Accessibility links

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп жатыр

АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешенінің маңы. 31 мамыр, 2025 жыл.
АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешенінің маңы. 31 мамыр, 2025 жыл.

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Елдің түрлі өңірінде ресми шаралар өтіп жатыр.

Ақорда сенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы күнге орай жасаған үндеуін жариялады. Онда саяси қуғын-сүргін тақырыбы аз қамтылған.

"Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз" деп жазылған үндеуде.

Былтыр Ақмола облысындағы АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барған Тоқаев “тарихты саясаттың қолшоқпары етпеуге” үндеп, "өткенге жалтақтамауға" шақырған еді.

“Қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі” деді ол.

Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.

Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.

Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Бұған дейін совет дәуірін зерттеп жүрген Қазақстан тарихшылары Ресейге кіре алмай жүргенін, оларды әуежайдан кері қайтарып жіберіп жатқанын мәлімдеген. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбайды.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер елде саяси қудалау әлі тоқтамағанын айтады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина осы күн қарсаңында Facebook-тағы парақшасында елде 31 саяси тұтқын барын еске салды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамай келеді.

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев желіде саяси қудалау бір ғасыр өтсе де, саяси қудалау жалғасып жатқанын жазды.

“Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өкінішке қарай, бұл күнді өткен шақтың есесіне ысыра салу мүмкін емес. Бір ғасыр өтсе де, саяси қудалау мен репрессиялар ешқайда кетпеді. Керісінше, ол қазіргі саяси өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды, ал оның құрбандары - біздің замандастарымыз, әріптестеріміз...Осы тұйық шеңберден шыға алмауымыздың бір себебі сол тарихқа лайықты бағаның берілмеуінде деп ойлаймын. "Саяси баға беруге әлі уақыт келген жоқ", "көршінің сиқы анау", деген сияқты сылтаулармен өмір сүріп келеміз. Бірақ, сараптама мен зерттеу арқылы баға беру - қолымыздан келетін іс” деп жазды ол.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл күні барлық жазықсыз құрбандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялануы тиіс еді деп жазды.

“...Бұл — мақсатты түрде жасалған геноцидтің салдарынан болған салт-атты-көшпелі өркениеттің күйреуі еді, оның асыл сынықтарын бүгінгі күні там-тұмдап жинап, зерттеп отыру – бізге аманат. Осы тақырыпқа арналған ғылыми зерттеулер, кітаптар мен фильмдер көбейіп, тарихшылардың қатысуымен Ашаршылық құрбандары жайлы деректердің Ұлттық Қорын жасақтау жұмысын тез арада бастауымыз қажет. Қазақстанда сол кезде қаза тапқан ата-бабалары жайлы естеліктерді сақтап қалған отбасылар әлі де аз емес. Біздің міндетіміз – сол жадыны сақтап жүрген қариялардан әлі де тірі кезінде естеліктерді ауызба-ауыз жазып алып бір қорға жинақтау. Егер біз өз өткенімізге жүзбе-жүз, шынайы да батыл қарай алсақ — бұл бізге бұлыңғыр бүгінімізді де терең ұғынуға және ұрпақтарымыздың ертеңі қандай болатынын да айқын көруге жол ашуы ықтимал” деп жазды Досым Сәтпаев.

Айдар
XS
SM
MD
LG