Accessibility links

Қарағандыда әлеуметтік желіде қазақтар мен мұсылмандарды қорлаған әйелге үкім шықты


Ұлтаралық және діни араздық қоздырғаны үшін айыпты деп танылған Алика Мұхамадиеваның суретінен коллаж
Ұлтаралық және діни араздық қоздырғаны үшін айыпты деп танылған Алика Мұхамадиеваның суретінен коллаж

3 қараша, дүйсенбі күні Қарағанды қаласының соты 22 жастағы жергілікті кәсіпкер Алика Мұхамадиеваны ұлтаралық және діни араздықты қоздырғаны үшін айыпты деп танып, оны 3,5 жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Мұндай ақпаратты Қазақстанның Бас прокуратурасы жариялады.

"Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырды.

Бұған дейін прокурор соттан айыпталушыға 4,5 жыл түрме жазасын тағайындап, оның баласы кәмелет жасына жетпегендіктен жаза өтеу шарасын 4 жылға кейінге қалдыруды сұраған еді.

Алика Мұхамадиева Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандардың намысын қорлайтын пікірлер жариялағаннан кейін көпшіліктің назарына ілініп, басы дауға қалды.

Даулы пікірлерге жасалған сараптама Мұхамадиеваның жазбалары діни және ұлтаралық араздық қоздыру сипатында деген қорытынды шығарған.

Оның жазбалары қоғамда жаппай резонанс тудырғаннан кейін Мұхамадиева елден қашып кетуге талпынған, бірақ екі күннен соң ұсталған еді.

Ол ұсталғанға дейін Қытайдан тауар жеткізу қызметін көрсететін шағын бизнеспен айналысқан. Шілде айынан бері қамауда отырған Алика Мұхамадиеваны сотқа айдауылдар жеткізді.

Ұсталар алдында ол бейнеролик жариялап, өз қылығы үшін кешірім сұраған. "Мен өте ұятқа қалдым, қоғамнан және өзім ренжіткен барша жұрттан кешірім сұраймын", – деген еді ол.

Алайда Алика Мұхамадиеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол жауапқа тартылды.

XS
SM
MD
LG