Accessibility links

"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы


Алматыдағы өртеніп жатқан әкімдік ғимараты. 5 қаңтар, 2022 жыл
Алматыдағы өртеніп жатқан әкімдік ғимараты. 5 қаңтар, 2022 жыл

Қазақстан билігі қаңтар көтерілісі кезінде "шетелде дайындалған террористерге" кінә артып, ҰҚШҰ әскерін кіргізді, елде "терроризм" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, көп адам айыпты болып жатыр. "Террор" деген не, Қазақстандағы оқиға неге террорға ұқсамайды? Олай болса, ғимараттарды өртеп, мүлік қиратқандар кімдер? Осыншама қантөгіс пен қуғын-сүргіннен соң Тоқаев билігі ел сеніміне кіре ала ма? АҚШ ұлттық әскери колледжінің профессоры, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Мария Омеличева Азаттықтың осы туралы сұрақтарына жауап берді.

Азаттық: Қазақстанда жуырда болған оқиғаларды бақылап отырдыңыз ба? Елдегі жағдайды естігенде, ең алдымен ойыңызға не келді?

Орталық Азия жөніндегі сарапшы Мария Омеличева
Орталық Азия жөніндегі сарапшы Мария Омеличева

Мария Омеличева: Орталық Азия ғалымдарымен және аймақты зерттейтін мамандармен әртүрлі дөңгелек үстелдерге қатыстым. Басынан бастап бізде Қазақстанда не болып жатқаны жайлы қызу пікірталас болды. Элита арасындағы қақтығыс жайлы көп айтылды. Тұрақсыздыққа Ресей әсер етті деген секілді болжамдар да болды. Шетелден келген "террорлық әрекет" деген де болжам бар. Сондықтан біз жағдайды бақылап отырдық. Деректерге негізделген, ақпаратқа толы пікірталас өткізіп, сол жерде Қазақстан туралы білетініміздің бәрін талқыладық.

Азаттық: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "ұйымдасқан террористік шабуыл" жасалғанын, елге "20 мың террорист" кіргенін айтты. Қазақстан жайлы оқығаныңыз бен білгеніңізден осы күндері шынымен террорлық шабуыл болды деп айта аласыз ба?

Мария Омеличева: Шынына келсек, олай деп айта алмаймын. Тоқаев бұл "20 мыңның" ішіне террористерді де, бандиттерді де, қылмыскерлер мен митингіге шыққандарды да қосып жіберді. Бірақ мемлекет бұл шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады. Шамамен бір уақытта қамауға алынған мыңдаған адамның аты-жөнін де жарияламады. Қырғызстаннан келген танымал музыкантты "террорист" ретінде көрсетті. Ол наразылықтарға қатысу үшін ақша алғанын айтқан еді. Бірақ оның еліне оралғанын білеміз. Ол құқық қорғау органдары кінәсін мойындауға мәжбүрлегенін жеткізді. Бұл Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) бітімгерлік миссиясы аясында 150 әскери қызметкерді әрең жіберген елге қатты соққы болды.

Қазақстандағы жалпы ахуал әралуан. Ол – жері үлкен болса да, халқы аз мемлекет. Халық көп шоғырланған орталықтар бар. Бірақ олардың арасы шалғай. Кез келген ұлттық, діни, қылмыстық немесе исламистік террористік топ құратын кезде мұндай географиялық факторлар үнемі әсер етеді. Осындай кедергілер бар. Бес-алты жыл бұрын құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік қызметі терроризмге қарсы қызмет ауқымын кеңейтті, бақылау мүмкіндігін арттырды. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде карантин талаптарын бұзғандарды анықтау технологияларын қолданды. Интернетте экстремистік идеология жүргізгендерді анықтау үшін де қолданатын технологиялары бар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Биліктен естігеніміз бұл елдің экстремистік топтардың алдын алуға шамасы жететінін көрсетеді.

Біздің білетініміз – бұл шетелде дайындалған "террористер" жайлы нұсқаға келіңкіремейді. Сәйкессіздік өте көп. Дәлел болмаған соң, сарапшылардың көбі Қазақстан билігі келтірген ресми нұсқаға күмәнмен қарайды.

"ТЕРРОРИСТЕР БАЗАРЛАРҒА, АДАМ КӨП ЖҮРЕТІН ЖЕРЛЕРГЕ ШАБУЫЛ ЖАСАЙДЫ"

Азаттық: Қаңтарда Қазақстанда болған оқиғамен салыстыра отырып терроризмді қысқаша сипаттап бере аласыз ба?

Мария Омеличева: Саясатта немесе ғылымда терроризмнің не екеніне қатысты ортақ ұйғарым жоқ, бірақ әдетте бұл зорлық-зомбылық арқылы халыққа қауіп төндіруге саяды. Ол – қасақана істелетін нәрсе, әрі ол алдын ала жоспарланады. Террор, халықты қорқыту, халыққа шабуыл жасау арқылы саяси, идеологиялық мақсатқа жетуді көздейді. Қазақстандағы немесе Орталық Азиядағы басқа елдердегі шабуылдарға қарасақ, олардың бейбіт халыққа бағытталмағанын айтуға болады. Шабуылдар полицияға немесе қауіпсіздік қызметтеріне, лауазымды тұлғаларға қарсы жасалды, көбіне қауіпсіздік қызметтері мен құқық қорғау органдарына бағытталады. Академиялық ортада әскери қызметкерлер мен қауіпсіздік органы өкілдеріне жасалған шабуылды терроризм ретінде қарастыруға бола ма деген қызу пікірталас бар. Бұл үрдіс сақталып отыр. Террористер халықты үрейлендіру үшін базарларға, адам көп жүретін жерлерге шабуыл жасайды. Мұндай жағдай болған жоқ.

Азаттық: Қазақстан билігінің сарапшылар мен халық сенбейтін нұсқаға жүгінуінің қандай қисыны бар? Халықаралық қауымдастық пен сарапшыларды былай қойғанда, халықты сендіруі тиіс екенін білуі керек еді ғой. Билік неге бұлай істеді?

Мария Омеличева: Меніңше, Ұжымдық қауіпсіздік шартының 4-бабына сәйкес көмекке жүгініп, ҰҚШҰ бітімгерлерін шақыру үшін президент Тоқаевқа сондай "сыртқы агрессия", терроризм жайлы айту керек болды. Ең қарапайым себебі – осы. Осылайша, ұйым әскерін қолданудың заңды негізі пайда болды, бұл риториканы ішінара осылай түсіндіруге болады.

6 қаңтарда Республика алаңында бейбіт жұртқа кім оқ атты? Куәгер әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:31 0:00

Екіншіден, әскери тәртіп немесе төтенше жағдай енгізу үшін наразылықтарды "қауіпсіздікке" қарай бағыттау керек. Бұл биліктің қауіпсіздік күштері мен әскери құралдарды халыққа қарсы қолдануына мүмкіндік береді.

Менің ойымша, мұнда тағы бір себеп бар, оны өткенге тәуелділік деуге болатын шығар. Назарбаев тұсында да, Тоқаев кезінде де ішкі проблемаларға Қазақстанға жат исламистік идеологияны кінәлау әдетке айналған. Олар бар кінәні шетелдегі күштерге сілтеу арқылы жағдай биліктің қолында емес екенін айтады, халық назарын экономикалық немесе саяси реформаның жоқтығынан, басқарудағы кемшіліктерден басқа жаққа аударады.

Бұл инвестиция тарту үшін, Қазақстанның беделін сақтап қалу үшін елді тұрақсыздық жайлаған аймақтағы тұрақтылық орнаған арал ретінде көрсету үшін маңызды. Осылайша бұл Қазақстан билігі көп жыл бойы қолданып келген ауқымды саяси риторикаға сай келеді.

"БҰЛ РЕСЕЙДІҢ ГЕОСАЯСИ МҮДДЕСІНЕ САЙ КЕЛЕДІ"

Азаттық: Сарапшылар Қазақстан билігі, тіпті президент те "террористер" деген кезде нақты ұйымның, елдің атын атаудан тартынатына назар аударады. Есесіне Ресейдегі лауазымды тұлғалар анағұрлым жылдам, нақты болды. Сарапшылар Тоқаевтың риторикасы бірнеше күнде күрт өзгергенін де байқаған. Алдымен ол саяси реформалар жайлы айтты, одан кейін "терроризмге" көшті. Сондықтан "терроризм" идеясы Кремль сценарийінің бір бөлігі деген де болжам бар. Бұған не дейсіз?

