АҚШ пен Өзбекстан құны 12 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды
Марко Рубио бастаған АҚШ делегациясының Самарқанға сапары аясында өнеркәсіпті модернизациялау, көлік-энергетика инфрақұрылымы, маңызды минералдар, цифрлық технологиялар және қаржы салаларын қамтитын, жалпы құны 12 миллиард доллар болатын 54 келісімге қол қойылды.
Соның ішінде GE Aerospace және Wabtec сияқты алпауыт компаниялармен әуе және теміржол саласын дамыту, ал Franklin Templeton, Citigroup және BlackRock секiлдi қаржы алпауыттарымен халықаралық капитал нарығына шығу бойынша уағдаластықтар жасалды. Ресми өкілдердің айтуынша, бұл келісімдер екі елдің стратегиялық серіктестігін бекемдеп қана қоймай, өңірдегі технологияны түбегейлі дамытатын жобаларға жол ашады.
Саммитке қатысушылар бірлескен мәлімдеме жасады
Самарқанда өткен сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша тараптар сауда мен инвестицияны кеңейтуге, энергетикадағы ынтымақтастықты дамытуға және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін қуаттап, бірлескен мәлімдеме жасады.
Бірлескен мәлімдемеге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы саяси мекемелерінің басшылары қол қойды.
Құжатта мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеудің маңызы баса айтылады. Сондай-ақ, тараптар ұзақ мерзімді серіктестікті жалғастырып, мүдделес бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді.
Украинадағы бейбітшілік, Орталық Азиядағы әріптестік. Самарқанда жүрген Марко Рубио не деді?
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқанда мәлімдеме жасап, Вашингтон Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтауға деген талпынысын жалғастыратынын, соғыс ауқымы ұлғайып, аймақтық қақтығыс ұласу қаупі барын айтты. Мемлекеттік хатшы Өзбекстанның тарихи қаласында Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен жеке және ортақ форматта кездесу өткізіп жатыр. Рубионың баспасөз пулында Азаттық тілшісі Алекс Рауфоглу да бар.
19 қазан күні журналистер алдына шыққан Марко Рубио АҚШ президенті Дональд Трамптың Мәскеу мен Киевті келіссөздер үстеліне отырғызу әрекетін қорғап, әзірге айтарлықтай ілгерілеу болмағанын мойындады. Соған қарамастан, Вашингтон қақтығысты реттеуге мүмкіндік беретін кез келген жолды қарастыруға дайын екенін айтты.
"Бұл соғыста ешкім жеңіп жатқан жоқ. Күн сайын адамдар қаза тауып жатыр. Күн сайын нысандар жарылып, қирап жатыр" деді Рубио.
Рубио Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен де кездесті
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқандағы "C5+1" сыртқы істер министрлері кездесуі аясында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу өткізді.
Мемлекеттік департамент таратқан ақпаратқа қарағанда, қос тарап стратегиялық әріптестікті нығайту мәселесін талқылаған. Рубио Қазақстанға президент Трамптың бейбітшілік бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, АҚШ-тың екіжақты экономикалық әріптестікті, оның ішінде супер интеллект, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым, энергетикалық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды дамыту саласындағы әріптестікті нығайтуға бекініп отырғанын мәлімдеген.