Accessibility links

Болашақ психиатрлар лесбиден нені сұрады?


Сербия астанасында өткен гей-парадқа қатысушылар. Белград, 17 қыркүйек 2017 жыл.
Сербия астанасында өткен гей-парадқа қатысушылар. Белград, 17 қыркүйек 2017 жыл.

Мамырдың 17-сі – халықаралық гомофобиямен күрес күні. 1990 жылы осы күні гомосексуалдылықты дерт түрлерінің әлемдік классификациялық тізімінен алып тастаған. Ресей қоғамында гомосексуалдарды жазғыратын көзқарас қалыптасқан. Ғалымдар мен дәрігерлер гомосексуалдылықты психиканың ауытқуы деп санамайды.

Еділ бойындағы қалалардың бірінде тұратын лесби әйел өзін кездесуге шақырған медициналық университеттегі болашақ психиатрлармен қазіргі Ресейде лесби болудың қандай екені жайлы өткен әңгімесінің мазмұнын жариялаған. Азаттық оның әңгімесін қаз-қалпында ұсынады.

Танысым психиатр мамандығына оқып жатқан студенттер тәжірибе алатын психиатриялық емханада өтетін факультативке шақырды. Оның сөзінше, студенттер апта сайын әртүрлі адамдарды шақырып, олармен сұхбат өткізіп, қонаққа кез-келген сұрақ қоя алады. Мені шақырған кезде оларда ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер - ред.) апталығы өтіп жатыр екен. Бәлкім, әңгімемнен кейін, кейбірінің бізге деген көзқарасы өзгерер деген оймен келістім. Оның үстіне, өзім жыныстық ерекшелігімді аса жасырған емеспін.

Келісілген күні психиатриялық ауруханаға бардым. Дәлізде ақ халатты бірнеше студентті жолықтырдым.

– Қайырлы кеш! Мені осында сабаққа қатысуға шақырған еді, – деп өзімді таныстырып жатып студенттер не туралы айтып тұрғанымды білетін болар деп ойладым.

– Дәріс тыңдауға келдіңіз бе? – деп сұрады студенттердің арасындағы жалғыз жігіт.

– Жоқ, қатысушымын. Мені осында оқитындардың бірі шақырған.

– Аудиторияға кіріңіз, – деді ол.

Бөлмеге кірдім. Кафедрада баяндама жасауға дайындалып бір қыз тұр. Тақтада трансгендерлер туралы әзірлеген презентациясы ілініпті.

– Кімсіз?

– Мені осында сабаққа қатысушы ретінде шақырған еді.

– Сіз трансгендерсіз бе? – қыздың дауысы жайдары шықты.

– Ім-м, жоқ, лесбимін, – дедім аздап қобалжып. Сірә, қысқа шашым мен жейдеме қарап қыз басқаша ойлап қалған-ау деп түйдім.

– Біз лесбилер туралы өткен аптада өткенбіз.

– Оқытушымен сөйлесе аламын ба? Мүмкін, онда менің қажетім жоқ шығар?

Бойжеткен мені оқытушыға ертіп барайын деді. Жолай тағы бірнеше студент қосылып, бәріміз екінші қабатқа шықтық. Оқытушы бос емес екен, біраз күтуге тура келді.

– Маған "Хор" сериалы ұнайды, – деді қыздардың бірі маған.

Гейлер туралы да баяндалатын сериалды айтып тұрғанын түсініп, бас изедім.

– Көрмеппін, – деп шынымды айттым.

– Өкінішті.

– Лесбилер туралы порно шынайы емес деп естідім ғой? – деп сұрады жігіт.

– Иә, шынайы өмірде қалай боларын көрсете бермейтіні рас.

Оқытушы бөлмесінен адам шыққан соң, студенттермен бірге кірдік. Олар бүгінгі өтетін тақырып басқа екенін, бірақ шақыру бойынша сабаққа қатысуға келіп тұрғанымды түсіндірді.

– Сәлеметсіз бе! – деп амандасты менімен оқытушы. – Сізбен әңгімелесуге құштармын. Мұндай жағдайдағы ер адамдарды көргем, бірақ осы кезге дейін әйелдермен сөйлесіп көрмеппін.

Жасы шамасы елудің ортасындағы оқытушы әйелдің жұмыс бөлмесі кең, іші кітапқа толы екен.

– Мынаны алыңыз, мұнда веб сайтымыздың да мекен-жайы көрсетілген. Өте пайдалы! Студенттеріміз үнемі қарап отырады, небір дүниелер бар, – деп маған визиткасын ұсынды. – Төменге түсейік, сізге қиын болмаса, өзіңізге бірнеше сауал қойсақ.

