Accessibility links

Қазақстандағы мұнай бизнесі мен адам құқығы


Өзіне сот үкімі шыққан соң оппозициялық журналист Гузял Байдалинова (сол жақта) сіңлісі Альмираны жұбатып тұр. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.
Өзіне сот үкімі шыққан соң оппозициялық журналист Гузял Байдалинова (сол жақта) сіңлісі Альмираны жұбатып тұр. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Малайзияда жарияланған хабарда Қазақстандағы бизнес-климатқа жоғары баға берілген. Батыс басылымдары Қазақстанда баспасөз бостандығы мен азаматтардың діни сенім құқығы әлі бұзылып отырғаны жайлы тағы жазған.

МАЛАЙЗИЯ БИЗНЕСМЕНІ АСТАНАНЫ МАҚТАЙДЫ

Малайзияда шығатын Star веб-сайты Астанадан таратқан хабарламасында осы аптада өткен экономикалық форум жайлы әңгімелеген. Халықаралық жиынға көптеген елдердің бизнес-менеджерлері мен ресми тұлғалары қатысқан. Star веб-сайтының хабарлауынша, Малайзияның Reach Energy Bhd мұнай-газ компаниясы жыл аяғына қарай Қазақстанда игеру жұмыстарын бастағысы келеді.

Ертеректе Reach Energy Bhd компаниясы Қазақстанда еншілес кәсіпорны мұнай бизнесімен айналысатын Palaeontol BV компаниясының 60 пайыз акциясын сатып алу ниеті жайлы Малайзия билігіне хабарлаған болатын. Компания акцияларды Гонконгта тіркелген MIE Holdings компаниясынан сатып алуы мүмкін деген болжам бар. Қазақстанда Palaeontol BV компаниясының еншілес құрылымы Emir-Oil компаниясы жұмыс істейді. Компания Ақсаз, Долинное, Кариман және Әмір деген төрт кеніште бизнес жүргізбек. Мәміле сомасы 154,9 миллион доллар деп көрсетілген.

Астана экономикалық форумында сөйлеген Reach Energy Bhd компаниясының басқарушы директоры Шахул Хамид Мод Қазақстандағы инвестициялық климатқа жоғары баға берді. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан үкіметі шетелдік компанияларға жайлы жағдай жасаған әрі «мұнай мен газ саласынан бөлек, қызмет көрсету, инфрақұрылымдар мен білім салаларына да инвестиция салуға әлеуеті зор» малайзиялық компанияларға кеңпейілділік танытып отыр.

Бірақ халықаралық құқық қорғау және рейтингтік ұйымдар парақорлық жайлаған Қазақстандағы коррупция деңгейін сынайды.

«ЖАЗАЛАУШЫ ЗАҢДАР»

Ұлыбританияның Guardian газетінде жарияланған «Қазақстан «жалған ақпарат таратқаны» үшін интернет-редакторды түрмеге жапты» деген мақалада оппозициялық Nakanune.kz веб-сайтының журналисі Гузял Байдалиноваға шыққан үкім жайлы айтылған. Ол елдегі ең ірі банктердің бірі – Қазкоммерцбанк туралы «қасақана жалған ақпарат таратқаны» үшін 18 айға түрмеге кесілген. Guardian Гузял Байдалинова «Қазақстандағы құқық қорғаушылар тәуелсіз журналистиканы тұншықтыру үшін қабылданған деп білетін жала жабу туралы жазалаушы заңдардан бұрын да зардап шеккен» деп жазады басылым.

Оппозициялық Nakanune.kz сайты журналисі Юлия Козлованың (оң жақта) ісі бойынша соттағы куәгерден жауап алу сәті. Алматы, 18 ақпан 2016 жыл.
Оппозициялық Nakanune.kz сайты журналисі Юлия Козлованың (оң жақта) ісі бойынша соттағы куәгерден жауап алу сәті. Алматы, 18 ақпан 2016 жыл.

Астананың АҚШ-та жалдаған заңгерлері Facebook компаниясын жоғары лауазымды шенеуніктердің құпия электронды хаттарындағы «ұшан-теңіз ақпараттың» оппозициялық «Республика» газетінде тарап кетуіне кім жол бергенін ашуға мәжбүрлеуге тырысқанымен, ол әрекеттен тұшымды нәтиже шықпай отыр» дейді Guardian.

Бұдан бөлек, Жаңа Зеландия соты Megа компаниясына қарсы Қазақстан үкіметі заңгерлерінің талап-арызы бойынша жуырда шешім қабылдағаны хабарланған. 2014 жылы белгісіз хакерлер Қазақстан үкіметіне тиесілі құжаттарды компания серверлеріне жүктеген болатын. Жаңа Зеландия соты интернетте серверлері бар Megа компаниясын баспасөзде тарап кеткен әлгі алыс-беріс хаттарды жүктегендердің ІР адрестерін, электронды пошталарын, байланыс деректерін, есеп-шоттары мен төлемдік ақпараттарды ашуға міндеттеген.

«Новая жизнь» шіркеуіне жиналған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.
«Новая жизнь» шіркеуіне жиналған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.

Ал Американың Christian Daily газеті Пасха мерекесі кезінде Қазақстандағы кей протестант шіркеулеріне жүргізілген рейдтер жайлы хабарлаған. «Religious Freedom and Business Foundation қорының [Қазақстан бойынша] сарапшысы Кевин Уайттың айтуынша, биліктің елдегі христиандарға жасап жатқан қысымы президент Назарбаевтың протестанттар қауымы жайлы жағымды комментарийлеріне мүлде үйлеспейді. Уайттың пікірінше, бұл жайттар өзін Батысқа еркін әрі толерантты ел ретінде көрсетуге тырысатын Қазақстанның имиджіне кесірін тигізеді. Ол елдегі дін еркіндігін қамтамасыз етуге арналған науқандар нәтижесінде қол жеткен прогрестен кейін шіркеулерге рейдтер жүргізу мен толассыз қудалауларды масқарашылық деп атайды» деп жазады америкалық газет.

XS
SM
MD
LG