Accessibility links

Астананың халықаралық беделіне қаланған «тағы бір кірпіш»


Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун. Нью-Йорк. 4 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун. Нью-Йорк. 4 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Шетелдік басылымдар БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүшелік етудің пайдасы шамалы, бірақ Қазақстан оған «үлкен мән» береді деп жазады.

Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұңғыш рет тұрақты емес мүшесіне сайланды әрі бұл міндетті атқаруға 2017 жылдың 1 қаңтарынан кіріседі. Бұл шешім 28 маусым - сейсенбі күні БҰҰ бас ассамблеясында дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Азиядан тіркелген кандидат елдер арасында дауыс берудің екінші кезеңінде берілген 193 дауыстың 138-іне Қазақстан ие болып, Таиландтан озды. Қазақстан – Орталық Азияда мұндай құрметке ие болған алғашқы ел.

Оңтүстік Африканың Times Live газетінің хабарлауынша, қауіпсіздік кеңесіне Қазақстаннан бөлек Боливия, Эфиопия және Швеция елдері кірген. Үшеуі де дауыс берудің алғашқы кезеңінде сайланды. Қауіпсіздік кеңесіне Батыс Еуропадан бесінші мүшені сайлаған үш кезеңде Нидерланд пен Италия арасында дауыс тең бөлінген. Кейінірек Австралияның Weekly Times Now газеті ақыры Италия жеңгенін, бірақ екі ел арасында бекітілген келісім бойынша Италия бұл орынды бір жыл ғана иеленіп, кейін Нидерландқа беруі тиіс деп хабарлайды.

Жапонияда шығатын Diplomat газеті Қазақстанның жеңісіне қатысты комментарийінде Қазақстан халықаралық деңгейде жетекші ел ретінде танылуға талайдан бері тырысып келеді, сондықтан қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі рөлі «бұл жолда қаланған тағы бір кірпішке» айналды деп жазады. Газет Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың өткен аптада The Hill газетінде жарияланған мақаласын талдаған. «…Ыдырысов әдеттегі ақпаратты қайталап, Қазақстанды ядролық қаруды таратпау жөнінде мүлтіксіз мандаты бар, әлемдегі шиеленістерді шешуге бар күш-жігерін салатын әрі көпұлтты, мәдени алуандылық пен дінаралық үйлесімді қолдайтын ел ретінде таныстырды. Бұл дәйектерге (біріншісінен өзге) қатысты дау айтуға болады» деп жазады Diplomat.

Мысалы, Украина мен Қырғызстандағы шиеленістерді реттеудегі Қазақстанның рөлі жайлы жапон газеті украиналық жанжалдың «жуық арада шешілетін түрі байқалмайды әрі Қазақстанның екі тараптың әрекетіне қатысты ықпалы әлі түсініксіз», ал Қырғызстандағы 2010 жылғы оқиғалар «қызық көрінгенімен, Астананың бітімгерлік қабілетін онша танытпады» деп жазады.

АҚШ-тың халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясының (USCIRF) 2016 жылғы баяндамасына сілтеме жасаған мақала авторлары діни үйлесімділік ахуалына қатысты да күмәнданған. «Бұл қос тармақ – шиеленістерді реттеу мен діни үйлесімділік бойынша Қазақстандағы нақты жағдай мен Астана Қазақстаннан тысқары жерлерде мәлімдейтін жағдай арасында көп айырмашылық бар» деп жазады Diplomat басылымы.

Жапон газетінде жарияланған мақала авторы БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелік орыннан онша пайда жоқ, бірақ Қазақстан үшін бұл орынның символдық мәні бар деп есептейді. «Астана әлемдік мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданатын бөлмеге кіруге баяғыдан талаптанып келе жатыр, ақыры дегеніне жетті» деп жазады Diplomat.

Нью-Йоркте орналасқан Eurasianet жаңалықтар сайты Астананың жеңісіне қатысты комментарийінде «ірі дипломатиялық ойыншыға айналғысы келетін Астана халықаралақ сахнада бұлай танылуға үлкен мән береді» деп жазады.

Сайтта бұдан біршама уақыт бұрын, яғни 2010 жылы Қазақстан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құрметі бұйырған алғашқы постсоветтік елге айналып, дипломатиялық назарға іліккенін ескертеді. Бұған қоса, сайт 2011-2012 жылдары Қазақтан Орталық Азия елдері арасында Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткен алғашқы елге айналғаны жайлы жазған.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне вето қою құқығы бар тұрақты мүше бес ел – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция және тұрақты емес мүше 10 ел кіреді. Өзге тұрақты емес мүшелер қатарында Египет, Жапония, Сенегал, Украина және Уругвай бар.

XS
SM
MD
LG