Мария Омеличева: Ресей Орталық Азиядағы республикаларды, аймақтағы державаларды, оның ішінде Қытайды аймақтағы қауіпсіздіктің және биліктегі режим қауіпсіздігінің жалғыз кепілі Кремль екеніне сендіруге тырысты. Бірақ шын мәнінде қандай қауіп төніп тұр? Ресей баяғыдан билікті сақтап қалу амалы ретінде "терроризмге" қарсы күрес риторикасын қолданып келеді.

Сондықтан аймақтағы жағдайға араласуын, әскер ұстауын ақтап алу үшін Ресейге осы ақпарат қажет. Кремльге бұл әңгіме жиырма жыл бойы Ауғанстанда операция жүргізіп, әскерін алып кеткен АҚШ-ты нұқып көрсету үшін де керек. Қазір олар: "Сен кінәлісің, Ауғанстандағы проблеманы шешем деп айтқансың. Ол жаққа барма деп айттық, бізден сабақ алмадың. Енді тұрақсыздықтың тәліптер бақылап отырған Ауғанстаннан басқа жерлерге тарау қаупі туды" деп айта алады. Әрине, бұл Ресейдің Орталық Азиядағы геосаяси мүддесіне сай келеді.

"БИЗНЕС, БИЛІК ЖӘНЕ ҚЫЛМЫС ӘЛЕМІ АРАСЫНДА ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС БАРЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС"

Азаттық: Қазақстан билігі ғимараттарды өртеп, дүкендерді тонаған топтардан бейбіт демонстранттарды бөліп көрсетуге тырысып жатқаны да қызық көрінеді. Бірақ біз бұл топтардың түрін де, белгілерін де көріп отырған жоқпыз. Егер олар террорист болмаса, онда кім? Оларды кім дей аламыз? Олар қайдан шықты? Қалай ойлайсыз?

Мария Омеличева: Менің ойымша, мұның жауабын табу үшін 2011 жылы Жаңаөзенде болған наразылықтарды қарастыру керек. 2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар да елдің батысындағы Жаңаөзен қаласынан басталды. Бұл қала баяғыдан наразылық алаңына айналған. Қалада жалақының төмен, еңбек жағдайы нашар екені және басқа да шағым жиі айтылады. 2011 жылы жұмысшылар наразылық білдіргенде, жиын бейбіт өтіп жатты. Одан кейін сырттан келген біреулердің тонауға, күш көрсетуге көшкенін айтқан билік әскер жіберді. Әрі қарай не болғанын, қаншама бейбіт тұрғынның қаза тапқанын білеміз. Зерттеуші журналистер мен ғалымдар жағдайды мұқият зерттеп, қылмыстық топтармен байланысы бар кей шенеуніктер билікке қысым көрсеткісі келген деген болжам айтты. Олар билік пен экономикалық ресурстарға қол жеткізу үшін солай істеген болуы мүмкін екені айтылды. Сондықтан, әсіресе жергілікті деңгейде, бизнес, билік және қылмыс әлемі арасында тығыз байланыс бары жасырын емес.

Жаңаөзен толқып тұр. Оны аймақтар да қолдап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:55 0:00
Бірақ бейбіт наразылықтарды қылмыстық мүддесі бар топтар тізгіндеп кеткен болуы мүмкін.

Бұл тек Қазақстанға ғана тән нәрсе емес. Қылмыстық топтармен байланыс барына, олардың кейбірі дайын инфрақұрылымды пайдаланатынына Қырғызстан тағы бір мысал бола алады. Олар [мүддесіне қайшы келетін] жағдайларда, әдетте бұл қылмыс элементтерін тұрақсыздық жайлағанда, азаматтар бағынбаған кезде қолданады. Растайтын жеткілікті дәлеліміз жоқ, бірақ бейбіт наразылықтарды қылмыстық мүддесі бар топтар тізгіндеп кеткен болуы мүмкін деп ойлаймын. Осы қылмыстық топтар, олардың артында тұрған саяси топтар жағдайды одан сайын тұрақсыздандыруды көздегені анық. Кейбірі саяси элита ішіндегі бұл элементтер Назарбаевтың қанатының астындағы топтан деп болжайды. Яғни, элита ішіндегі тартыспен байланыста қарастырады.

Азаттық: Бұл қылмыстық топтар мұндай зорлық-зомбылыққа жақсы дайындалған деп ойлайсыз ба? Бұл шабуылдардың бәрін ұйымдастыру үйлесімді әрекетті, уақытты талап етеді. Бейбіт наразылықты тізгіндеп кетіп, оны зорлық-зомбылыққа айналдыруға бола ма? Мұны істеу оңай ма?

Мария Омеличева: "Алдымен мына жерден бастаймыз, мына жерге барамыз, сосын сарайға және полиция басқармасына кіреміз" деген сияқты нақты жоспар болды деп ойламаймын. Көп жағдайда жұрт өз бетімен жүрді, көп нәрсе аяқ астынан болды деп ойлаймын. Жалпы, Қазақстанның мобилизация потенциалы өте жоғары.

Орталық Азиядағы наразылықтарды бақылап отыратын ұйым бар. Сол ұйым келтірген индикатор кейінгі 2-3 жылда Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанда ең көп наразылық болғанын көрсетеді. Мұндай жағдай жеке адамдар мен кішігірім топ ұйымдастырушыларын жылдам әрекет етуге үйретеді. Баса айтатын нәрсе – наразылықтың көбі бейбіт болды. Бірақ мұндай көлемдегі демонстрацияда лидер де, жоспар да болмаса, оны бақылау мүмкін емес. Қазақстанда қаңтардың алғашқы апталарында, әсіресе, Алматыда ешкім күтпеген оқиға көп болған деп ойлаймын.

"БИЫЛ Я КЕЛЕР ЖЫЛЫ НАЗАРБАЕВ ПЕН ОНЫҢ ОТБАСЫНА АЙЫП ТАҒЫЛСА, ТАҢ ҚАЛМАЙМЫН"

Азаттық: Қазақстан билігінің тағы бір риторикасы – мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды деген әңгіме. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов билікті басып алмақ болды деген айыппен қамауға алынды. Бұл болжам қаншалықты негізді?

Мария Омеличева: Теория жүзінде төңкеріс пен терроризм қатар жүруі мүмкін, себебі терроризм төңкерістің бір амалы саналады. Бұл – саяси мақсатпен жасалатын амал, билікте отырған үкіметті сол арқылы орнынан кетіруге әрекет жасалады. Теория жүзінде әбден мүмкін. Бірақ Қазақстанда солай болды деп ойламаймын. Мысалы, Мәсімовті алсақ, "Неге ол?" деген сұрақ туындайды. Консенсус жоқ, бірақ менің топшылауымша, билікке бір құрбан керек болған сияқты. Оны құрбандыққа шалды деп санаймын. Оны жұмыстан қуған соң не болғанын назарда ұстаған маңызды.

Оны орнынан алған соң Тоқаев үкіметі Назарбаевтың үш күйеу баласын биліктен шеттетті. Яғни, саяси лауазымдарды қайта бөлісу схемасын анық көреміз. Бірақ саяси лауазымдар экономикалық ресурстарға жол ашатындықтан, оның маңызы зор. Өндіріс, тау-кен өндірісі секілді негізгі стратегиялық салалар Назарбаевтың отбасы мүшелері мен төңірегінің қолында болып келген.

Тоқаев Назарбаев отбасына кінә арту арқылы тұрақсыздықтың алдын алғысы келетін сияқты. Бұл үшін оған сол жүйенің мүшесі болған, саяси салмағы аздау біреуді құрбандыққа шалу керек болды.

Бірақ биыл я келер жылы Назарбаев пен оның отбасына айып тағылса, таң қалмаймын. Қазір көп нәрсе болып жатқанға ұқсайды. Әрі қарай не болатынын күту керек. Бірақ элита ішіндегі төңкеріс әлі де жалғасып жатқанына дәлел көп.

Азаттық: Алматы полициясы "террористер қаладағы мәйітханаға шабуыл жасап, жақтастарының 41 мәйітін алып кетті" деді. Бұл террористерге тән нәрсе ме? Террористердің әрекетінде осыған ұқсас нәрсе байқала ма?

Терроризм деген – үрей тудыру, сол мақсатта шабуылын жария түрде көрсету.

Мария Омеличева: Бұл – өте орынсыз мысал. Мұнда бірнеше мәселе бар. Біріншіден, терроризм деген – үрей тудыру, сол мақсатта шабуылын жария түрде көрсету, солай ғой? Террористік шабуылдардың бәрін біреу ұйымдастырып, мойнына алады деп айта алмаймын. Бірақ жалпы мұндайды кім істегенін, неге істегенін жасыру террористерге тән емес. Екіншіден, сарапшылар тәртіпсіздікке қатысқандар неге түрмеге шабуылдамады деген сұрақ қойды. Себебі мұндай жағдай анағұрлым жиі кездеседі. 2020 жылғы қазанда Қырғызстанда сәтсіз парламент сайлауынан кейін болған наразылықтар мен зомбылықты мысалға алайық. Бүлікшілер не істеді? Олар түрмеге барды. Террористер мен бүлікшілер жақтастары мен лидерлерін немесе басқа да адамдарды босату үшін түрмеге барады деп ойлаймын. Қайталап айтсам, бұл нұсқада сәйкессіздік өте көп. Қазақстандағы жағдай мен содырлар әрекетінің кең тараған моделі арасында сәйкессіздік байқалады.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

Азаттық: Қазақстанда мемлекеттік ғимараттардың оңай қирағанына, қылмыстық топтар мемлекеттік мекемелердің жұмысын тоқтатқанына ел халқы ғана емес, бүкіл әлем куә болды. Бірақ сіздің айтқаныңыздан түсінгенім, Қазақстанның құқық қорғау органдарының оларға қарсы тұруға шамасы жетеді екен. Сонда қалай болды? Бұл саботаж ба, әлде басқа ма?

Мария Омеличева: Бірнеше пікір бар. Reddit пен Telegram-да тараған мәліметтерден Алматыда зомбылық бастағанда полицияның жоқ боп кеткенін немесе әрекет етпегенін, яғни, бассыздыққа қолайлы жағдай жасалғанын көреміз. Бар жұмбақ осында. Алғаш дүрбелең басталған кезде полиция неге әрекет етпеді? Бірдеңе істеуге мүмкіндігі болды, бірақ еш әрекет жасамады. Сондықтан, бұл – өте маңызды мәселе деп ойлаймын.

Мұндағы екінші мәселе – зорлық-зомбылық болмай қоймайды, бірақ Қазақстан жағдайында әдетте қарапайым құрылғылар қолданатын радикал адамдарды көре аламыз. Бірақ біз Қазақстан билігі "Ислам мемлекеті", "Әл-Қаида" (Қазақстанда тыйым салынған террорлық ұйымдар – ред.) сияқты халықаралық ұйымдармен байланысы бар топтарды анықтап, тауып, көзін жоя алмайды дегенге еш дәлел көрмедік. Ондай ұйымдар көп қаржыны, көп дайындықты және ұйымдастыру білігін қажет етеді, соның арқасында өлім де көп болады. Қазақстанда мұндай жағдайды көрмедік. Бірақ кішігірім оқиғалар жер-жерде болып тұрады. Биліктің шабуыл жасағандардың ел ішіндегі адамдар екенін жоққа шығарып, оған шетелдік, бөтен діни идеологияны кінәлап, мұндай наразылықты бәсеңдете алатын діни бостандықты шектеп, басқа лайықты реформаларды жүзеге асырмай отырғаны проблема туғызады. Осыған баса назар аударғым келеді.

Биліктің терроризм жайлы сөзінің жағымсыз салдары сол – бұл билік пен қоғамның назарын елдегі наразылықтың негізгі түп-төркінінен басқа жаққа бұрады.

Бұл билік пен қоғамның назарын елдегі наразылықтың негізгі түп-төркінінен басқа жаққа бұрады.

Билік енді сыбайлас жемқорлық, бай мен кедей арасының алшақтауы, экономикалық стагнация және басқа да проблемаларды шешуге емес, сырттан келген терроризмді жеңуге басымдық береді. Бұл проблемаларды билік мойындайды, бірақ ешқашан шешпейді. Терроризм жайлы айту биліктің негізгі проблемаларды елемей, оларды екінші орынға ысыра беруіне мүмкіндік жасайды. Ал бұл агрессияшыл және экстремистік пиғылды арттыра түседі.

"ТАЛИБАН" ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТАРАТУҒА МҮДДЕЛІ ЕМЕС"

Азаттық: Шетелдегі экстремистік ұйымдармен байланысы бар жергілікті діни топтар елдегі жағдайды тұрақсыздандырды деген де болжам бар. Сарапшылар олардың медиа ресурсы, биліктегі құрылымдарымен байланысы бар деп санайды. Бұл болжам қаншалық негізді?

Мария Омеличева: Сарапшылардың Қазақстанда не болып жатқанын мұқият бақылауына себеп бар. Назарбаевтың қанатының астындағы топ, Назарбаевтардың ең жас буыны, соның ішінде немере інілерінің бірі Қазақстанда ислам партиясын заңдастырмақ болған. Ол шығысқа да, батысқа да емес, оңтүстікке бағыт алып, ислам дәстүріне тамыр жайған Қазақстан жолын сол жақтан табуға тырысқанымен танылған.

Мұндай болжамдардың негізі бар және Қазақстанда бұл балама жолды, балама бірегейлікті жақтаушылар да бар деп ойлаймын. Оның тамыры фундаменталистік философия мен діни ғұрыпта жатыр. Бірақ консерватив және фундаментал ислам тұжырымдарының барлығы міндетті түрде зорлыққа бағытталған деп ойламау керек.

Оңтүстік, батыс аудандардың Ресейдегі Солтүстік Кавказдан тараған салафизммен байланысы барын білеміз. Сталин дәуірінде Қазақстанның бұл жерлеріне ингуштар мен шешендер жер аударылғаны белгілі. Бұл этностық топтардың не ахуалы, өмір салты толық зерттеліп, сараланды деп ойламаймын.

Бірақ мұның бәрі діни радикал топтардан келетін қауіпті елемеу керек дегенді білдірмейді. Алаңдауға себеп бар, бірақ бұл Қазақстандағы барлық проблема шетелдік радикал идеологиядан туындап жатыр деуге негіз бола алмайды, Қазақстандағы қатыгездік пен радикалданудың ішкі себебін жоққа шығармау керек.

Яғни, бұл – абай болумыз керек деп айтудың ерекше бір әдісі. Радикал діни сенімді қолдайтын адамдар немесе кішігірім топтар бұл наразылықтарды пайдаланып кетуі мүмкін бе? Оқиға орнында болған адамдар сол жердегі жұрттың әртүрлі болғанын айтады. Бейбіт наразылар да, күш көрсеткендер де бар. Ауылдан, басқа аймақтардан келгендер болды, сөйтіп тобырлық сана күш алып кетті. Одан кейін күш көрсетуге шақырғандар шықты, бірақ олардың лидері болмады. Оларды ұйымдастырғандар болған жоқ. Қылмыскерлер де болды. Радикал исламистік ойды қолдайтындар да болуы мүмкін. Бірақ олардың бәрін исламистер қолдап отырған "20 мың бұзақы" деп айтуға келмейді.

Азаттық: Ауғанстанда билікті тәліптер басып алған соң аймақта не болып жатыр? Шынымен терроризм қаупі артты ма?

Мария Омеличева: Ауғанстанда болып жатқан жағдай Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді елдермен салыстырғанда ең аз әсер еткен ел Қазақстан шығар. Панжшер өзеніндегі шекараны, пуштундардың байланыстарын бақылау қиын болғандықтан, Өзбекстан мен Тәжікстанға қиынға соқты. Басқа да тілдік, этностық байланыстар, террорлық топтар немесе екі елде де 1990 жылдары жұмыс істеген содыр топтар арасындағы байланыстар көп.

Ауғанстанның солтүстігінде соғыс жүріп, тәліптер елдің солтүстік аудандарын басып алған соң Тәжікстан мен Өзбекстанда расымен босқындар легіне байланысты қауіп болды. Сондықтан бұл (шетелден террористер келді деген – ред.) Қазақстан билігінен гөрі тәжік я өзбек билігіне жарасатын аргумент деп ойлаймын.

