Ресей астанасындағы Домодедово әуежайында Түркіменстанның "Демирёллары" ("Түрікмен темір жолдары") компаниясының бас директоры Хыдыр Рахманов пен оның серігі ұсталған. Олардың жеке заттарын тексеру барысында тыйым салынған препараттар табылған деп хабарлады Turkmen.news басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп.
Басылым дерегінше, түркімен шенеунігі мен оның серігі 4 қазанға қараған түні Ашғабаттан Мәскеуге S7 авиакомпаниясының рейсімен ұшып барған.
"Домодедово әуежайындағы кеден бақылауы кезінде әйел адамның мінез-құлқы қызметкерлердің назарын аударған. Тексеру барысында олардың жеке заттарынан ЛСД таблеткалары – синтетикалық психоактивті зат табылған", – деп жазады басылым.
Домодедово қалалық сотының судьясы Дина Ханси түркіменстандық Хыдыр Рахмановты 3 желтоқсанға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарған. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.
Түркіменстан мен Ресейдің ресми орындары әзірге Хыдыр Рахманов жөнінде ешқандай ақпарат жариялаған жоқ.
"Демирёллары" компаниясы 2020 жылы сол кездегі президент Ғұрбанқұлы Бердімұхамедовтің шешімімен бұрынғы "Түркімендемирёллары" агенттігі (қазір — Темір жол көлігі министрлігі) негізінде құрылған. Компания елдің темір жол инфрақұрылымының бір бөлігін басқарып, жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастырады, сонымен бірге көпірлер мен өзге де нысандар салады.
Хыдыр Рахманов компанияны құрылған кезден бері басқарып келеді. Turkmen.news мәліметінше, оның ағасы Аркач Рахманов Түркіменстан президентінің қауіпсіздік қызметінде офицер болып қызмет атқарады.