Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты ұзақ жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов БҰҰ-ға шағым жазды. Шағымның көшірмесімен танысып шыққан Түркімен Хельсинки қоры одан үзінді жариялады.
Қарақалпақ тілінде қолмен жазылған екі бетте Тәжімұратов түрмедегі ауыр жағдай мен күш қолдану жағдайларын баяндады. Тұтқынның айтуынша, 20 шаршы метрлік камерада сегіз тұтқын бар. Оның жетеуі – түрме әкімшілігіне ақпарат беретіндер деді Тәжімұратов.
«21 ғасырда мені еденсіз камерада ұстап отыр. Моншаға бармағаныма 60 күн болды, дәретханада жуынамын. Тіпті Робинзон Крузо да менен жақсы өмір сүрген шығар. Қалам мен қағазды аптасына екі рет береді» деп жазды Тәжімұратов.
Оның айтуына қарағанда, Науаи облысындағы түрмеден Бұхарадағы түзеу колониясына ауыстыру да жағдайды өзгертпеген. Тәжімұратовтың айтуынша, оны саппен ән және әнұран айтуға мәжбүрлейді, бірақ ол одан бас тартады. Тұтқын 8 шілдеде түрме қызметкерлерінің өзін ұрып-соққанын айтты: «Мені ұрып-соғып, «өзбекпін» деп айт деп талап етті». Автордың жазуынша, ұрып-соққаннан кейін «бір апта бойы қансырап жүрген».
Үндеуін аяқтай келе белсенді анасы мен туыстарын бұл мәселелерге араластырғысы келмейтінін, сондықтан хатты заңсыз жолмен жіберетінін айтты. БҰҰ-ға қайырылған Дәулетмұрат Тәжімұратов Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Нельсон Мандела ережелері (тұтқындарға қатысты халықаралық ең төменгі стандарттар) кепілдік беретін қорғауға зәру екенін жазады. Дәулетмұрат БҰҰ-ға жазған хатын былай аяқтайды: «Жығылған адамды таптаудан қорғаңыздар, көмектесіңіздер, өтінемін»
Тәжімұратовтың хатын алған халықаралық Human Rights Watch ұйымы 1 қазанда Өзбекстан билігін «қамаудағы қарақалпақ белсендісі мен адвокатының қауіпсіздігі мен жағдайын дереу қамтамасыз етуге және оны қамаудан босатуға» шақырды.
"Дәулетмұрат Тәжімұратовты азаптау мен қорлау тоқтатылуы керек», - деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон. «Тәжімұратов мүлде түрмеде отырмауы керек еді, бірақ әлі қамаула отыр, Өзбекстан билігі оны адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынас пен азаптаудан қорғауы керек".
HRW өкілдері Өзбекстанның халықаралық әріптестері, оның ішінде Ташкенттегі БҰҰ кеңсесі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер, Еуроодақ делегациясы және Өзбекстандағы басқа да дипломатиялық миссиялар Тәжімұратовтың түрмедегі жағдайы мен тағдырына дереу алаңдаушылық білдіруі керек. Олар сонымен бірге Өзбекстанды БҰҰ жұмыс тобының шешімін орындап, Тәжімұратовты босатуға шақыруы керек деді.
"Өзбекстанның пенитенциарлық жүйесінің басшылығы түрмелердегі адам құқығының бұзылуына, оның ішінде Дәулетмұрат Тәжімұратовқа жасалған адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа өздері жауапты екенін мойындауы керек" дейді Уильямсон. "Өзбекстанның халықаралық әріптестері билікке халықаралық құқықты бұза отырып жасалған Тәжімұратовқа жасалған қатыгез қарым-қатынастың дереу тоқтатылуына ықпал етіп, оны түрмеден босатуды талап етуі керек"
Ресми Ташкент бұл үндеулерге реакция білдірмеді. Өзбекстан билігі бұған дейін Тәжімұратовтың құқығы бұзылғанын, азапталғанын да жоққа шығарған.
- Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов — 2022 жылы шілдеде Конституцияға енгізілмек болған түзетулерге қарсы Қарақалпақстандағы наразылық қозғалысының жетекшілерінің бірі.
- 2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты Дәулетмұрат Тәжімұратовты "конституциялық құрылымды құлатуға талпыну", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас еркіндігінен айырды.
- Халықаралық ұйымдар бұған дейін Тәжімұратовтың тағдырына бірнеше рет алаңдаушылық білдірген. 2024 жылы қараша айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы (Working Group on Arbitrary Detention) Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісін қарап, белсенді заңсыз ұсталған деп таныған. Өзбекстан билігінен оны босатып, өтемақы төлеуді, азаптауды зерттеуді талап еткен.
- Түрмеде отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың азаптауға ұшырағаны туралы мәлімдемелерін, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оны дереу қамаудан босатуға үндеген талаптарын Өзбекстан билігі елеусіз қалдырған.
- Биыл мамырда Дәулетмұрат Тәжімұратовқа қосымша жаза тағайындалғаны белгілі болды. «Мекеменің шырқын бұзды» деп айыпталған Тәжімұратов 5 жылға бас бостандығынан айырылды және "ерекше қауіпті қылмыскер" деп танылды. Сот үкімімен қатаң режимдегі колонияға жіберіледі.