23 қыркүйекте Нью-Йоркте басталған БҰҰ Бас Ассамблеясының (БА БҰҰ) 80-сессиясында Орталық Азия елдерінің басшылары – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов – әлемге өңірді тек "Шығыс пен Батыс арасындағы көпір" ғана емес, сонымен қатар әлемдік саясаттағы дербес ойыншы болуға ұмтылған аймақ ретінде таныстырды.
Олар сөзінде бейбітшілікті нығайту, БҰҰ реформасын қолдау, климаттың өзгеруімен күрес, ішкі жаңғыруды ілгерілету сияқты ортақ тақырыптарды қозғады. Әсіресе, бұрын шекаралық қақтығыстардан зардап шеккен аймақ бүгінде өзін әлемдегі ең бейбіт өңірлердің бірі ретінде көрсетуге тырысады.
Дегенмен, негізгі мәселелер бойынша ауызбірлік байқалғанымен, олардың риторикасында айырмашылықтар да болды, әсіресе бұл санкциялар мен Батыспен қарым-қатынас жайлы сөз болғанда айқынырақ білінді.
Бейбітшілік, интеграция және БҰҰ реформасы
БҰҰ сессиясында Орталық Азия тұрақтылыққа ұмтылған біртұтас аймақ ретінде көрінді. Өңірдегі бес елдің де басшылары әлемдік тәртіпті сақтаудағы БҰҰ-ның шешуші рөлін қуаттады.
Тәжікстан мен Қазақстан президенттері – Эмомали Рахмон және Қасым-Жомарт Тоқаев – Қауіпсіздік Кеңесін реформалап, дамушы елдердің өкілдігін кеңейту қажеттігін айтты.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров: "Күшті БҰҰ болмаса, әлем бейберекет жағдайға түседі" деді. Ол сөзін ерекше бастады: дипломаттар өзіне "халықаралық дипломатиялық жағдайды ескеретін сыпайы мәтін" дайындағанын, бірақ өзі "елінің қарапайым азаматы ретінде шынайы пікірін ашық білдіруді" жөн көргенін айтты.
Президенттер сөзіндегі негізгі тақырыптың бірі аймақ интеграциясына арналды.
– Жабық шекаралар, шешілмеген даулар мен қақтығыстар заманы артта қалды, – деді Өзбекстан президенті Мирзияев. – Кейінгі жылдары аймақтағы өзара сауда, инвестиция және көлік тасымалы көлемі бес есе артты. Біз ортақ инвестициялық қорлар, шекара маңындағы сауда және өнеркәсіптік кооперация аймақтарын құрып, ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып жатырмыз.
Қырғызстанда билікке келгелі бері алдымен Өзбекстанмен, кейін Тәжікстанмен шекара жөнінде келісімдерге қол қойған президент Садыр Жапаров аймақтағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге баса назар аударды.
– Қазіргі уақытта Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралар – достық, сауда және ынтымақтастық шекараларына айналды. Бұл тәжірибе мынаны дәлелдейді: саяси ерік-жігер, құрмет пен диалог болған жерде бейбітшілікке қол жеткізуге болады, осылар бізге барлық қарама-қайшылықтарды шешіп, жаңа бастау мен даму жолына түсуімізге мүмкіндік берді. Қырғызстан күрделі мәселелерді шешу тәжірибесін халықаралық қауымдастықпен бөлісуге дайын, – деді Жапаров.
Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов қысқа ғана сөйледі: бас-аяғы 15 минутке де жеткен жоқ. Көптеген басшылар БҰҰ БА берген бұл ерікті уақыт лимитін сақтамайды, мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамптың осы сессиядағы сөзі бір сағатқа жуық созылған еді.
Бердымұхамедов өз елінің БҰҰ-мен ынтымақтастықтағы басты сала "халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету" екенін айтып, Түркіменстан бейтарап ел саясатын ұстанатынын еске салды.
Оның пікірінше, бейтараптық қағидаттарын қолдану әлемдегі көптеген мәселенің шешімі бола алады.
"Біз қазіргі таңда [халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті] ілгерілетудің және оған қол жеткізудің ең тиімді тетіктерінің бірі – бейтараптық қағидаттарын іс жүзінде қолдану деп білеміз", – деді Бердімұхамедов.
Украина: Жапаровтың "ерекше бағыты"
Орталық Азия елдері президеттері Украинадағы соғыс тақырыбына келгенде өте сақтықпен сөйледі. Тәжікстан мен Түрікменстан басшылары бұл мәселені мүлде қозғамады.
Өзбекстан президенті Мирзияев жағдай "елеулі алаңдаушылық туғызатынын" айтып, өз елі "[жанжалды] бейбіт жолмен реттеу үшін жоғары деңгейдегі диалог басталуын құптайтынын" атап өтті.
Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Азия елдері президенттерінен жалғыз Шавкат Мирзияевпен ғана кездесті. Кездесу кезіндегі әңгіме барысында ол Трамптың бейбітшілік жолындағы еңбегі Нобель бейбітшілік сыйлығына "нағыз лайық" деп мәлімдеді және АҚШ президентін Өзбекстанға ресми сапармен барып қайтуға шақырды.
Қазақстан президенті Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде "Украина дағдарысы бейбіт тұрғындарға зиян келтіріп, жаһандық сенімге нұқсан тигізіп және халықаралық қауіпсіздікті шайқалтып жатқанын" айтты.
– Территориялық дау-дамайлар ешқашан оңай шешілмейді және келешек ұрпақ үшін өзара сабыр мен жауапкершілікті қажет етеді, – деді Тоқаев. Ол соның алдында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен 2019 жылдан бері алғаш рет кездескен еді.
Аймақ елдері президенттері Украина мәселесіне келгенде біртоға дипломатиялық ұстаным танытқанымен, Қырғызстан президентінің ұстанымы тағы да ерекше көзге түсті.
Жапаров әлемнің өзге елдерін "қос стандарт ұстанады" деп сынға алды:
– Біз соғыс қимылдары жалғасып, бейбіт адамдар қаза тауып, адам құқықтары тапталып жатқан Палестинадағы, Украинадағы, Судандағы, Сириядағы және басқа да халықтардың қайғы-қасіретіне көз жұма алмаймыз. Әлемдік қауымдастық қос стандарт қолданып, бұл қақтығыстарды өз геосаяси мүддесіне қарай "маңыздырақ" немесе "маңызы шамалы" деп бөледі, – деді ол.
Бұған қоса Жапаров Қырғызстан банктері мен компанияларына қарсы санкциялар салғаны үшін Батысты да сынға алды. Бұл "қосалқы санкциялар" 2024-2025 жылдары Ресейге Украинадағы соғысқа байланысты енгізілген шектеулерді айналып өтуге көмектесті деген күдікпен салынған еді. Санкцияға Қазақстан мен Өзбекстандағы бірқатар компаниялар да ілінген.
Қырғызстан санкцияларды бұзған деген айыптауларды терістеп сөйлеген Жапаров қырғыз банктеріне қарсы шектеулерді әділетсіз деп атады:
– Біржақты санкциялар енді ғана аяққа тұрып келе жатқан елімізге кері әсер етеді. Қырғызстан өз экономикасын нығайтуға бар күшін салып жатыр. Біз негізсіз санкцияларды елдің ішкі ісіне араласу және қалыптасып келе жатқан экономикамызға қысым деп есептейміз. Мен үнемі айтып келгенімді тағы қайталаймын: Қырғызстан өз халықаралық міндеттемелерін орындап келді және мүлтіксіз орындай береді. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделері мен елдің экономикалық дамуын құрбандыққа шала алмаймыз, – деді ол.
Жапаров БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде санкцияларды жоюды талап етіп, Қырғызстан өз банктеріне халықаралық тексеру жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған қоса ол Батыс елдерін "қос стандарт ұстанады" деп айыптап, Ұлыбритания мен Ресей арасындағы сауда статистикасын мысалға келтірді.
Ауғанстан: прагматизм
Орталық Азия аймағы көшбасшыларының Ауғанстан мәселесіне қатысты сөзі бір жерден шықты. Олар елді оқшаулау мүмкін емес екенін, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдау қажетін айтты.
Президенттердің ешқайсы "Талибан" режиміне (бұл ұйымды әлемнің көп елі, соның ішінде Орталық Азия елдері де террорлық ұйым деп танып, өз аумағында тыйым салған) сын айтқан жоқ.
Адам құқықтарын аяқасты еткен "Талибан" билігін әлемде ресми түрде мойындаған жалғыз мемлекет – Ресей.
Алайда Орталық Азия елдері президенттерінің Ауғанстан жайлы сөзінде прагматизм басым болды.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ауғанстанмен ең ұзақ шекарасы бар елдің басшысы ретінде бұл тақырыпқа қысқа ғана тоқталды. Ол ауған халқына көмектесуге үндеді.
– Тәжікстан бейбітшілік пен тұрақтылықты, әсіресе көрші Ауғанстанда қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді қолдайды. Біз бұл процеске жәрдемдесуге дайынбыз және осыған орай халықаралық қауымдастықты гуманитарлық көмек көрсетуге, әсіресе құрғақшылық пен жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерге жәрдем танытуға шақырамыз, – деді Рахмон.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ауғанстанда ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларын жариялады.
– Ауған халқының бейбіт және мамыражай өмірге ұмтылысын қолдау үшін халықаралық қауымдастық күш-жігер біріктіруі қажет. Бұл елді оқшаулауға жол бермеу аса маңызды екенін баса айтқым келеді. Біз Ауғанстанда ірі экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ел арқылы халықаралық маңызы бар көлік және энергетика дәліздерін дамыту жөнінде жеке БҰҰ қарарын қабылдауды ұсынамыз, – деді Мирзияев.
Садыр Жапаров Ауғанстан жайлы сөзінде де Батысқа сын айтты. Ол "қаржы құралдарын геосаяси және идеологиялық мақсаттарға пайдалануға" болмайды деп мәлімдеді.
– Батыс елдері бұғаттаған Ауғанстанның 9 млрд доллардан асатын активтері тезірек ауған халқына қайтарылуы тиіс. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге, жергілікті банктер арқылы несие беруді кеңейтуге, ауыл шаруашылығын дамытуға және кедейлікте өмір сүріп жатқан миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік туғызуға сеп болар еді, – деді Жапаров.
Палестина: гуманизм және дипломатия
Кейбір президенттер палестина-израиль жанжалына қатысты да пікір білдіріп, негізінен бейбіт тұрғындарды қорғауға назар аударды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен "бейбіт тұрғындардың бәрін толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес гуманитарлық көмек кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге" үндеді.
Ол "Газа аймағындағы гуманитарлық дағдарыс елемеуге болмайтын апатты деңгейге жетті" деп мәлімдеді.
– Біз БҰҰ-ның шешуші рөл атқаратын "екі мемлекет" шешімін қолдаймыз, – деді Тоқаев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев те осыған ұқсас пікір білдіріп, өз елі БҰҰ қарарларына сәйкес, "екі халыққа – екі мемлекет" принципін жүзеге асыруды табанды түрде қолдайтынын" мәлімдеді.
Садыр Жапаровтың сөзі тағы да эмоцияға толы болды:
– Әлемнің көз алдында өрбіп жатқан адамзат қасіретіне бейжай қарай алмаймыз. Біз палестиналықтарға қарсы геноцидті тоқтатуды және БҰҰ Халықаралық соты халықаралық тергеуін бастауын талап етеміз. Еліміз зорлық-зомбылық пен терроризмнің барлық түрін, оның ішінде 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған террорлық шабуылдарды қатаң айыптайды. Мұндай террористер қатаң жазалануы тиіс. Алайда терроризмге қарсы күрес орнатылған ережелер мен рәсімдер аясында жүргізілуі керек. Террористердің әрекеттері үшін миллиондаған бейбіт тұрғын қаза таппауы тиіс, – деді ол.
Тұрақты даму: мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер
Климат мәселесі Орталық Азия басшылары халықаралық жиындарда үнемі көтеретін басты тақырыптардың бірі. Бұл жолы да БҰҰ сессиясында климаттың өзгеруі басты назарда болды. Президенттер бұл құбылысты Орталық Азия үшін басты қауіп-қатердің бірі деп атады.
Әрқайсысы аймақтың осал тұстарын атап өтті: таулы аймағы бар, теңізден алыста жатқан, су мен климатқа тәуелді өңір.
Рахмон мұздықтар жөнінде халықаралық конференция өткізуді, Тоқаев – Алматыда тұрақты даму мақсаттары (ТДМ, 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы әзірлеген) орталығын құруды ұсынды, ал Мирзияев су үнемдеу форумы бастамасын жариялады.
Олардың бәрі жахандық қаржы бөлінісі әділ болуының маңыздылығын атап, Орталық Азия үлес қосуға дайын екенін, бірақ тең жағдай болғанын талап ететінін айтты.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон алаңдатарлық деректер келтірді. Оның сөзінше, елде мұздықтар қатты еріп жатқаны байқалады.
– Қазіргі таңда Тәжікстанда аймақтағы негізгі ауыз су көзінің бірі саналатын 14 мың мұздықтың 1300-ден астамы толық еріп кеткен. Бұл процесс үдеп барады. Тәжікстанның мұздықтары мен басқа су көздері Орталық Азиядағы су ресурстарының 60 пайызын құрайды. Адамзаттың тіршілік көзі саналатын суға байланысты мәселелерді шешуде біз бейжай қалмауға тиіспіз, – деді Рахмон.
Тоқаев пен Мирзияев климат тақырыбын Арал теңізінің тағдырымен байланыстырды.
Өзбекстан президенті осы процестің кері әсерін азайтуды көздейтін әрекеттер жайлы айтты. Оның сөзінше, Арал маңындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында теңіздің құрғаған табанындағы 2 млн гектар аумаққа сортаңға төзімді өсімдіктер егілген. 2030 жылға қарай осы аумақтың 80 пайызын көгалдандыру жоспарланған.
Жапаров сыртқы қарыздың бір бөлігін "жасыл" жобаларға айырбас ретінде есептен шығару бастамасын тағы көтерді. Ол бұл идеяны бұрын да бірнеше халықаралық форумда ұсынған.
2024 жылы Жапаров екі ел осы бастама аясында Қырғызстанның 120 млн доллар сыртқы қарызын кешіруге алдын ала уәде бергенін хабарлаған еді.