Accessibility links

Рубль күшейіп, Орталық Азия мигранттарының табысы артты. Бұл ұзаққа бара ма?


Ресейде жүрген еңбек мигранттарының ақша аударымдары Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін өте маңызды. Қазір АҚШ доллары құнсызданып, рубль күшейген тұста олардың табысы арта түсті.

Трейдерлер әлемдік валюта нарығын қаншалық мұқият бақыласа, дәл қазір Ресейде жүрген Орталық Азия мигранттары да бұл көрсеткішке соншалық зер салып отыр.

Трамп әкімшілігі жаппай баж салығы жоспарын ұсынған соң, әлемдік нарықта дүмпу болып, АҚШ доллары құнсызданды да, Ресей рублі күшейе түсті.

Сөйтіп Ресейде жүрген мигранттар өз еліне көбірек ақша жібере бастады.

"Адамдар бағам өсіп қалар деп айлап күтеді. Өскен бойда банкке жүгіреді немесе ақшаны мобильді қосымша арқылы аударады. Олар күткен сәт келді" дейді Новосибирскіде жұмыс істейтін 60 жастағы тәжік мигранты Әли.

Азаттық радиосы қауіпсіздік мақсатында Әлидің де, осы тақырып аясында сөйлескен өзге еңбек мигранттарының да толық аты-жөнін жазбайды. Өйткені Ресей Азаттыққа тыйым салып, оған сұхбат беруді не пікір білдіруді қылмысқа теңеген.

"Рубльдің күшейгені бізге пайдалы. Отбасыңыз айдан айға аман жететіні, азық-түлік және дәрі-дәрмек сатып ала алатыны осыған байланысты" дейді Әли.

Дүниежүзілік банк дерегінше, сыртта жүрген мигранттардың ақша аударымдары Тәжікстан ЖІӨ-сінің 45 пайызын құрайды. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 24 пайыз, Өзбекстанда 14 пайыз. Бұл аударымдардың көбі Ресейден келеді.

Душанбе банкіне ақша алуға келген әйел. Архивтегі сурет.
Душанбе банкіне ақша алуға келген әйел. Архивтегі сурет.

"ИПОТЕКАНЫ ТӨЛЕЙ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ"

Тағы бір тәжікстандық азамат Далер Мәскеуде жұмыс істейді. Ол ай сайын үйіне 10 мың рубль жібереді. 22 сәуірдегі валюта бағамы бойынша бұл – 123 долларға тең сома. Қаңтарда болса 90 долларға жуықтайтын еді.

"Әйелім "келген ақша екі аптаға әрең жетеді" деуші еді. Қазір артылып қалатынын айтады" дейді ол.

Далердің отбасы жіберілген ақшаны үй салуға жаратады.

"Бұрын бір ғана цемент алсам, қазір екі қап ала аламын. Барлығы да қолжетімді бола түсті: құрылыс материалдары да, азық-түлік те" дейді ол.

Қырғызстандық такси жүргізушісі Анара Ресейде жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болғар.

"Қосымша жұмыс тауып, күніне төрт сағат қана ұйықтап жүрміз. Онсыз ипотеканы төлеуге, отбасымызға азық-түлік алуға шамамыз жетпес еді" дейді ол. "Ал қазір ақшамыз артылып жатыр".

47 жастағы Нигораның Тәжікстанда қалған төрт баласы мен жасы келген анасы бар. Ол күндіз дәмханада ыдыс-аяқ жуады, түнде тазалаушы болып жұмыс істейді.

Нигора мен оның әріптестері күнде таңертең кейінгі оқиғаларды, олардың валюта бағамына ықтимал әсерін талқылайды.

"[АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив] Уиткофф Мәскеуге келгенде бағам өсіп кетті. Трамп Ресей міндеттемесін орындап отырған жоқ деп еді, рубль аздап құнсыздана түсті" дейді ол.

Нарықтағы бұл тұрақсыздық рубль қуаты әлсіреп кетуі әбден мүмкін екенін ұмыттырмайды.

Reuters агенттігінің экономистерден алған кейінгі сауалнамасы 1 доллар шамамен 100 рубльге саудаланады деп болжап отыр. Қазір 1 доллар 81,3 рубль тұрады.

Душанбе әуежайындағы адамдар. Архивтегі сурет.
Душанбе әуежайындағы адамдар. Архивтегі сурет.

РЕСЕЙДЕГІ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚЫСЫМ

Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының жетекшісі Әлішер Илхамовтың айтуынша, Ресейдегі пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы, Вашингтонмен қарым-қатынастың жақсаруы және жалпы доллардың әлсіздігі рубльдің күшеюіне түрткі болған.

"Алдағы айларда рубль бағамы мұнай бағасы мен доллар қуатына тәуелді болады" дейді ол.

Бейресми ақпарат бойынша, рубльдің қазіргі бағамы Ресейге жұмыс іздеп барушылардың санын арттырған.

Ресей сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың аяғында елде 6,3 шетел азаматы жүрген. Оның едәуір бөлігі мына үш елден келген: Өзбекстан (23,3 пайыз), Тәжікстан (16,7 пайыз) және Қырғызстан (10,4 пайыз).

Бірақ Ресейге жұмыс іздеп барудың қауіп-қатері жоқ емес. Қоршаған ортадағы нәсілшілдік пен полицияның қатыгездігіне тап болуыңыз мүмкін.

ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ СОҒЫС

Сондай-ақ, еңбек мигранттары әскери комиссариатқа күштеп апарып, Украинадағы соғысқа жіберуі де мүмкін.

"Бүгінде Ресейге ақша табу үшін бару беймәлім бағытқа сапар шеккенмен тең. Рубль бағамының өсуі көші-қонды ынталандырғанымен, билік тарапынан қысымның күшеюі мен Украинадағы соғысқа жіберілу қаупі мұны қатерге толы сапар етпек" дейді Илхамов.

Ресейде шетел азаматтарын депортациялау да күшейіп отыр. Былтыр 190 мың адам елден қуылып, рекорд орнады. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 31 пайызға көп.

2024 жылғы наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити холл" концерт залында болған террор актісінен кейін мигранттарға қысым күрт артқан.

"Ресейде Орталық Азия мигранттарын қауіп көзі деп қарау күшейді" дейді Нидерландыда тұратын құқық қорғаушы Нодира Абдуллоева. "Бұл заңның қатаңдай түсуіне, елге кіру шарттарының қиындатылуына, жаппай тексеруге... жалпы үрейлі ахуалға әкеліп отыр".

Орталық Азия елдері өз азаматтары үшін басқа бағыттарды қарастырып отыр. Бірақ Ресейді тіл мәселесі тартымды етіп отыр. Әзірге олар курс бағамын бақылап көрмек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG