Грекияда Литва сұрауы бойынша Ресейдің тыңшы желісімен байланысы бар деген күдікке ілінген 55 жастағы азамат тұтқындалды. Ол желі Литвадағы ресейлік белсенді мен саяси кеңесшіні өлтіруге дайындалған деген болжам бар, деп жазды Voria және Delfi басылымдары.
Күдіктінің аты-жөні жарияланбаған. Басылымдар 10 ақпанда ұсталған күдікті – Грузиядан шыққан тегі грек азамат деп хабарлады. Салоники соты оны Литваға экстрадициялау туралы шешім шығарған.
Литваның құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенген Delfi күдікті адам 46 жастағы ресейлік белсенді мен Ресейге қарсы риторикасымен танымал литвалық саяси кеңесшісін өлтіруді жоспарлаған топтың мүшесі болған деп жазды. Литваның арнаулы қызметтері күдіктілер өздері нысанаға алғандарды сырттай бақылап, олар туралы барлау деректерін жинаған деп санайды. Кеңесшінің көлігінен тыңшы құралы табылған, ал ресейлік белсендінің аккаунттары бұзылған.
Сот материалдарымен таныс Voria басылымының жазуынша, тапсырыс берушілер Литваға киллерлерге құжат жасатумен және олардың сапарын ұйымдастырумен айналысқан. Киллерлер – 40 мың еуро, ал кісі өлтіруді ұйымдастырушы – 10 мың еуро алуға тиіс болған. Алайда қастандық жоспары іске аспады: күдіктілердің бір бөлігі 12 наурызда Литвада ұсталған.
Voria дерегінше, бұл іс бойынша бірнеше күдікті адам бар. Төртеуі – Грекия азаматтары, тағы біреуі оған қоса Ресей азаматтығына да ие. Қалғандары – Грузия, Украина, Беларусь және Литва азаматтары. Олардың бірі Германияда ұсталған. Тергеу жалғасып жатыр.
Терроризмге қарсы халықаралық орталықтың (ICCT) және Globsec жобасының мәліметінше, Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс ашқалы бері өткен төрт жыл ішінде Кремль Еуропада кемінде 151 гибрид шабуылдар ұйымдастырған.
Есеп авторлары анықтаған 172 орындаушының 95 пайызы бұрын ресейлік арнаулы қызметтермен ресми байланыста болмаған, ал солардың тек 58 пайызы кім жетекшілік ететінін білген. Орындаушылардың кемінде 12-сінің әсіреоңшыл қауымдастықтармен байланысы болған, ал 44 адам бұрын сотталған.
Зерттеушілер 2018 жылдан бері Еуропадан 600-ден астам ресейлік агент қуылғаннан кейін мұндай операциялардың ауқымы кеңейе түскенін айтады. Барлау қызметкерлерінен айырылғаннан кейін Кремль қатардағы азаматтар арасынан агент жалдауға көшкен. Мәскеу бұған байланысты барлық айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.