Accessibility links

Өзбекстанда халық газ жетпегендіктен көмір, ағаш пен тезек жағып отыр


Тамақ дайындау үшін ошаққа көмір салып жатқан ер адам.
Тамақ дайындау үшін ошаққа көмір салып жатқан ер адам.

Газға бай Өзбекстанда энергия тапшылығынан халық үйін жылыту үшін көмір жағып, отынға ағаш кесіп жатыр. Сарапшылар ауа ластанып, қоршаған ортаға зиян келіп жатқанын айтады. Бірақ Өзбекстан үкіметі қазіргіден де көп көмір жағуды жоспарлап отыр.

2021 жылы Өзбекстанның энергетика министрі елде ішкі сұраныстан үш есе көп табиғи газ өндіріледі деген.

Бірақ шын мәнінде кейінгі 5 жылда газға бай Өзбекстанда газ өндірісі азайып келеді: халықтың көбі тамақ істеп, үй жылыту үшін көмір, ағаш пен қи тезек жағады. Жарық беретін электр станцияларының көбі көмірмен жұмыс істейді.

Сарапшылар мен белсенділер қоршаған ортаға зиян келіп жатыр деп дабыл қақты. Көмірқышқыл газын ең көп шығаратын пайдалы қазба түрі — көмір адамның кесірінен болатын климаттық өзгерістер мен мыңдаған ағаштың заңсыз кесілуіне әсер етуші бірден-бір фактор.

Азаматтар үкімет мәселені шешетін басқа балама ұсына алмай отыр деп айыптайды.

Бұл мәселе жыл сайын қыста ушығады. Өйткені суық мезгілде газ тапшылығынан электр энергиясына сұраныс күрт артады.

“Қарашаның соңынан бастап суық болды. Газ ауылда ғана емес, қалада да жетпейді”, — дейді елдің шығысындағы Ферғана қаласында тұратын белсенді Әбдісалам Ерғашев.

“Өзім тұратын қаланың орталығында қыста [құбырдағы] газдың қысымы азайып кететіні соншалық, пеш жылымайды. Амалы болмаған соң, халық көмір, қи тезек — қолына түскеннің бәрін жағады, тіпті жеміс ағаштарына дейін кесіп жатыр”, — дейді Ерғашев.

Көмір сататын орын
Көмір сататын орын

Заңсыз ағаш кесу көбейіп кеткендіктен, мемлекет бұл қылмыс үшін жазаны қатаңдатты. Ақпанда күшіне енген заң бойынша, заңсыз ағаш кескені үшін кінәлі деп танылған азаматтарға 17 миллион сомға дейін (1300 доллар) айыппұл салынады. Мемлекеттік қызметкерлер, компаниялар мен басқа да ұйымдарға салынатын айыппұл көлемі бұдан да жоғары.

Заң бұзғандар заңсыз кескен әр ағашы үшін 100 көшет отырғызуы керек.

Өзбектердің көбі, әсіресе, қаладан шет тұратындар қысқа бірнеше ай бұрын дайындалады. Ағаш жинап, малдың қиынан тезек жасап, көмір түсіреді. Кей үйлер тіпті, жаңғақтың қабығы мен жеміс сүйегін де жағады.

Орташа есеппен алғанда, ауылдағы бір отбасы қыста ағаш, мақтаның сабағы, қи тезек пен басқа да отын түрлерінен бөлек, 1,5 тонна көмір тұтынады.

Құбырдан шыққан көк түтін қоршаған ортаға ғана зиян келтіріп жатқан жоқ.

“Ферғанада келе жатқанымда, терезе жабық тұрғанның өзінде көлікте лас ауадан тұншығып қала жаздадық. Бұл Ферғанада ғана болып жатқан жоқ. Елдің 90 пайызындағы жағдай — осы. Бұл қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зардабын тигізіп жатыр”, — дейді танымал видеоблогер Акмал Исамиддинов.

Тезек толы арба жанынан өтіп бара жатқан ер адам.
Тезек толы арба жанынан өтіп бара жатқан ер адам.

КӨМІР ПАТШАСЫ МА?

Жағдай жақын арада шешілмеуі мүмкін.

Өзбекстанда 1,8 триллион куб метр табиғи газ қоры бар. Осы қормен 36,4 миллион халық тұратын Өзбекстан әлемдегі газды ең көп өндіретін жиырма мемлекеттің қатарына кіреді.

Бұрыннан игеріліп келе жатқан кен орындары сарқылып, бұрғылау қиындап бара жатыр. Үкімет газ өндірісіне жаңа технологиялар керегін айтады.

Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың алғашқы 10 айында Өзбекстан 39 миллиард м3 газ өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 4,8 пайызға аз.

2018 жылы Өзбекстанда 61,6 миллиард м3 газ өндірілген. 2023 жылы өндіріс көлемі 46,7 миллиард м3 дейін төмендеп, бес жылда 24 пайызға азайған.

Өзбекстан өндірісті 33 пайызға арттырып, 2030 жылға қарай 62 млрд м3 (2018 жылғы көрсеткіштен сәл жоғары) жеткізуді жоспарлаған.

Соған қарамастан, үкімет халықты көбірек көмір жағуға итермелеп отыр.

Көмір тиелген көлік
Көмір тиелген көлік

Өзбекстандық ақпарат құралдарының дерегінше, 2023 жылы Өзбекстан билігі мыңдаған мемлекеттік мектеп, балабақшалар мен медициналық мекемелерге табиғи газдан көмірге өтуді тапсырған.

Үкімет деректеріне сүйенсек, газ өндірісі азайған сайын көмір өндірісі артқан. Жылдық өндіріс көлемі 2016 жылғы 4 миллион тоннадан 2023 жылғы 6,5 миллион тоннаға дейін өскен.

Өзбекстан 2025 жылы көмір өндірісін 10 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Климаттың өзгеруі жайлы ескертулерге келсек, Өзбекстан үкіметі жасыл энергия көздеріне инвестиция құйып, электромобильдерге субсидия енгізіп, ауаны тазарту үшін 200 миллион ағаш отырғызу бойынша жалпыұлттық науқан бастағанын айтады.

XS
SM
MD
LG