4,8 млрд теңге жұмсалған Өскемен мен Семей қалаларын жарықтандыру жобасы толық жүзеге аспай қалды. Бұл туралы 9 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев айтты. Оның сөзінше, жобада қате кеткен болуы мүмкін, сондықтан оны "жаңадан қарастыру керек".
– Жоба бойынша Өскемен қаласының бірнеше ауданында шамдарды модернизациялау керек еді. Бұл жоба Семей қаласын да қамтыды. Бірақ толық іске асқан жоқ. Жоба инвесторы мен жұмыс атқарған компания өкілдері айтқанымызды мойындамай, "бәрін орындадық" деді. Сондықтан біз құқықтық органдарға арыз түсірдік. Тергеу жүріп жатыр. Қазір Өскеменде қажетті 20 мың шамның 19500-ін орнына қойдық. Тек 500-і қалды. Менің ойымша, бұл жобаны жаңадан қарастыру керек. Себебі шам орнатсақ та күйіп кете береді. Жобада қателер бар сияқты. Еуропалық қайта құру және даму банкімен сөйлесеміз, ол үшін тергеу аяқталсын. Сонымен бірге заң бұзған адамдар жауапқа тартылуы керек, – деді Ермек Көшербаев.
Өскемен мен Семейдің көше шамдарын модернизациялау жобасы 2018 жылы басталған. Ол кезде Семей қаласы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған еді. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Еуропа қайта құру және даму банкінен 3,6 млрд теңге несие алған, оның үстіне бюджеттен 1,2 млрд теңге қосқан. Несиені қос қалаға да Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы арқылы алды. Сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ-нің Лондондағы кеңсесіне барып, әртүрлі жиында банк өкілдерімен меморандумдарға қол қойып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін БАҚ өкілдеріне айтып жүрген.
Жобаны аяқтау мерзімі 2023 жылы біткеніне қарамастан, қала көшелері, әкімдік жоспарлағандай "Лас-Вегас тәрізді" жарқыраған жоқ.
Көшелер қараңғы екеніне тұрғындар 2023 жылдан бері шағым айтып келеді. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, 2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жетіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шеккен.
Мәселені көтерген қоғам белсендісі Әділ Пішенов "шамдар толық ауыстырылмағанына қоса кабельдер де жеткілікті жаңартылған жоқ" деді. Ал журналист Денис Данилевский "әкімдік несиені қанша жылда, қанша үстеме ақы қосып қайтаратынын құпия ұстап отыр" деп сын айтты.
Мәселе жиі қозғала бастаған тұста ШҚО әкімі Ермек Көшербаев биыл 2 ақпанда әкімдікте өткізген жиында несиені "халықтың ақшасынан қайтарып жатырмыз" деп айтқан. Ол мәселе өзі облысқа басшы болып келгенге дейін басталып кеткенін меңзеп, жауапкершілікті орынбасары, қала әкімі және мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына арта сөйлеген.
Жоба нақты не себепті "аяқсыз" қалғаны әзірге беймәлім.
ПІКІРЛЕР