Оның үстіне, қазір "Талибан" Орталық Азияға зорлық-зомбылық таратуға мүдделі емес. Олар әлі де өздерін легитимдендіруге ынталы. Бұған қоса, белгілі бір деңгейде өзара байланыс, экономикалық және көлік байланысы бар дегендей. Оларға осы елдердің қолдауы керек. Сондықтан зорлық-зомбылықты Орталық Азияға тарату олардың мүддесіне сай келмейді.

"ТОҚАЕВ НАЗАРБАЕВТАН БӨЛЕК, ӨЗ ЖОЛЫН ҚАЛЫПТАСТЫРА АЛАТЫН АДАМ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН"

Азаттық: Қаңтар оқиғасында жүздеген адам қаза тапты, мыңдаған адам жарақат алды. Бұдан соң Қазақстан билігі халықаралық қауымдастық пен халық алдындағы беделін қалай сақтай алады? Қазақстан билігі үшін бұл оқиғалардың қандай салдары болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Мария Омеличева: Бәлен деп айту қиын. Бұл [биліктің] беделіне үлкен дақ түсірері сөзсіз. Тоқаев барлық кінәні Назарбаевқа сілтейтіндей нарратив қалыптастыра ала ма, барлығы соған байланысты. Мәселе осында және мұны сәтті жүзеге асыруға да болады. Саяси биліктің екінші қолға өтуінің түрлі мысалдарын көрдік. [Өзбекстанда] билік [экс-президент Ислам] Каримовтан [Шавкат] Мирзияевқа өткенде, ол Каримовтың мұрасын екінші орынға ысырып, өз легитимдігін нығайтып, біршама мұрасын қалыптастыра алды. Тоқаевтың тым болмаса көпшілікті иландыруға шамасы жете ме?

Тоқаев барлық кінәні Назарбаевқа сілтейтіндей нарратив қалыптастыра ала ма, барлығы соған байланысты.

Естігенім мен көргенімнен, зерттеулерімнен байқағаным – жастар саясатқа көп қызықпайды. Егер Тоқаев жақсы табыс пен жақсы мүмкіндіктерге жеткізетін реформалар жүргізу арқылы бұл ұрпақты тыныштандыра алса, мұны жүзеге асыруы әбден мүмкін. Кезінде Қазақстан әлем нарығына мұнай сатып байып кеткенде Назарбаев та солай істеген еді.

Бірақ қазір жағдай басқа. Тоқаев қазір елде маңызды реформалар жүргізе ала ма дегенге қатысты сұрақ көп. Мұның бәрі көз алдау үшін жасалып жатыр деген айыптаулар да бар. Бірақ бар кінәні Назарбаевқа ысыру әрекеті болады деп ойлаймын. "Назарбаевсыздандыру" қазірден-ақ жүріп жатыр.

Азаттық: Тоқаевтың тәртіпсіздіктерден кейінгі алғашқы қадамын көрдік: үкімет отставкаға кетті, бірақ жаңа үкіметте бұрынғы адамдардың көбі қалды. Сарапшылардың көбі парламент таратылады деп күтті, бірақ олай болмады. Бұл алғашқы қадамдардан Тоқаевтың Назарбаев мұрасын кері ысыруға деген табандылығы байқала ма?

Мария Омеличева: Тап басып айту қиын. Әлдебір пирамидаға ұқсас, қатып қалған жүйе бар, оны бұзу өте қиын. [Жабық есіктің] ар жағында билікті, экономикалық ресурсты бөлу бойынша тартыс жүріп жатқан тәрізді. Тек Назарбаевтың төңірегіндегілерді орнынан алып тастау арқылы оның қанатының астындағылардың тобы мәселесін шеше алмайсың. Тоқаевты жете бағаламағандай болғым келмейді, бірақ естігенім мен көргеніме қарап Тоқаев Назарбаевтан бөлек, өз жолын қалыптастыра алатын адам деп ойламаймын. Өкінішке қарай, бұл Қазақстанда бұрынғыдан да үлкен саяси тұрақсыздыққа апаруы мүмкін.

Материалдағы пікірлер – сұхбат берушінің жеке ойы және ол АҚШ үкіметінің, қорғаныс министрлігі мен ұлттық әскери колледждің ресми ұстанымын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG