Accessibility links

Бішкектегі жалғыз ЛГБТ клубты жауып жатыр


Бішкектегі ЛГБТ өкілдеріне арналған "Лондон" клубының ішінен түсірілген сурет.
Бішкектегі ЛГБТ өкілдеріне арналған "Лондон" клубының ішінен түсірілген сурет.

Бішкекте қоғамнан шетқақпай көретін ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдері бас сауғалайтын жалғыз орын бар еді, сол клуб жабылып жатыр. Жыныстық азшылық өкілдері енді қай жерде бас қосатындарын білмейді.

Бішкектегі Асанбай ықшамауданындағы көлік жуатын ескі ғимараттан күндіз адам таппайсыз, оның қасындағы бар да бос тұрады. Бірақ әр сенбі күн ұясына отырып, қас қарайған шақта ағаш есікті қағып тұрған жастарды көресіз, олар жан-жағына жалтақтай қарап ғимаратқа ұрлана кіріп бара жатады.

Қаланың шуы мен қарбалас өмірінен жасырынғысы келгендер осы жерден пана тапқан. Перденің ар жағындағы күлгін түсті шам мекеменің кімдерге арналғанын білдіреді. Жергілікті ЛГБТ қауымның баспанасына айналған шағын бар «Лондон» деп аталады.

Клубты екі лесби ашқан. Олар сырттай бір-біріне ұқсайды әрі бірдей киінген. Олар есіктен кірген әр адамды тексереді. Клубқа жаңа кісіні бұрыннан келіп жүрген таныс адамның ұсынысы бойынша ғана кіргізеді. Бұл жерде жаңадан келгендерге күмәнмен қарайды – қырғыз қоғамында гомофобия қатты, сондықтан мұндай тәртіпке таңғалуға болмайды.

Өздеріне шабуыл жасалуы мүмкін немесе қауіпсіздігіне қатер төнеді деп сақтанған клуб иелері аты-жөндерін ашып айтудан бас тартты. Олар «Лондонды» екі жыл бұрын ашқандарын айтады, бірақ Ұлыбритания астанасы туралы хабарлары аз және ол жақтағы гей-қауымдастықпен таныс емес.

Клуб ашқан лесбилердің бірі Олеся «Бұрын кабаре-клубымыз болды, сол жерде гей-отырыстар өткізетінбіз, өте танымал болатын. Оны жапқан соң ЛГБТ үшін жеке орын ашуды мақсат еттік, адамдар өмірлері үшін қорықпай алаңсыз араласса дедік» дейді.

Оның қорқынышы бекер емес. Қырғызстанда гейлерді ұнатпайды. «Қырғыз Индиго» ЛГБТ тобы жақында өткізген сауалнамаға қарағанда, гейлердің 84 пайызы соққыға жығылған, 35 пайызы жыныстық зорлық көрген. «Қырғыз Индиго» гейлерге қарсы жеккөрініш пен зорлық-зомбылық жыл сайын күшейіп келе жатқанына алаңдайды.

Бішкектегі ЛГБТ өкілдеріне қарсы шерулердің бірі.
Бішкектегі ЛГБТ өкілдеріне қарсы шерулердің бірі.

Клубқа үшінші рет келген 18 жастағы трансгендер «Әйелге ұқсағым келгенім үшін әкемнен таяқ жедім. Мектепте де сол үшін ұрғандар болды. Ешкім мені түсінбеді, ата-анам да мені қабылдай алмады, сондықтан мектеп бітіре салысымен үйден кетуге мәжбүр болдым» дейді.

Бішкекте мұндай адамдардың қорықпай жүріп, дискриминациядан құтылатын жерлері өте аз. Жас жігіттің айтуынша, күні-түні үйде отыру, сырт келбетіне байланысты жұмыс табу өте қиынға түскен.

«Кейде әйел тәрізді киініп көшеге шығамын. Бірақ біреу танып қойып, соққыға жығар деп қорқып жүремін. Осы клубта өзімді қауіпсіз сезінемін, осы қалпымда қабылдайтын адамдардың арасындамын. Олармен араласып, өзімді еркін сезінемін» дейді трансгендер.

«ЛОНДОННЫҢ» ЖАБЫЛУЫ

Жас жігіттің жаңа өмірі ұзаққа созылмады, себебі «Лондон» клубына келушілер бірнеше күн бұрын қоштасу кешін өткізді. Ғимараттың қожайыны ЛГБТ қауымдастық кештері өтетінін біліп қалып, жалға алушылардан оны босатуды сұраған. Олеся өкінішпен «Олар гомофоб емеспіз дейді, бірақ ғимаратты босатуды сұраған себебі сол ғана» дейді.

2014 жылы парламентке гейлерді насихаттауға тыйым салу туралы жаңа заң жобасы түскелі жергілікті ЛГБТ қауымдастыққа қысым күшейе түсті. Клубты жабу – соның бір ғана көрінісі.

Бұл клубқа тұрақты түрде келіп тұрған 21 жасар Н. «Осыған дейін өмір жеңілдеу еді. Бұрын ЛГБТ мәселесін қоғамдық көлікте талқылап отыра беретінбіз, ешкім оған мән бермейтін. Заң жобасынан соң көптеген адамдар жергілікті ЛГБТ қауымдастық туралы біліп, агрессия көбейді. Енді қоғамдық орындарда өз мәселеміз туралы айта алмаймыз» дейді.

Заң жобасы ұлтшыл топтардың белсенділігін арттырған. Жыныстық азшылықты қорғаумен айналысатын «Лабрис» тобының зерттеуі бойынша, соңғы үш жылда гейлерге шабуыл үш-төрт есе көбейген.

Клубқа келушілердің тағы бірі «Өз арамызда заң жобасы ЛГБТ қауымдастық үшін үлкен насихат болды деп әзілдейміз. Біз туралы қазір бәрі біледі» дейді. Олеся мен серігі мекеменің мекен-жайын осымен талай рет ауыстыруға мәжбүр болды. Олар соңғы екі жылда үш рет қоныс өзгерткен.

«Адамдар гей-клубтың не екенін білмейді. Бізді порнографиямен айналысады деп ойлайды. Осында келіп, адамдардың сусын ішіп, тамақтанып, билейтінін көрсе, басқаша болар еді» дейді Олеся қамығып.

Бішкектегі дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға қарсы жиындардың бірі. (Көрнекі сурет)
Бішкектегі дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға қарсы жиындардың бірі. (Көрнекі сурет)

30-ға жуық жас жігіт клубқа кіріп, жиһаздарды сындырып, бардың бірнеше қызметкерін жаралаған соң ғимарат қожайыны оны босатуды талап еткен.

«Әрине, бізді жек көретіндер мекеменің мекен-жайын біліп қойып, шабуыл жасауға келіп қала ма деп қорқып жүреміз. Үнемі жасырыну мүмкін емес, біреу әлеуметтік желіге пост жаза салады, қашанғы тығыласың. Бірақ гомофобтардан қорықпаймыз. Полицияға сенемін» дейді Олеся.

Дегенмен кейде оның бұл сенімі күл-парша болады. Соңғы рет клубқа шабуыл жасалғанда біреу Олесяны басынан шөлмекпен ұрған. Ол полицияға шағымданған, бірақ «құрып кет, азғын!» деген сөз естіген.

АГРЕССИЯ ҚАЛАЙ КӨБЕЙДІ?

Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға тыйым салатын заң жобасы 2013 жылы Ресейде қабылданған заңға ұқсайды. Ол жоба қабылдану үшін парламентте үш рет қаралуы керек. Белсенділер үшінші оқылымнан үміт күтпейді, себебі алғашқы екі оқылымда депутаттар заң жобасына аса бір қарсылық таныта қоймады.

Үнемі жауып тастайды, қарызды төлеу қиындап барады. Бірақ сонда да амалын іздеп, ЛГБТ алаңсыз жинала алатын орын қарастырып жатырмыз.

Қырғызстанның ЛГБТ қауымдастығын алаңдататын тағы бір жайт бар. Өткен жылдың желтоқсанында Қырғызстан конституциясындағы 36-бапқа өзгеріс енгізілді, бұрын кәмелеттік жасқа толған адамдар үйлене алатын болса, енді тек ер мен әйел адам үйленуге болады деп жазылған. Қырғыз басылымдары мұны бір жыныстылардың үйленуіне тыйым салу деп қабылдады. Бұдан соң да ЛГБТ-қауымдастыққа қысым күшейді.

«Толассыз күресу мүмкін емес. Үнемі жауып тастайды, қарызды төлеу қиындап барады. Бірақ сонда да амалын іздеп, ЛГБТ алаңсыз жинала алатын орын қарастырып жатырмыз. Олардың алдында өзімізді жауапты сезінеміз. Біз олардың анасы сияқтымыз» дейді Олеся.

Келушілердің бәрі кеш өткізетін басқа орын табылар деп үміттенеді. Бұрынғы клуб жабылған кезде біразы кәдімгі түнгі клубқа барған, бірақ оларды тез танып қойыпты.

Бізбен қоштасқан 18 жастағы жігіт «Басымды қатерге тігуден қорқамын, бірақ «Лондон» бізге есігін қайта ашады деп үміттенемін, біз үшін жалғыз қауіпсіз орын – осы ғана» дейді.

XS
SM
MD
LG