Accessibility links

Қырғызстанда қыз алып қашқандарды жазалауды күшейтпек


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Соңғы бес жылдан бері Қырғызстанда қыз алып қашқандарды "адам ұрлады" деген айыппен түрмеге қамайтын және көлемді айыппұл салатын заң нормасы жұмыс істейді. Алайда Ішкі істер министрлігі оның тиімді болмағанын айтып, арнайы заң жобасын әзірледі.

Айтылған норма 2013 жылы қабылданған. Содан бері бес жыл өткенде Ішкі істер министрлігі (ІІМ) бұл шараның тиімді болмағанын мойындады. Енді министрлік бұдан да қатаң шара қолдану үшін тиісті заң жобасын қарастырып жатыр. Министрлік өкілдері «қыз алып қашу» мәселесі өте өзекті екенңіне, 20 жылдан бері қоғам мен мемлекет қана емес, халықаралық деңгейде талқыланатын тақырыпқа айналғанына мән берген.

2013 жылы түзету бойынша қалыңдық ұрлауға жауапкершілікті күшейту, әйелдердің (соның ішінде неке құру жасына жетпеген қыздардың) құқығы мен еркіндігін қорғауды күшейтуге бағытталған нормалара қарастырылған еді. Жогорку Кенеш қабылдаған шара аясында діни рәсімдер жүргізген кезде неке жасына қатысты заңды бұзу бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң қаралып, қолданысқа енгізілген. "Алайда, қылмыс жасауға қатысты шара қабылданғанына қарамастан, әйелдің қалауына қарсы некеге тұруға мәжбүрлеу қазір де бар, әсіресе, жаңа қылмысқа итермелейтін әрекеттер, соның ішінде әйелдің жыныстық құқығына және өміріне қол сұғу ерекше алаңдатады», - дейді заңнама авторлары.

Заңды күшейтуге қатысты ақпараттық науқан да "қыз алып қашуға" әсер етеді.

Құқық қорғау мекемесінің қылмысты жоюға қарсы бұндай ниеті құптауға тұрарлық. Бірақ қазірдің өзінде тиімсіздігін көрсетіп отырған «күшке салу» әдісімен мәселені шешуге бола ма? «Ашық желі» қоғамдық қорының жетекшісі Мұнара Бекназарова мемлекет тарапынан бастама жасаудың жақсы іс екенін, бірақ мәселе жазалауға емес, бапты қолдануға келіп тірелетінін айтады.

- Құқық қолдануға қатысты бірнеше іс бойынша жұмыс істедік. Заң бар, бірақ оның күші жоқ – қылмыстың алдын алуда да, қуынғанда да, сотқа беруде де ол жұмыс істемейді. ІІМ бастамасына келсек, мемлекет тарапынан бастама көтергені жақсы. Бұрын бізде ондай заңды азаматтық қоғам көтеретін. Енді құқық сақтау шаралары жұмыс істесе болғаны. Заң бұзушыларды сол ғана тоқтатады, - дейді Мұнара Бекназарова.

Оның айтуынша, заңды күшейтуге қатысты ақпараттық науқан да "қыз алып қашуға" әсер етеді. Бекназарова 2013 жылы заңға түзету енгізген кездегі науқанды мысалға келтіреді, бірақ ол кезде де бәрі ойдағыдай болмады.

- Айыппұлды өсіру қыз алып қашқандарға ауыр тиетіні анық. Оның үстіне жазаны күшейту туралы ақпараттық науқан жақсы өтті деп ойлаймын. Басқа жоба бойынша барған аудандарымызда адамдар «осылай істепті, қыз алып қашуға болмайды екен» деп жатты. Бірақ жарты жылдан соң қайтадан барғанда «заңды қайтадан қарайды екен» десті. Ондай сыбыстың қайдан шыққанын түсінбедік. Бірақ мемлекет бастама көтерсе, ауқымды ақпараттық науқан жүргізсе, адамдардың еститінін, есте сақтайтынын түсіндім. Енді мына жазаны ауырлату да "қыз алып қашуды" тоқтатады деп үміттенемін. Содан соң мониторинг қажет. Заң қабылданса, үкімет оны бақылауда ұстауы керек, - дейді «Ашық желі» қоғамдық қорының жетекшісі.

Айыппұлға қарсымын. Қызды алып кетіп, зорлап, келесі күні қайтарғаны үшін айыппұл төлеуі керек пе? Зорлық үшін, қыздың тағдырын тас-талқан еткені үшін қандай айыппұл болуы мүмкін?
Депутат Айнұр Алтыбаева

ІІМ ұсынған түзетулер бойынша он жеті жасқа толмаған тұлғаны неке қатынасына түсуге мәжбүрлегендер үшін айыппұлды 10 мың – 50 мың сомнан 100 мың – 300 мың сомға дейін көтеру ұсынылды. Бұл ұсыныс қабылдана қалса, қылмыскер қазіргі ережеге сай бес жылға дейін емес, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Енді ІІМ қыз алып қашқаны үшіне түзету жұмыстарымен жазалауды да алып тастамақ. Осы баптың 2-бөлімінде – кәмелеттік жасқа толмаған қызды неке қатынасына тұру үшін ұрлағаны үшін бес жылдан 10 жылға дейін соттайды. Тиісінше, айыппұл көлемі де 100 мыңнан 200 мың сомға дейін көтерілмек.

Қырғызстан қылмыстық кодексінің 155-бабына да (Әйелді некеге тұруға мәжбүрлеу, некеге тұру үшін ұрлау немесе некеге тұруға кедергі келтіру) шамамен осындай түзету енгізу ұсынылды Қазіргі бапта 10 мыңнан 20 мың сомға дейін айыппұл мөлшері қарастырылған Ендігіде оны 10 есеге көтеру жоспарланған және бұрынғы бас бостандығынан айыру жазасы да қала бермек. Бұл санкцияны министрлік күшейтіп, бас бостандығынан айыру мерзімін бір жылдан үш жылға дейін белгілемек.

Депутат Айнұр Алтыбаева – қыз алып қашқаны үшін жазаны күшейту заңын әзірлеушілердің бірі. Оның айтуынша, 2013 жылы бұл қылмыс адам ұрлауға теңестірілді, оған дейін жаза өте жұмсақ болатын. Бірақ Алтыбаева ІІМ-нің айыппұл туралы бастамасын қолдамайды.

- Айыппұлға қарсымын. Қызды алып кетіп, зорлап, келесі күні қайтарғаны үшін айыппұл төлеуі керек пе? Зорлық үшін, қыздың тағдырын тас-талқан еткені үшін қандай айыппұл болуы мүмкін? Әдетте, қайтқан қызды ауылдастары қысымға алады. Жанұясы қолдады деген күннің өзінде көршілері айыптайды. Ондайда адам өзіне қол жұмсауға бейім келеді. Сондықтан кез келген айыппұлға қарсымын.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Алтыбаеваның айтуынша, жазаны күшейту туралы алдыңғы заң жобасын әзірлеген кезде де оны «дәстүрге қарсы шықты», «балаларды түрмеге қамағысы келеді» деп айыптаушылар болыпты.

- Сонда заң жобасы әрең өткен. Бір жыл сонымен жұмыс істедім, Ол кездегі президент Алмазбек Атамбаев заңға дереу қол қойды. Төрт парламенттік комитеттен, үш оқылымнан өтті. Заң жобасы, шын мәнінде, жақсы еді.

Жогорку Кенештегі әйел депутаттар да қыз алып қашқандарға жазаны ауырлатуды көздейтін заң жобасын күшейту мақсатында жұмыс бастады. Алтыбаеваның айтуынша, кәмелетке толмағандарды алып қашқандар үшін 12 жылға дейін соттау (қазіргі қолданыстағы заң бойынша 10 жылға дейін), ал кәмелет жасынан асқандарды ұрлағандарды 10 жылға дейін (қазіргі заңда - жеті жылға дейін) бас бостандығынан айырмақ. Бұл түзетулер 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетін Қылмыстық кодекске кіргізіледі.

ІІМ статистикасы бойынша, 2017 жылы қалыңдық ұрлау бойынша сотқа берілген 28 қылмыстық істің 11-іне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, 16 адам шартты түрде бас бостандығынан айрылды, тек бір адам ғана бес жылға сотталған.

Қырғызстанда "қыз алып қашу" 20 жастағы Бурулай Тұрдаалқызының милиция бөлімшесінде қаза болған оқиғасынан соң көп талқыланған өзекті мәселеге айналды. Милиция оны алып қашқан қашқан адамды ұстап ішкі істер бөлімшесіне алып келгенде, ер адам қызға бірнеше мәрте пышақ салып үлгеріп, Бурулай қайтыс болып кеткен.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Болот Колбаевтың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG