АҚШ-тың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығатыны туралы шешімін әлемде түрліше бағалап жатыр. Маусымның 19-ы күні АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Вашингтонның мұндай қадамға "өзге мүдделер үшін адам құқықтарын мазаққа айналдырған екіжүзді ұйымның құрамында қалуға төзбейтіндіктен барып отыр" деп мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: АҚШ БҰҰ Адам құқықтары кеңесінен шығады
АҚШ өкілі БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына әлемде адам құқықтарының жағдайы нашар күйде қалып отырған елдердің бірі Конгоның қабылданғанын мысалға келтірген. Бұған қоса ол Венесуэла, Куба мен Қытай тәрізді адам құқықтарын сақтамайтын елдер де кеңеске мүше екенін айтқан.
Сонымен бірге Хейли АҚШ-тың адам құқығы саласындағы міндеттемелерінен бас тартпайтынын, егер ұйымға қажетті реформалар жүргізіліп, өзгерістер жасалатын болса, онда АҚШ болашақта Адам құқықтары жөніндегі кеңеске қайтадан енуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бұған дейін ақпарат агенттіктері аталған ұйымға реформа жүргізу туралы келіссөздердің нәтижесіз аяқталғаны туралы хабарлаған болатын.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш Вашингтонның бұл шешіміне қатысты: "Қаяулы, бірақ таңғаларлық жаңалық емес. Қазіргі таңда әлемдегі адам құқықтарының жағдайын ескере отырып, АҚШ одан бас тартпай, [оны қорғауға] белсендірек қатысуы тиіс", - деп жазған Twitter-дегі парағына.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың шешімін "ерлік" деп атап, қолдау білдірген. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жоғарғы комиссары Зейд Раад әл-Хусейн Вашингтонның "еш күтпеген, түңілдіретін" қадамға барғанын айтқан.
Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот АҚШ билігі адам құқығы саласында "бірөлшемді" саясат ұстанып отыр деп, Вашингтонның шешімін сөккен.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯ
Қазақстандық кей сарапшылар АҚШ билігінің БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығу туралы шешімін түрліше бағалайды. Бұрынғы дипломат Батырхан Құрмансейіт АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің саясаты одақтас елдермен қатынасына кері әсер етіп, оның соңы дипломатиялық изоляцияға алып келуі әбден мүмкін деп санайды.
- Кеше ЮНЕСКО, оның алдында Париж келісімінен шықты, Иран мәселесі бойынша да алдын-ала әріптес мемлекеттермен келіспей біржақты шешім қабылдап, жариялады. Канададағы G7 жиынына кешігіп барып, бітпей жатып кетіп қалды. Солтүстік Корея мәселесі бойынша да қандай позицияны ұстану керектігін әріптес мемлекеттермен келісіп алуды жөн санамады. Бұлай жалғаса берсе, батыстың дамыған мемлекеттері де "біз де АҚШ-сыз шешім қабылдай берейік" деген пікірді алға тартып, xалықаралық маңызды мәселелерді АҚШ-ты қоспай талқылай беретін жағдай қалыптасуы мүмкін, - дейді ол.
Құрмансейттің пікірінше, Батыстың дамыған мемлекеттері мен АҚШ арасындағы дипломатиялық түсініспеушіліктің артуы Ресей мен Қытай тәрізді елдердің халықаралық аренада белсенділігін арттыруы мүмкін.
- Ал бұл екі мемлекет АҚШ-тың дипломатиялық изоляциясын пайдаланып, "ойындағысын іске асырып, білгенін істейтін" болса, онда жалпы xалықаралық деңгейде қалыптасқан саяси-дипломатиялық жүйенің үлкен өзгерістерге ұшырау қаупі туындайды, - дейді қазақстандық экс-дипломат.
АВТОРИТАРЛЫҚ РЕЖИМДЕР МЕН АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ
Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының директоры Евгений Жовтис халықаралық ұйымдар, олардың арасында БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да әлдеқашан халықаралық үкіметаралық ұйымға айналған деген пікірде.
– Яғни, оларда мемлекеттер мен халықтардың мүддесін үкіметтер білдіреді. Ал тұтас алғанда, әсіресе авторитарлық мемлекеттер мен диктатуралар туралы айтар болсақ, үкімет әркез халықтың мүддесін қорғаушы бола бермейді. Сондықтан, мәселен, барлық мемлекеттердің келісімі бойынша консенсус негізінде шешім қабылдайтын ұйымның құрамында Ресей, Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Беларусь тәрізді мүшелер бар кезде адам құқықтары, демократияға байланысты қандай да бір қалыпты шешім қабылдау қиынға соғатыны түсінікті, - дейді құқық қорғаушы.
Авторитарлық мемлекеттер мен диктатуралар туралы айтар болсақ, үкімет әркез халықтың мүддесін қорғаушы бола бермейді
Жовтистің пікірінше, шешім қабылдауға әлгіндей ұйымға енген мемлекеттердің адам құқықтары деген не, оның қажеті бар ма, әлде жоқ па деген мәселелерге қатысты түрлі көзқарасы мен саяси ұстанымдары аса қатты ықпал етеді. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамында демократиялық елдермен қатар Қытай немесе Сауд Арабиясы тәрізді адам құқығын қорғайтын немесе демократиялық мемлекет деп атауға келмейтін мемлекеттердің болуы осындай проблеманың көрінісі дейді ол.
– Ол ұйымдарда шешім көпшілік дауыспен қабылданатындықтан, кейде дамыған демократиялық елдерге демократиялық емес, тіпті авторитарлық елдердің арасында шешім қабылдау өте қиын. Сондықтан, адам құқығы мәселесін көтерген елдердің ұстанымы көбіне тосқауылға кезігеді, - дейді құқық қорғаушы.
Freedom House – Kazakhstan құқық қорғау үкіметтік емес ұйымының өкілі Виктория Тюленева АҚШ-тың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамынан шығу туралы шешімін қынжылыспен қабылдағанын айтады. Әйткенмен, оның пікірінше, адам құқығын қорғау ісі әр елдің өзіне байланысты болмақ.
- Меніңше, адам құқықтарын құрметтеу - әр елдегі саяси режим қалыптастыратын мәселе. АҚШ демократиялық жүйесі орныққан мемлекет болғандықтан, әлгі кеңес құрамында болуы немесе шығуы ол елдегі жағдайға еш өзгеріс әкелмейді, қалыптасқан жүйе адам құқығы саласындағы қателіктерді өзі түзей алады. Ал ішкі жүйесінде адам құқығын құрметтеу әдеті қалыптаспаған елдерде оған байланысты проблемалар АҚШ-тың Адам құқықтары кеңесіне мүше немесе мүше емес екендігіне қарамастан жалғаса береді, - дейді ол.
Ішкі жүйесінде адам құқығын құрметтеу әдеті қалыптаспаған елдерде оған байланысты проблемалар жалғаса береді
Женевада орналасқан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылы құрылған. АҚШ бұл кеңестің құрамына 2009 жылы, президент Барак Обаманың тұсында енген. Кеңес құрамына қазір Африка, Азия-Тынық мұхит аймағы, Батыс және Шығыс Еуропа мен Америка құрлығынан - барлығы 47 ел мүше. Кеңес мүшелері үш жыл мерзімге сайланады, АҚШ-тың кеңеске мүшелігі 2019 жылғы желтоқсанның 31-інде аяқталуы тиіс болатын.
Аталаған кеңес құрамындағы кей елдер адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін орындамай отырғаны туралы бұған дейін бірнеше мәрте сын айтылған.
ПІКІРЛЕР