Accessibility links

Заңның қазақша мәтіні түсініксіз, қате де бар. Кім кінәлі?


Қазақстанда заң-закон орысша жазылып, қазақ тіліне аударылады. Ал аударма сапасы сын көтермейді. Сөйлем құрылымы ауыр, жасанды, арасында мағына қатесі де кетіп жатады дейді мамандар. Нормативтік актілерді мемлекеттік тілде оқу қиын болған соң, қазақ тілінде сөйлейтін адвокаттар заңды орысша оқуға көшіп, қазақшасын қолдануға мәжбүр болғаны заң мәтінін өз бетінше тәржімалайды, бірақ мұнысы заңға қайшы.

"ТҮРКІСТАННАН ТЕРГЕУШІ АЛДЫРУ"

Қазақстандағы түрлі сот істерінде танылған адвокат Абзал Құспан мемлекеттік тілде өтетін соттарға заңдардың орыс тіліндегі нұсқасымен дайындалатынын айтады.

Абзал Құспан.
Абзал Құспан.

– Заңның мемлекеттік тілдегі баптарын орыс тіліндегі нұсқасымен салыстырып қана толық түсінемін. Себебі заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасының сөйлемі өте күрделі, – дейді ол.

Заңмен күнделік шұғылданатын адвокаттың өзі түсінбей тұрғанда, қарапайым адамның қаншалық қиналатыны айтпаса да белгілі дейді Абзал Құспан.

– Қазақстанда, әсіресе ірі қалалардағы сот процесі көбіне орыс тілінде өтеді. Өйткені заңның орысша нұсқасы түсініктірек болғандықтан, арызданушы да сол тілде шағымданады, судья мен прокурорға да солай ыңғайлы. Тіпті кейбір қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеу кезінде қазақша сөйлейтін тергеуші таппай қиналғанына куә болдым, – дейді ол.

Оның сөзінше, осыдан екі жыл бұрын атышулы қылмыстық істердің бірі тергелгенде сотталушы мен адвокаттың істі қазақ тілінде жүргізу туралы талабы зорға орындалған.

– Жемқорлыққа қарсы агенттік қылмыстық істі орыс тілінде жүргізбек болды. Біз "жауапты қазақша береміз, істі қазақ тіліне аударыңдар" деген талап қойдық. Көнбеген соң Бас прокуратураға арыздандық. Қызық болғанда Бас прокуратура да агенттік уәжіне келісе салды. Ақыры сотқа шағымданып, сот шешімімен жедел тергеу тобын таратып, істі қазақша жүргізуге қол жеткіздік, – дейді ол.

Адвокат осы кезде таңғаларлық жайтқа кез болғанын айтады. Қазақ тілінде сөйлейтін тергеушіге зәру болған агенттік қажет адамды Түркістан облысынан алдыруға мәжбүр болған. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі заң сөйлемдерінің ауырлығы құқық қорғау органдары қызметкерлерін де орыс тіліне қарай итермелейді.

"БІР СӨЙЛЕМДЕ ЖҮЗДЕН АСТАМ СӨЗ КЕЗДЕСЕДІ"

Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, мемлекеттік тілдегі заңдардың түсініксіздігі орыс тілінен аударылғанына байланысты.

– Азаматтық кодекстің, қылмыстық кодекс пен қылмыстық процестік кодекстің әлі күнге дейін қатесін шығарып келе жатырмын. Конституциядан кейін тұрған кодекстерде қате болмауы керек. Ал бұлар орысша талқыланып, қазақшаға аударылғаннан қате жиі кезігеді. Заң тілі қатаң десек те, оның да ой жеткізу тәсілі, логикасы бар. Ал аудармашының міндеті – аудару ғана. Ол заңды сөзбе-сөз аударады. Заңның негізгі табиғатын жеткізе алмайды, – дейді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, құқықтық нормативтік актілерді редакциялау, қазақ тілінің табиғатына сай нормаландыру мәселесімен айналысып жүрген Кенжетай Құрманбайұлы адвокаттың қазақ тіліндегі заң мәтіндерін түсінбейтініне таңғалмайды. Ол мұны аударма тілінің сапасымен байланыстырады.

Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Кенжетай Құрманбайұлы
Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Кенжетай Құрманбайұлы

– Орыс тілінде сөйлем "и" деген шылаумен жалғаса береді. Қазақ тіліне аударғанда "и-дің" орнына "және" деген шылауды қойып шұбалаңқы сөйлем құрай салады. Жүзден астам сөзі бар бір сөйлемде "жәненің" 11 рет қайталанғанын көрдім. Қазақ тілі мен орыс тілінің табиғаты бөлек. Қазақ тілінде сөйлем етістікпен аяқталады. Менің ойымша, орысша мәтіндегі ойды қазақ тілінде екі-үш сөйлемге бөліп, логикалық сабақтастықты сақтауға болады. Ал аудармашылар орысша қанша сөйлем болса қазақшада да сонша сөйлеммен аударады. Өйткені екі тілдегі мәтін бірдей болуы керек деген талап бар, яғни бірінші орынға құқық мәселесі шығады да, тіл кейінге қалады, – дейді ол.

Заңнан мысал

2014 жылы қабылданған Қылмыстық-процестік кодекстің 38-бабының 4-тармағы екі сөйлемнен тұрады. Соның бірінші сөйлемінде 89 сөз бар.

4) жасаған іс-әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн күдік келтiру немесе айыптау кезiнде осы Кодексте ұстап алуға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгертілген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптау бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайларда, сол сияқты соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану туралы заңсыз шешiмiнің күші жойылған жағдайда қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұстап алынған немесе күзетпен ұсталған адамның құқығы бар.

АУДАРМА НЕЛІКТЕН САПАСЫЗ?

Кенжетай Құрманбайұлының сөзінше заң түсінікті болу үшін жай аудармашы болу жеткіліксіз. Заңды әзірлейтін, қабылдайтын адамдардың өзі қазақ тілінің табиғатын, терминдерін жетік білуі тиіс. Ондай мамандар өте аз.

Мемлекеттік тілді дамыту институтының жетекшісі, лингвист Бижомарт Қапалбек те заң тілінің түсініксіздігі аударма сапасының нашарлығына байланысты екенін растайды. Бірақ оның пікірінше, мәселені тілдің табиғатына жаба салуға да болмайды. Өйткені қазір екінің бірі аудармашы бола береді, аударманың да техникасы бар екені, мамандану керек екені ескерілмейді.

Мемлекеттік тілді дамыту институтының жетекшісі, лингвист Бижомарт Қапалбек.
Мемлекеттік тілді дамыту институтының жетекшісі, лингвист Бижомарт Қапалбек.

– Көркем аударма, ауызекі тіл аудармасы, іс қағаздарының, заңдардың аудармасы, ғылыми аудармалар, публицистикалық аудармалар бізде жаңадан пайда болған сала емес. Мысалы, совет кезінде ғылыми стильді аудару жақсы жолға қойылды. Қазақ тілі мен әдебиетінен басқа оқулықтардың барлығы Мәскеуде жазылып, қазақшаға аударылды. Тілінің жатықтығы соншалық аударма екені білінбейтін. Аудармашылар мәтінді өзіне сіңіріп, сөзді емес ойды, ұғымды аударатын. Ол кезде аударма институттары, аудармашы дайындайтын факультеттер жұмыс істеді. Қазір ақша болса, аударма бюросын құрады да, болмаса жаба салады, – дейді ол.

Telegram желісіндегі "Калькасыз қазақ тілі" каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек те аудармашылардың біліктілігіне күмән келтіреді.

Telegram-дағы "Калькасыз қазақ тілі" каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек.
Telegram-дағы "Калькасыз қазақ тілі" каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек.

– "Действующий на основании устава" деген тіркес бар ғой. Соны мысалы "жарғы негізінде қызмет ететін" деп аударған. Неге ол "жарғыға сүйеніп қызмет ететін" емес? Директор жарғыдағы қызметіне сүйеніп әрекет етпей ме?! Бір ғана "құпиялық" сөзін дұрыс жаза алмайды, "құпиялылық" деп жіберген. "Три четверти" деген тіркес бар. Қазақ тілін білетін адам болса, оны "төрттен үш" деп емес, "үш ширек" деп аударар еді, – Қожабек.

Маманның сөзінше, аударма ісінде терминология жасақтау мәселесі де бар.

– Қазақ тіліндегі құқық терминдері орнықпаған. Заң саласының сөздері онсыз да ұзын болып келеді. Оған қазақ тіліндегі "-тылық", "-тілік", "-шылық", "-шілік" (мысалы, конституцияда "иемденіп кету" деген тіркес "иемденіп кетушілік" деп жазылған) жұрнақтары қосылады. Оған тағы жұрнақ жалғап, ақыр соңында сөздің өзі шұбалаңқы болып кетеді, – дейді ол.

САПАСЫЗ ЗАҢ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ӘКЕЛЕ МЕ?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ және орыс топтарына құқық пәнінен сабақ беретін Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, заңның қазақ тіліндегі нұсқасының сапасыз болуы қазақ тобында оқитын студенттерді алалайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек.

– Заң саласында қазақ тіліндегі мәтіннің кемел болмауы – қазақ тобында оқитын студенттің құқығын шектеу. Себебі орысша білетін студент орысша білмейтін студентке қарағанда белгілі бір басымдыққа ие болып тұрады. Заңның орыс тіліндегі нұсқасы жатық, бірақ ол түпнұсқаны орыс тілін білмейтін студент оқи алмайды ғой, – дейді заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек.

Мұғалім қазақ тіліндегі заңнамада кететін олқылықтарға назар аударып отыратынын, студенттерге заң мәтінін түзетіп барып беретінін, мұның заңға қайшы екенін айтады.

– Дәріс беру барысында студенттерге қазақ тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіп барып береміз де, бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Бірақ мұны тиімді шара деп айту қиын, себебі біз заңды өзгерте алмаймыз. Бұл шын мәнінде заң бұзу деп саналады. Бірақ амалымыз жоқ. Ресми түрде жарияланған нұсқа неге қате болуы керек? Бұл маған логикалық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да және белгілі бір дәрежеде дискриминациялық тұрғыдан да түсініксіз нәрсе, – дейді ол.

Заң саласындағы ресми мәтінді өз ыңғайына қарай түзетіп алатын жалғыз құқық мұғалімдері емес. Филолог Назгүл Қожабек көрсетілген қызмет актілерінің үкімет бекіткен нұсқасын редакциялап алғанын айтады.

– Көрсетілген қызмет актілері деген бар. Мәтін сапасы сын көтермейді. Біз соны қалыпқа келтіріп алып қолданып жүрміз. Ертең осы акті бойынша дау туа қалса, біздің редакциялап алған нұсқамыздың заң күші жоқ, – дейді ол.

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР

Орысша жазылған заңдар қазақ тіліне кейде қатемен аударылып жатады. Солардың бірі және бірегейі – конституция. Филолог Назгүл Қожабек бас заңның орыс тілінен аударылғанын айтады.

– Конституцияның орыс тілінен аударылғанын жұрттың бәрі біледі. Қазақ және орыс тілдеріндегі мәтінді салыстырсаңыз, аударма екені анық көрініп тұр. Оны кез келген экспертиза дәлелдей алады, – дейді ол.

Кезінде осы ата заңның аудармасынан біршама қателік табылған. Мәселен, конституциядағы 61-баптың 7-тармағындағы "Голосование по этому вопросу проводится не ранее чем через сорок восемь часов с момента постановки вопроса о доверии" деген сөйлем ұзақ уақыт бойы "Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім білдіру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі" деп тұрған.

Орысшасындағы "не ранее" сөзі "кешіктірілмей" деп жазылып, кері мағына берген. Бұл олқылық 2007 жылғы 21 мамырдағы өзгертулер кезінде "қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді" деп түзетілген.

Азаттық конституцияның қазіргі мәтінен де бір қате тапты. Заңның 47-бабы 2-тармағында президентке айып тағып, тергеу жүргізу жайы қамтылған. Орыс тіліндегі нұсқасында "Окончательное решение по данному вопросу принимается на совместном заседании Палат Парламента большинством не менее трех четвертей от общего числа голосов депутатов каждой из Палат..." деп жазылған.

Ал қазақ тілінде осы жері "Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім .... әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады" деп жазылған.

Қысқаша айтқанда, орысшасында депутаттардың жалпы дауысының төрттен үші десе, қазақшасында депутаттардың жалпы санының төрттен үші деп тұр. Бұл екеуі екі бөлек ұғым. Қазақстанда қос палата депутаттарының жалпы саны 156 (мәжілісте 107, сенатта 49). Бірақ дауыс беруге олардың бәрі бірдей қатыса бермеуі ықтимал. Біреуінің денсаулық мәселесі, біреуінде басқа жағдайы болуы мүмкін.

– Құдай басқа салмасын, бірақ заңдағы дәл осы жағдай өмірде бола қалса, үлкен мәселе туады, – дейді заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек.

Маман заңдағы осындай қателіктерге депутаттардың жауапты екенін айтады.

– Заңды ұсынып отырған үкімет дейік. Үкімет көп нәрсеге кінәлі дейік. Бірақ осы заң шығарушы орган бізде үкімет емес қой?! – дейді ол. – Ең жоғарғы заң шығарушы орган – парламент. Заңды басынан аяғына дейін оқып шығып, оның олқылықтарын көрсетіп, заңды қайтарып жіберу мүмкіндігі әрқашан депутаттардың қолында. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстан парламентінің депутаттары өкінішке қарай сапасыз аударманы кері қайтармай, сол күйі қабылдап отыр. Бұл парламент не орыстілді, не ісіне салғырт қарайды деген сөз.

Қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық оқушы Кэмерон
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

ПАРЛАМЕНТ НЕ ДЕЙДІ?

Мәжіліс құрамындағы жаңа депутат Жанарбек Әшімжан жұмыс топтарындағы талқылау негізінен орысша жүретінін айтып, аудармада қате кездесетінін мойындап отыр.

– Заңның қазақша нұсқаларының сөйлем құрылысында, логикасында қате кездесетіні рас. Үкімет ұсынған заң жобалары негізінен орысша дайындалатын болса керек. Парламенттің заңнама бөлімі сол заңдарды редакциялап, өңдеумен шұғылданады. Парламентте заң екі тілде: қазақ және орыс тілінде қабылданады, бірақ жұмыс топтарындағы талқылау негізінен орыс тілінде жүреді. Парламентте қазір "Көрнекі ақпарат құралдары туралы" заң жобасы бастан-аяқ қазақ тілінде талқылынып келе жатыр. Өкінішке қарай, парламент те, үкімет те орысшаға бейім, – дейді ол.

Парламент мәжілісі аппаратының редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы заңның мемлекеттік тілде қабылданбауы мен сапасыз аударма, терминологиялық бірізділіктің жоқтығы қазақ тіліндегі заңдарды күрделендіре түседі деп санайды.

– Нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, парламентке дейін осы жобалардың сол тілдегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, жұмыс топтарында да жобамен жұмыстың негізінен орыс тілінде жүргізілуі, ұлттық заңнама тілі мен терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байлануы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отыр. Тиісті сала маманының, заңгердің тезінен өтпеген ұлттық термин кейінгі қолданылу жағдайы болжанбай, жалғыз аудармашының ой-өрісіне байланып, бір қайнауы ішінде кетеді, – дейді ол.

Дәуітәлі Омашұлы нормативтік құқықтық актілер жобасын әзірлеуге мұрындық болып, оны құқықтық сараптамадан өткізетін Әділет министрлігінің өзінде кәсіби аудармашы маман бар екеніне күмән келтіреді. Оның сөзінше "егер заңды мемлекеттік тілде жазуға көше бастасақ, бұл істі осы министрліктен бастау керек, өйткені заң жобасы қай салада әзірленсе де заңның табиғатын, заң нормасын, заңи техниканы қадағалайтын Әділет министрлігінен өтеді.

"Қазақстан Республикасындағы норма шығармашылығы қызметінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан үкіметінің 2019 жылғы қаулысы бойынша Әділет министрлігі заң актісі жобаларына ғылыми лингвистикалық сараптаманы қамтамасыз ететін уәкілетті ұйым саналады.

ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Біз Әділет министрлігіне хат жазып, заң жобалары парламентке дейін тек орыс тілінде ғана талқылана ма деген сұрақты қойып көрдік.

Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры Арман Кенжеғалиев ғылыми лингвистикалық сараптама мақсаты – қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің түпнұсқаларының бірдейлігін тексеру, аударманың мағыналық мазмұнын дәл белгілеу, мәтін тілі мен стилін қазіргі қазақ тілінің нормаларына сәйкес келтіру, заңнамада қолданылатын терминдердің бірізділігін сақтау екенін айтты, бірақ оның қалай орындалып жатқаны жайлы тіс жармады.

Оның сөзінше, Әділет министрлігі заң жобаларындағы редакциялық, орфографиялық және өзге де қателіктерді жою бойынша әзірлеуші-мемлекеттік органға ескерту бере алады. Бірақ заңға ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу үшін 15 жұмыс күні беріледі. Осы уақытта заң жобасын егжей-тегжейлі қарап, заңды әзірлеуші мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жібереді.

Алайда Құқықтық актілер туралы заңның 60-бабында бұл ескертулердің заң күші жоқтығы көрсетілген. Демек заңды әзірлеуші органдар Әділет министрлігінің ескертпелерін жүзеге асырмаса да жауапқа тартылмайды.

Қазақстан конституциясы бойынша, заң жобаларын мәжіліске ұсынатын үш субъектінің бірі – Парламент депутаттары. Қазірге дейін "Көші-қон туралы" және "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" деп аталатын екі заң ғана мемлекеттік тілде қабылданған. Үкімет те, парламент депутаттары да қазақ тілінде басқа заң жобаларын ұсынбаған.

"Тіл туралы" заңның 4-бабында "Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі" деп көрсетілген.

Лингвист Бижомарт Қапалбек заң қазақша әзірленіп, қабылданатын болса қазіргідей аударма жасап әуре болмас едік деп санайды. Бірақ ол үшін заңды әзірлейтін сала министрліктерінің қызметкерлері мен парламент депутаттары қазақша жетік білуі керек. Лингвист бұған үлкен күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG