Accessibility links

Сооронбай Жээнбеков. Белсенділігі байқалмаған бас кандидат


Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Қырғызстандағы президент сайлауында елу пайыздан артық дауыс жинап, алға шыққан Сооронбай Жээнбековті сарапшылар "бұрын белсенділігі байқалмаған" адам ретінде сипаттайды. Олардың сөзінше, "харизмасы танылмаған Жээнбековтің Атамбаев ықпалынан шығуына біршама уақыт керек".

КОЛХОЗ БАСТЫҒЫНАН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ДЕЙІН

Интернеттегі ашық ақпараттардан Қырғызстан президенттігіне кандидат 59 жастағы Сооронбай Жээнбековтің саяси мансабы 1995 жылдан кейін күрт өрлегені байқалады. Оған дейін мектеп мұғалімі, компартияның совхоздағы хатшысы болып істеп, кейін колхоз басқармасының төрағасы болып жүрген жерінен 1995 жылы бірінші сайланған Жогорку Кенеш депутаттығына өткен Жээнбеков 2007 жылға дейін депутаттық қызметте болған.

Қырғызстанның 2010 жылы биліктен кетірілген бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің тұсында министр болып тағайындалған, бірақ Бакиев басқарған соңғы екі жылда Жээнбеков жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Азаттықпен сөйлескен қырғыз саясаткерлері мен саясаттанушылары осы үзілісте Жээнбеков оппозицияға кетті десе, кейбірі оны жоққа шығарады.

Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков сайлаудан кейін мәлімдеме жасап тұр. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Сооронбай Жээнбеков сайлаудан кейін мәлімдеме жасап тұр. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.

Бакиев биліктен күшпен тайдырылғаннан кейін ол Қырғызстанның уақытша президенті Роза Отунбаеваның сеніміне ие болып, Ош облысына губернаторлыққа тағайындалған. 2011 жылы Алмазбек Атамбаев президент болып сайланғаннан кейін де жоғары биліктің маңайынан ұзаған жоқ. Социал-демократиялық партия (СДП) атынан Қырғызстан президенттігіне ұсынылғанға дейін бір жыл премьер-министр қызметінде болды.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Сооронбай Жээнбековтің бұрын билікте жүргенімен белсенділігімен танылмағанын айтады. "Оның қызметі Қырғызстанның іс басындағы президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге өрлеп, президент сайлауында да жеңіске солай жетті, өйткені әкімшілік ресурс толығымен жұмылдырылды" деп санайды сарапшылар.

Қырғызстандық сарапшы Эдил Байсалов.
Қырғызстандық сарапшы Эдил Байсалов.

Дегенмен, қырғыз сарапшысы Эдил Байсаловтың сөзінше, президенттіке негізгі кандидаттардың бірі Өмірбек Бабановтың Алмазбек Атамбаев айтқан сындарға жауап бермеуі және қазіргі билікті сынамауы да Сооронбай Жээнбековтің алға шығуына мүмкіндік берген.

Қырғыз саясаттанушысы Эмил Жураевтың айтуынша, "көп жылдан СДП мүшесі болған Сооронбай Жээнбеков пен Алмазбек Атамбаев екеуінің ортасында үлкен сенім орнаған".

- Бірақ, Жээнбеков Бакиев билігін тайдырғандардың сеніміне ие болғанымен, оны белсенді революцияшыл, радикалды саясаткер қатарында сипаттай алмаймыз. Сыртқы саясатта тәжірибесі өте аз, - дейді ол.

Сооронбай Жээнбеков президент сайлауы қарсаңында өткен теледебат кезінде "жемқорлық іске қатыспаған қолым таза адаммын" деп мәлімдеген еді. Қырғыз саясаткерлері бұл мәлімдемеге екіұдай қарайды. Олардың сөзінше, "Қырғызстанда үлкен саясатта жүргендердің арасында жемқорлықтан адасы аз".

- Қырғызстанда Жээнбековтердің кланы туыстары ең бай адамдар қатарында есептеледі. Бірақ олар бизнесте емес, саясатта, мемлекеттік қызметте жүрген адамдар. Ал байлықтары қайдан жиналғаны белгісіз, - дейді Эмил Жураев.

Қырғыз сарапшысы Эдил Байсалов "Жээнбековтер кланы өте ірі, бірақ оларды аса бай деуге келмейді. Жээнбековтің балалары бизнесте жүр дегенді естімедім" дейді.

Қырғыздың оппозициялық "Атамекен" партиясының өкілі Айбек Турдубаев. Алматы, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғыздың оппозициялық "Атамекен" партиясының өкілі Айбек Турдубаев. Алматы, 15 қазан 2017 жыл.

Соңғы президент сайлауына бойкот жариялаған оппозициялық "Атамекен" партиясының өкілі Айбек Турдубаев болса Сооронбай Жээнбековтің жемқорлыққа қатысы жоқтығына сенетінін, өйткені "оның намаз оқитынын" айтады.

Азаттықпен сөйлескен үш сарапшы да Сооронбай Жээнбековтің бауырлары көптігіне қырғыз қоғамы назар аударып отыр деп санайды. Сооронбай Жээнбековтің премьер-министр қызметіне тағайындалуына байланысты бауырының бірі – Асылбек Жээнбеков Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы қызметінен кеткен, бірақ депутат болып қалған. Басқа да бауырлары түрлі жоғары мемлекеттік қызметтер атқарады.

"Атамекен" партиясының өкілі Айбек Турдубаевтың сөзінше, 2010 жылы Құрманбек Бакиевтің биліктен тайдырылуына туыстарының билікке араласуы да себеп болғанын қырғыз қоғамы әлі ұмытпаған. Сондықтан, қырғыз қоғамы Сооронбай Жээнбековтің бауырларына да сақтана қарайды дейді ол.

"ЖЭЭНБЕКОВ НАЗАРБАЕВПЕН ТІЛ ТАБЫСА АЛА МА?"

Азаттықпен сөйлескен сарапшылар Сооронбай Жээнбековті Қырғызстанның іс басындағы президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен ыңғайсыз жағдайда қалдырды деп санайды. Атамбаевтың мәлімдемесінен кейін шекарадағы бақылау-тексеруді күшейтіп, қырғыз мигранттарына қысым жасай бастаған Қазақстан билігі Жээнбековті қалай қабылдайды деген сұрақ сарапшыларға қызғылықты көрінеді.

Қырғызстандық саясаттанушы Эмил Жураев.
Қырғызстандық саясаттанушы Эмил Жураев.

Сарапшылардың пікірінше, шекарадағы жағдай ерте ме, кеш пе, түбі бәрібір шешіледі. Саясаттанушы Эмил Жураевтың сөзінше, "Сооронбай Жээнбеков Алмазбек Атамбаевтан қалған риториканы өзгертіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен жаңа диалог, коммуникация орнатуға тырысуы керек".

- Меніңше, Назарбаев Жээнбековке "Атамбаевтың адамы" деп қарамауы тиіс. Атамбаевтың соңғы риторикасы салқындық туғызғанымен, Атамбаевтың алты жылдық саясаты Назарбаев үшін үлкен проблема болған жоқ. Жаңа президентпен Астана түсініседі. Сондықтан Жээнбековпен сөйлесудің каналдарын ашуы керек, - дейді Эмил Жураев.

Сарапшы Эдил Байсалов Жээнбековті харизмасы күшті саясаткер қатарына қоспайды.

- Атамбаев оны сол үшін ұсынды. Бірақ ол ерте ме, кеш пе, Атамбаевтың ықпалынан шығады. Өйткені, Атамбаев СДП төрағасы ретінде билікте қалуға тырысады. Оған Жээнбековтің көне қоюы екіталай, конфликт сөзсіз болады, - деп есептейді ол.

Қырғызстаннан шығып, Қазақстанға өту үшін кезекте тұрған адамдар. 13 қазан 2017 жыл.
Қырғызстаннан шығып, Қазақстанға өту үшін кезекте тұрған адамдар. 13 қазан 2017 жыл.

Эдил Байсалов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара саясаты желтоқсанның бірінде Атамбаев қызметінен кетіп, Жээнбеков іске кіріскеннен кейін ғана жұмсаруы мүмкін деп болжайды.

- [Жээнбеков] Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасындағы салқындықты жою үшін шетелге алғашқы ресми сапарын Астанадан бастап, Назарбаевтың тілін табуы тиіс, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Сороонбай Жээнбеков жайлы қазақстандық сарапшылардан да сұрастырып көрді. Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов Жээнбековтің есімі бұрын Қазақстанда беймәлім болғанын айтады.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасындағы салқындықты Қырғызстанның жаңа президенті тоқтатуына болады.

- Назарбаевты сынаған Жээнбеков емес. Көрші және туыс екі ел басшылығы қырбай болып отыруына болмайды. Сондықтан Қырғызстанның жаңа президентімен тіл табысуы тиіс, - дейді Қосанов.

Қазақстанға өту үшін қырғыз шекарасында кезекте тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.
Қазақстанға өту үшін қырғыз шекарасында кезекте тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.

Қазанның 15-і өткен Қырғызстандағы президент сайлауының алдын ала мәліметтері бойынша, билік партиясынан ұсынылған кандидат Сооронбай Жээнбековті сайлаушылардың елу пайыздан астамы қолдағаны, оның негізгі бәсекелесі Өмірбек Бабанов – 35 пайыздан астам дауыс жинағаны хабарланған. Әзірге Сооронбай Жээнбековтің жеңіске жеткені ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұған дейін Қырғызстан билігінде төрт президент болған. Елдің тұңғыш президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиев биліктен күшпен тайдырылған. 2010 жылғы төңкерістен кейін Роза Отунбаеваны қырғыз Жогорку Кенеші уақытша президент етіп сайлаған.

2011 жылы жалпыхалықтық сайлаудан кейін билікке келген қазіргі президент Алмазбек Атамбаев, конституцияға сәйкес, қызмет өкілетінің мерзімі (алты жыл) аяқталған соң биліктен кетеді. 2010 жылғы төңкерістен кейін Қырғызстанда қабылданған жаңа конституцияда бір адам тек бір-ақ мерзімге президент болып сайлана алатыны атап жазылған.

XS
SM
MD
LG