда тойлап, табиғатқа шығады.

Бұдан бөлек, кейінгі жылдары белгілі бір жылы туған адамдардың "құрылтай" өткізуі де сәнге айналған. Ол "Бірлік құрылтай" деп аталады және онда түрлі спорттық рәсімдер, ойын-сауық шаралары болады.

Білім саласының сарапшысы Асылбек Жоданбековтің сөзінше, қоғам деңгейі мен құндылықтарына қарай түрлі шара өтеді. Ол мәселенің түп-тамырын сауатсыздық, ер адамдарда өзіне деген сенімнің болмауы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көп болуымен ұштастырады.

Асылбек Жодонбеков
Асылбек Жодонбеков

"20 жылдықтағы әйел адамның қазасы – бұл біздің қоғамдағы ер адамның қызғанышы мен күш көрсетуінің көрінісі. Мәселенің екі себебін көріп тұрмын – қоғамда ер адамдардың өзіне, қоғамға деген сенімсіздігі, білімнің төмендігі. Өзіне деген сенім төмен болғандықтан ер адамдар өте қызғаншақ келеді. Қызғаныштың тағы бір себебі – қоғамда әйелдерді иемдену оқиғалары көп. Өкінішке қарай, қырғыз қоғамында әйелдерді иемдену, дәріптеу жағдайлары тым көп. Осыған байланысты осындай келеңсіз құбылыстар болып жатыр. Егер 20 жылдық мерейтой болмаса, бұл басқа шарада, басқа мерекеде немесе отбасылық мерекеде болуы мүмкін еді. Сондықтан халықтың сана-сезімін арттырып, білім деңгейін көтеру қажет. Мәселен, бүгінгі таңда қоғамымызда, тіпті мемлекеттік деңгейде де зорлық-зомбылық элементтері көптеп кездеседі. Ақыл мен білімнің емес, күштің үстемдігі" деді сарапшы.

Кейінгі жылдары Қырғызстанда қоғамда резонанс тудырған әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары болды.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр Қырғызстанда 17 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 32,1% көп.

Бас прокуратураның хабарлауынша, кейінгі 2,5 жылда елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 34 әйел қаза болған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы

XS
SM
MD
LG