Біз келгенше аудитория іші студенттерге толыпты. Көлбеу аудитория ішіне үстелдер төбеден төменге дейін қатарымен қойылыпты. Кафедра алдындағы екі шаршы метрдей жердегі бос орынға оқытушы, мен және бірнеше студент жайғастық.

– Бүгінгі сабақтың тақырыбын аздап өзгертеміз. Бізбен кездесуге келген лесбимен... – деп сөзін бастай берген оқытушының аты-жөнімді сұрамағаны есіне түсті.

– Айгүл.

– Айгүлге кез-келген сұрақ қоя аласыздар, алдымен мен бірнеше сауал қойсам. Сонымен, өзіңіз туралы айтсаңыз: жасыңыз нешеде, немен шұғылданасыз?

– Жиырма тоғыздамын. Жарнама саласында жұмыс істеймін. Мамандығым – психолог.

– Жоғары білімдісіз бе? – оқытушы таңырқай сұрады.

– Иә, жоғары білімдімін – деп, Ресейдегі ірі жоғары оқу орындарының бірінде оқығанымды айттым.

Әдетте лесбилер ерлер атқаратын кәсіпті таңдайды. Бірақ мына жағдай басқаша

– Қайдан келдіңіз?

– Мен бұдан он екі жыл бұрын басқа аймақтан оқуға келгем, содан бері жалғыз өзім тұра бастадым.

– Татарсыз ба? – деп сұрады оқытушы.

– Иә.

– Қызық екен. Әріптестер, көрдіңіздер ме, әдетте лесбилер ерлер атқаратын кәсіпті таңдайды. Бірақ мына жағдай басқаша.

Оқытушының бұл сөзінен кейін орнымнан атып тұрып кетіп қалғым келді. Мұндайды қалай дәті барып айтып тұр? Бірақ, өзімді сабырға шақырдым. Бұл жерге өз еркіммен және болашақ психиатрлардың бізге қатысты ойларын аздап болса да өзгерту миссиясымен келгенімді ескердім.

– Ата-анаңызбен араларыңыз қалай?

"Ал, басталды, қазір менің гомосексуал болуымды әке-шешеммен қарым-қатынасымызбен байланыстырады" деп ойладым.

– Жақсы. Олар менің жағдайымнан хабардар. Серігімді де жақсы таниды. Жақсы араласады.

– Солай ма? – оқытушы тағы да таңқалды. Сірә, ол жақындарыммен жанжалдасқаным жайлы қайғылы оқиға айтады деп күтсе керек.

– Қазір не істейсіз?

– Жарнамамен айналысамын, – деп қайталадым.

– Қызық екен, әріптестеріңізден жыныстық ерекшелігіңізді жасырасыз ғой?

– Жоқ, – деп жауап бердім, тағы да оқытушының күткені бұл емес еді.

Одан кейінгі сұрақтар тағы да ата-анам, жұбым жайлы, қанша адаммен көңіл жарастырғаным туралы, гомофобияны (жыныстық азшылық өкілдеріне қысым - ред.) қалай сезінгенім туралы қойылды. Менің жағдайым Ресейдегі ЛГБТ өкілдерінің көпшілігінің басында болған жайттардан өзгешелеу. Менде гомофобияға қатысты проблема болған емес. Бұл, бәлкім, біздің қарым-қатынасымызды жария жасамауымызбен байланысты шығар. Жұбымызбен бірге тұрып жатқанымызға он жылға тақады, басқа отбасылардан еш айырмашылығымыз жоқ.

Егер көйлек кигім келмесе, бұл жынысымды ауыстырамын деген сөз емес

– Сізде [әйелдер киетін] көйлектер бар ма? – оқытушы тағы да әдеттегі сұрақты қойды.

– Жоқ, көйлек кигенді ұнатпаймын.

– Міне! – бұл жолы оқытушы өзіне керекті тапқан адамның разы кейпіне енді. – Киіп пе едіңіз?

– Бала күнімде, мектепте оқыған кезімде кигенмін. Бірақ қазір оның қажеті жоқ сияқты.

– Жынысыңызды өзгерткіңіз келе ме?

– Егер көйлек кигім келмесе, бұл жынысымды ауыстырамын деген сөз емес, – деп жауап бердім.

– Әйелдердің бәрі көйлек киеді. Қыздар, кімде көйлек бар? Қол көтеріңдерші! – деді оқытушы. – Енді көйлегі жоқтар көтерсін. Міне, көрдіңіз бе, бәрінде көйлек бар.

Ол екінші сұрағына кеудесіне жейде киген, қысқа шашты қыздың қол көтергенін байқап қалды.

– А, түсінікті… – деді оқытушы.

– Негізі менде белдемше бар, – деп әлгі қыз оқытушы оны ЛГБТ қатарынан болар деп ойлағанын түсініп, ақтала жөнелді.

– Етеккіріңіз келе ме? – ғылыми қызметкердің келесі сұрағы маған төбеден соққандай болды.

– Неге келмеуі керек?

– Демек, гормондарыңыз орнында. Орныңыздан тұра аласыз ба? – деді ол маған.

Оқытушы әйелдің сұрақтарына жауап беру барған сайын қиындай түскендей. Дегенмен, айтқанына көніп, орнымнан тұрдым.

– Сырт келбетіңіз әйелге тән нәзік – омырау мен бөксеңіз де бар.

– Лесбилерді ер адамға еліктейді дегенді қайдан шығарғаныңызды түсінбеймін. Негізі, олай емес, – деп ойын өзгерткім келді. – Оған қоса, ғылыми зерттеулерге сүйенсек, гетеросексуалдардың көбінде гомосексуалдық тәжірибе болған. Бірақ бұдан олар өзге жыныс өкіліне ұқсап кетеді деген сөз емес.

– Иә, психолог мамандығын оқысаңыз, сіз де біздің әріптесімізсіз. Құрбыңызда көйлек бар ма?

Үй шаруасын кім атқарады, ал, кім ақша тауып, "шегені кім қағады"?

– Иә, – келесі сұрақтың қандай боларын біліп, жауап бердім.

– Демек, араларыңыздағы ер азаматтың рөлі сізде ғой?

Бинго! Енді соны сұрайтын шығар деп өзім жорамалдаған сұрақты қойды.

– Жоқ, рөлдерді бөліспейміз. Біз – жұппыз.

– Сіз түсінбеген сияқтысыз, мен үй шаруасын кім атқарады, ал, кім ақша тауып, "шегені кім қағады" деп сұрап тұрмын, – деп оқытушы жөнсіз сұрағын нақтылап қойды.

– Екеуміз де. Біз ештеңені бөліп-жармаймыз.

Кәсіби психиатрдың сұрақтары біткеннен кейін, кезек болашақ психиатрларға тиді.

– Жігітпен көңіл қосар ма едіңіз? – соңғы қатарда жымиып отырған жігіттің сұрағы.

– Жоқ, егер сіз менен ер азаматтың сұлулығына баға берер ме едіңіз деп сұрасаңыз, онда, иә, бере аламын. Бірақ мені физикалық тұрғыда еліктіреді деп айта алмаймын.

Студенттердің сұрақ қоюға қысылып отырғандары аңғарылады. Бірі өзге қыздармен қарым-қатынасымды білгісі келсе, енді бірі бала кезімде қуыршақпен ойнадыңыз ба, әлде көлікке құмар болдыңыз ба деп сұрады. Сұрақ қою бір сағатқа жуық созылды. Соңында тағы бір студент қыз оқытушысынан және бір сұрақ қоюға рұқсат сұрады.

– Тек жылдам сұра, – деді оқытушы.

– Иә-иә, менің сұрағым: бақыттысыз ба?

– Иә.

– Құдайға шүкір!

Әлемде соңғы онжылдықта жынысы бір адамдар арасындағы қарым-қатынастарды қылмыс ретінде қарастыратын елдердің саны азайып келеді. Бірақ лесби, гей, бисексуал және трансгендерлер топтары өкілдеріне шабуылдар жасалатын елдер саны әлі де көп. Лесби, гей, бисексуал, транс және интерсексуалдар халықаралық ассоциациясының (ILGA) мәлімдеуінше, әлемде жынысы бір адамдар арасындағы сексуалдық қатынас 72 мемлекетте қылмыс деп танылған. 2006 жылы ондай елдер саны 92 болған.

Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жыныстық ерекшелігіне байланысты кемсітушілікке жол бермейтін заң қабылдау қажеттігі айтылып келеді. Бірақ әзірге ондай заң жоқ.

Қазақстандағы ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымы әйелдерінің қажеттіліктері туралы өткен жылы алматылық Feminita ұйымы жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, 16 қала мен елдімекенде сауалнамаға қатысқан 228 әйелдің 159-ы лесби, 53-і бисексуал, 10-ы квир, екеуі - пансексуал (өздерін гендер бойынша атамауға тырысатын адамдар), біреуі – трансгендер екенін айтқан.

Респонденттердің 48 пайызының мәлімдеуінше, олар жыныстық өзгешелігіне бола қилы зорлық-зомбылыққа немесе қысастыққа тап болғанын мәлімдеген. Ал 56 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшыраған өзге де әйелдерді білетінін жеткізген. Сауалнамаға қатысқан әйелдер әсіресе жұрттың тілдеп, қорлауы, жақтырмай қарауы, жеке өмірге жөнсіз араласу, соққыға жығу, қудалау тәрізді әрекеттер жиі кездесетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG