Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

14:44 28.2.2022

Украина қорғаныс министрлігі соғыстың алғашқы төрт күні бес мыңнан аса ресейлік әскери қаза тапты деп мәлімдеді.

Facebook желісіне жарияланған ресми мәлімдемеде 5300 ресейлік әскери өліп, 191 танк, 29 әскери ұшақ, 29 тікұшақ, 816 бронетехника жойылды деп жазылған.

Украина тарабы таратқан статистиканы соғыс жағдайында тексеру мүмкін емес.

Ресей қорғаныс министрлігі 27 ақпанда алғаш рет соғыста әскерилері қаза болғанын мойындаған. Бірақ Мәскеу нақты қанша адам қаза тапқанын айтпады.

14:50 28.2.2022

Қазақстанның Украинадағы елшісі: Азаматтарымыз мінген тағы екі автобус Польшаға жетті

Қазақстан азаматтары мінген тағы да екі автобус Украина-Польша шекарасынан өтті. Бұл жөнінде Азаттыққа Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев айтты.

Елшінің сөзінше, Польша шекарасынан өткен автобустардың бірі Катовице қаласындағы әуежайға жеткен.

- Автобустар шекарада 18-20 сағаттан астам тұрды. Украинаға оқ-дәрі мен қару-жарақ әкелгенде шекара 7-8 сағатқа жабылады. Қазір екі автобус шекарадан өтіп, әуежайға кетіп барады, - деді Дархан Қалетаев.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да Катовице қаласынан Атырауға бірінші рейс ұшады. Оның 167 жолаушысы тіркеліп қойған. Бұл Украинадан Қазақстанға эвакуацияланатын Қазақстан азаматтарының алғашқы легі.

Елшінің сөзінше, қалған рейстер Қазақстан азаматтарының Польша шекарасынан өткеніне қарай болады.

- Мынанша адам жиналды, рейс жіберіңіздер деп хабарлаймыз. Киевте автобус әзірлейміз. Сағат 10-ға қарай 50-ге жуық адам шығуға тиіс. Бірнеше тұстан атыс дауысы естілгенімен, жалпы тыныш. Әуе дабылы болғанда жертөлеге түсіп, сонда қонамыз,-дейді Дархан Қалетаев.

Қалетаевтың мәліметінше, Львовта Қазақстанның 50-60 азаматы бар. Эвакуация басталғалы 657 адамнан эвакуациялау туралы өтініш түскен. Кей азаматтар өтініш толтырмай-ақ эвакуацияланып жатыр.

"Олар да біздің азаматтарымыз жиналатын жерге келіп жатыр. Өз мәшинесімен Еуропаға кеткендер де кездеседі. Жағдай шиеленісіп жатса, Украинадағы қазақ диаспорасы жөнінде ойлану керек. Ұрыс қимылдары жүріп жатқан қалалардан шығарып әкетуге мүмкіндік бар. Бірақ атыс астында қала ма деп қауіптенеміз" - дейді Қалетаев.

Елшінің сөзінше, Қазақстаннан елшілік қызметіне "қайтыңдар" деген тапсырма түспеген. Бұған дейін елшіліктің Киевтегі бес, Львовтағы үш техникалық қызметкері отбасыларымен қайтқан.

Украинадан Польшаға эвакуацияланған азаматтарды Қазақстанға жеткізу үшін "Эйр Астана" әуе компаниясының алғашқы КС 2203 рейсі бүгін, 28 ақпанда Атырау қаласынан Польшаның Катовице қаласына ұшып кеткен еді.

15:00 28.2.2022

422 мың адам Украинадан шетелге қашты - БҰҰ

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігінің есебінше, соғыс басталғалы Украинадан 422 мың адам көрші елдерге қашқан. Ұйым адамдардың көбі соғысқа байланысты елден босып кетіп жатыр деп мәлімдеді.

15:09 28.2.2022

Доллар 495 теңгеге жетті

Қазақстан қор биржасының күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 495 теңге болды. Сенбі-жексенбі бір доллар 467,09 теңге еді. Дүйсенбі доллар құны бірден 28,34 теңгеге қымбаттап кетті.

Таңертең Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындары доллар саудасын тоқтатқан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG