Өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа Конгрестің келісімінсіз Иранмен соғысты жалғастыруға тыйым салатын қарарды қабылдады. Демократтармен қатар құжатты бірнеше республикашыл да қолдап, дауыс берді. Соның арқасында республикашылдар басым көпшілік болып отырған өкілдер палатасында демократтардың үні басым түсіп, құжат қабылданды.
Қарарды 215 конгрессмен қолдады, ал 208 конгрессмен қарсы болды.
Бақылаушылар Иранмен соғысты қолдамайтындар Трамптың жақтастарының арасында да пайда болғанын атап өтеді.
Осыған дейін республикашылдар аталған талпынысты жеті рет өткізбей тастаған. Алғаш рет құжат дауыс беруге наурыз айында шығарылған еді. Қарар өкілдер палатасында үш рет өтпей қойған.
Reuters жазуынша, қарар қабылданған күннің өзінде Трамп оған вето қоймақ.
1973 жылы қабылданған әскери өкілет туралы заңға (War Powers Act) сәйкес, АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауынсыз 60 күн соғыс жүргізе алады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін президент не соғысты аяқтауы керек не Конгрестен әскери күш қолдануға ресми түрде рұқсат сұрауы керек.
1 мамырда 60-күндік мерзім аяқталған. Трамп Конгреске Иранмен соғыс "аяқталғанын" хабарлаған. Алайда іс жүзінде әскери қимылдар жалғасып жатыр. Мамырдың басында Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейнге ракета мен дрон жіберіп, АҚШ-тың базаларын нысанаға алғанын мәлімдеген. Америка әскері де Кешм аралындағы Иранның әскери нысанына соққы жасағанын хабарлаған.
Трамптың айтуынша, оның әкімшілігі Иран билігімен соғысты аяқтау бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.