Accessibility links

Жовтис Қазақстан шешуші сайлау алдында тұр дей келе қоғамды демократия пайдасына таңдау жасауға шақырады


Сотталған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің суреті салынған шарда " Әділдік жасасын, сатқын судьялар жойылсын!" деп жазылған.
Сотталған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің суреті салынған шарда " Әділдік жасасын, сатқын судьялар жойылсын!" деп жазылған.

Өскемендегі қоныстану колониясыннда отырған Евгений Жовтис азаматтық қоғамға үндеу жолдай отырып, Қазақстанда кланаралық, элитаралық күрестің етек алғанына тоқталады. Құқық қорғаушының жақтастары саяси қудалаулардың тиылмай отырғанын айтады.

Евгений Жовтистің жақтаушылары 10 қараша күні Алматыда өткен баспасөз-мәслихатында жаза мерзімін өтей бастаған құқық қорғаушы Евгений Жовтис ісіне Жоғарғы соттың баға бергеніне қарамастан, қадалағау алқасына шағым беретіндіктерін мәлімдеді. Олар ақпарат құралдарына сондай ақ, қазір Өскемендегі ОВ 156/13 қоныстандыру колониясында отырған Жовтистің мәлімдемесін де таратты.

Осыған дейін Адам құқтары мен заңдылықтарды сақтау бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің қорғаушыларының Алматы облыстық сотына берген апелляциялық шағымы қанағаттандырылмай, құқық қорғаушы ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-ші тармағы бойынша төрт жылға бас бостандығынан айрылған еді. Аталмыш іске Жоғарғы соттың баға бергеніне қарамастан олар жуырда облыстық сотқа шағым әзірлеп отырғандарын жеткізді.

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ БАҒАЛАУЫ ЖӘНЕ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ БАҒЫТЫ
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 10 қараша, 2009 жыл.


Жовтисті қорғау штабының жетекшісі Сергей Дуванов: «Жоғарғы соттың өкілі процесс бойынша өздерінің көзқарастарын білдіріп, іс жүзінде оған нүкте қойды. Олар Жовтисті кінәлі деп санайды. Жалпы алғанда, осымен апелляция бойынша істерді тәмамдауға болатын еді. Бірақ заңгерлер оны жалғастыра береді. Бұл олардың жұмысы,-" деді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков сот үкімінің заңды екенін айтып, бұл істегі қоғамдық қорғаушыларды "өздеріне саяси жарнама жасамауға" шақырған болатын.

"Біз бұл жол апатында құрбан болған жаққа да, екінші тарапқа да өкініш білдіреміз, бірақ сот орнынан берілген ақпарат пен жарияланымдар өте саясиландырылған,-" деген еді Мұсабек Әлімбеков қарашаның 5-сі күні Астанада өткен «Сот жүйесі мен БАҚ» форумында.

Жовтистің қорғаушысы Виталий Воронов Жоғарғы сот төрағасының сөзін теріске шығарып, кейбір келіспеушіліктерін былайша жеткізеді.

Онда Виталий Воронов: «Жоғарғы соттың қадағалау коллегиясының төрағасы екі жақ келісімге келген жағдайда, Жовтисті қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін 4 шарт орындалуы керек деді. Біріншіден, аса ауыр емес қылмыс болуы керек, келген зақым өтелуі тиіс, келісімге келу, кінәні мойындау.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің адвокаты Виталий Воронов. Алматы, 10 қараша, 2009 жыл.


Мен онымен келіспеймін. Себебі, Қылмыстық кодекстің 67- бабында төрт емес, үш жағдай ғана қарастырылған. Яғни, оның ішінде кінәні мойындау жоқ. Мұны Жоғарғы соттың өзі қабылдаған арнайы нормативті қаулысынан да таба алмайсыз. Қалған үш негізгі талап орындалған жағдайда сот 67-ші бапты қолдануды талқылауға міндетті. Екіншіден, егер адам өз кінәсін мойындамаса да, сот айыптау үкімін шығаруы тиіс еді, Жовтис ісінде де осылай болды. Бірақ ол оны жазадан босатуы керек еді. Өкінішке қарай, Жоғарғы соттың қадағалау алқасы төрағасының сөзінен мұны ести алмадық. Осыған қарап алдағы қадалағау алқасына беретін шағымның нәтижесі қалай болатынын білуге болады,- деп атап өткен болатын.

Вера Ткаченко: «Біздің ойымызша, Жоғарғы соттың процеске қатысушыларға өз пікірін білдіргені үшін теріс баға беруі Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактідегі 17-ші бап яғни, азаматтардың өз пікірін айту құқығын шектеу болып табылады. Өзін демократиялық-құқықтық мемлекет деп санайтын елде мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Жоғарғы соттың позициясы өкінішке қарай, республикадағы барлық сот жүйесінің репрессиялық сипатта екенін көрсетеді».

ТҮРМЕДЕН ЖЕТКЕН ЖОЛДАУ

Жақтастары сонымен қатар Өскеменнің қоныстану колониясында отырған Евгений Жовтистің 5 қарашада жазған мәлімдемесін де баспасөз-мәслихатына қатысушыларға ұсынды.

«Сайлау алдында» деп аталатын мәлімдемеде ол президентке мұрагерлік мәселесі өзекті бола бастаған сайын елде ішкі жағдайдың ушығып отырғанын, Қазақстанның алдында шешуші сайлау тұрғанын жеткізеді.
...оның мұрагері кім болатыны, сондай - ақ, елдің әрі қарай қалай дамитыны туралы мәселе өткір бола бастады. Бұл сұрақ тек өткір ғана емес, бар көрген жақсылығы үшін қазіргі президентке борышты элита үшін аса маңызды.
..


«Бұл күрес соңғы екі жылда өрши бастады. Әсіресе, 2010 жылы «баламасыз» президент Н.Назарбаев 70-ке толар қарсаңда және ол өз міндетін атқара алмай, жағдайды бақылауға шамасы келмейтін кезде, оның мұрагері кім болатыны, сондай - ақ, елдің әрі қарай қалай дамитыны туралы мәселе өткір бола бастады. Бұл сұрақ тек өткір ғана емес, бар көрген жақсылығы үшін қазіргі президентке борышты элита үшін аса маңызды....

Өкінішке қарай, тәуелсіз мемлекет құру кезеңінде қауіпсіздік, меншік пен жағдайды қорғаудың институционалдық кепілдіктерін құра алмадық. Заң, мемлекеттің құқықтық институттары қоғамдағы әділет жолында, құқықтың үстемдігі, Конституцияда белгіленгендей құқық пен бостандықтың кепілі үшін жұмсалмай отыр. Бұл бәріне қатысты: жоғары лауазымды тұлғаларға да, азаматтық қоғамның белсенділеріне де, Президенттің бұрынғы күйеу баласына да, журналист Р.Есіргеповке де, бұрынғы премьер-министр Ә.Қажыгелдинге де, құқық қорғаушы Е.Жовтиске де, журналист Т.Күшіковке де, «Қазақатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы М.Жәкішевке және «Республика» газетіне де қатысты,-" деп атап көрсетілген мәлімдемеде.

Құқық қорғаушының пікірінше, дәл қазір демократия мен құқықтық мемлекеттің дамуы саяси элитаның таңдау қадамына тікелей байланысты болады. Қазақстанның мұндай таңдау жасауына азаматтақ қоғам мен халықаралық қауымдастық ықпал етуі керек деп есептейді Евгений Жовтис.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG