Accessibility links

Қуғындағы Тибет басшысы: "Шыңжаңдағы жағдай басымыздан өткен"


Қуғындағы Тибет үкіметінің басшысы Лобсанг Сангай Далай-ламамен бірге. Көрнекі сурет
Қуғындағы Тибет үкіметінің басшысы Лобсанг Сангай Далай-ламамен бірге. Көрнекі сурет

Қуғында жүрген Тибет үкіметінің басшысы Лобсанг Сангай Шыңжаңдағы аз ұлттар мәселесі Тибеттің басындағы жағдаймен бірдей деп санайды. Азаттыққа берген эксклюзивті сұхбатында Лобсанг Сангай осы үндестік туралы, Пекиннің саясаты мен оның салдарына қатысты пікірін айтты.

"ТИБЕТТЕ БОЛҒАН ЖАҒДАЙ ӘРКІМНІҢ БАСЫНА ТҮСУІ МҮМКІН"

Азаттық: "Саяси күн тәртібінде Тибеттегі жағдай - жанама, бірақ Қытай ықпалын арттыру негізгі мәселе саналатын аймақта жұмыс істейміз. Қытаймен экономикалық байланыс орнататын елдердің бәрі "тибет мәселесін" ескерсін" деп бірнеше рет айттыңыз. Тек экономикалық пайда жайлы ойламай, Қытайдың Тибеттегі қатаң саясаты туралы ойланса дейсіз. Тағы қандай алып-қосарыңыз бар?

Лобсанг Сангай: - Бұл айтқандардың қаншалықты орындалатыны бәрі жағдайға байланысты. Қазір Қытай ықпалы артқан сайын Қытайдың кім екенін түсінгісі келетіндер көбейді. Сондықтан олар "тибет мәселесін" білуі тиіс. Себебі Тибетте болған жағдай әркімнің басында болуы мүмкін, оның ішінде Еуропа да бар. Тіпті қазір соның бәрі болып жатыр десе болады. Тибетті тура мағынасында басып алып, отарлады. Еуропаны экономикалық тұрғыда жаулап алу жүріп жатыр. Экономика арқылы саяси ықпал жасайды. Оны түрлі Еуропа астаналарынан байқай аласыз. Қытай барлық жерге ықпалын күшейтіп жатыр.

Сондықтан Қытайдың кім екенін, қандай әрекетке дайын екенін білгісі келетіндер "тибет мәселесін" білсін, Қытайдың Тибеттегі бұрынғы және қазіргі қатыгез әрекеттерімен таныссын. Оны қалай басып алды, будда ғибадатханасы мен монастырлерін қалай талқандады, қытай саясатына қарсылық ретінде 152 тибеттік өздерін қалай өртеді – соның бәрін зерттесін. Сонда Қытайдың қолынан не келетінін білесіз.

Қарай отырыңыз: Қазақстандағы ұйғырлар қысымнан енжар болып қалды

Азаттық: - Еуропа үкіметтерінде бұл мәселені қалай қабылдайды? Ілгерілеу бар ма?

Лобсанг Сангай: - Бұл туралы 60 жыл бойы айтып келеміз. Менің осы қызметті атқарғаныма 7 жыл болды. Алғашқы 5 жылда қызығушылық болмады. Кездесуге сыпайылық үшін келетін. Олар біздің сөзімізге сенбеді. Қазір бәрін білгісі келеді. Соңғы кездесуде үлкен қызығушылық танытты, себебі қытай саясаты осында – еуропа астаналарында жүріп жатыр. Бұған қатысты олардың қандай шара қабылдайтыны – екінші мәселе.

Азаттық: - Жыл басында сіз басқарған үкімет қытай басшысының екінші мерзімінде билікте Пекин позициясына қатысты либерализация болатын шығар деп үміт білдірді. Бірақ Шығыс Түркістанда болып жатқан жағдай көңіл жұбатпайды. Пекин басқа бағытқа бұрылды. Аймақтағы тұрғындардың көбі, соның ішінде ұйғырлар, қазақтар мен татарлар жоғалып жатыр, оларды "саяси қайта тәрбиелеу лагеріне" қамап жатыр...

Лобсанг Сангай: - Қытай әскерилері Тибетке алғаш келгенде "гүлдендіреміз, бейбітшілік пен үйлесімділік орнатамыз" деп уәде берді. Жыл сайын бостандық деңгейін жариялайтын Freedom House дерегі бойынша, 2016-2017 жылы Сирия әлемдегі ең тәуелді мемлекет екен. Одан кейінгі орында Тибет тұр. Сириядағы жағдайды бәрі біледі. Ал екінші орында тұрған Тибеттің бостандықтан айрылған ел екенін кім біледі?

Қытай жүйесінің мәні осындай. Шыңжаңдағы жағдай да дәл сондай, ол жақтағы бауырларымыз бен қарындастарымыздың басына сынақ түсті. Тибетте "тәртіп орнатқан" қытай басқарушыларының біразы Шыңжаңға барып, тура сондай саясат орнату үшін сол әдістерді қолдана бастады. Шыңжаңдағы жағдайдың бәрі басымыздан өткен. ​

"ЕНДІ БҰЛ ТЕК ТИБЕТТІКТЕР МЕН ҰЙҒЫРЛАР МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС"

Азаттық: - Сіздерде "қайта тәрбиелеу лагерлері" болған жоқ қой?

Лобсанг Сангай: - Болды. Лагерь де, түзету жұмыстары да – бәрі болды. Адамдар да жоғалды. Бірақ Шыңжаңда ол ірі деңгейде жүріп жатыр. Миллионнан астам адам лагерге түсті. Шыңжаңдағы адамдарды басып-жаншу мен бақылауға алу әдістері Тибетте басталған, енді бүкіл Қытайды қамтыды. Олар бұл әдісті әлемнің түрлі бөлігіндегі тоталитарлық режимдерге экспорттап жатыр. Шыңжаң мен Тибеттегі жағдай әлемнің басқа бөлігінде де қайталанады. Енді бұл тибеттіктер мен ұйғырлардың мәселесі ғана емес. ​

Азаттық: - Кейбір үкіметтер қытай билігінің Шыңжаңдағы тәжірибесі мен әдісін қызығушылықпен бақылап отыр дедіңіз. Мысалы, путиндік режим аз ұлттарды орыстандыру шарасын қабылдап жатыр. Мәскеу Қытайдың азшылыққа жасаған тәжірибесін мұқият бақылап отыр.

Лобсанг Сангай: - Әлемдегі жағдайға қарасақ демократия бұрын-соңды осыншалықты ауқымды мәселеге тап болмаған, либералдық құндылықтарға осыншалықты деңгейде қауіп төнбеген. Авторитарлық билеушілер, авторитарлық режим кеңейіп, бүкіл әлемге тарап келеді. Қытай соның дәл ортасында тұр. Бұған не істей аласыз? Не демократиясы жоқ қытай жолын ұстанасыз, не біздің демократиялық үлгімізді қолдайсыз.

Қарай отырыңыз: Қытайда қысыммен түсік жасатқан әйел

Азаттық: - Ал сіз нені ұсынасыз?

Лобсанг Сангай: - Біз демократияны ұстанамыз. Мені 30 мемлекеттегі тибеттіктер сайлайды. Бізде сайланатын парламент бар. Қуғында жүрсек те әкімшілігіміз тиімді қызмет етіп жатыр. Біз зорлық-зомбылық жасамау пәлсапасын ұстанамыз. Бұл тибеттік модель. Біз жеңілсек, демократия мен зорлық-зомбылық жасамау үлгісі де жеңіледі деген сөз.

(Азаттықтың "Сибириские реалии" жобасынан алынған)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG