Accessibility links

Ереуілші мұнайшылар – алаңда, заңгері – Атырау түрмесінде


Наталья Соколова (ортада), оның күйеуі Василий Чепурной (сол жақта) мен адвокаты Арман Жәменов. Ақтау, 26 қыркүйек 2011 жыл.
Наталья Соколова (ортада), оның күйеуі Василий Чепурной (сол жақта) мен адвокаты Арман Жәменов. Ақтау, 26 қыркүйек 2011 жыл.

«Қаражанбасмұнай» компаниясы кәсіподағының заңгері Наталья Соколова қазір Атырау қаласындағы 157/11 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Ал мұнайшылар алдағы мереке күндері де ереуілдей бермек.


«Қаражанбасмұнай» компаниясы кәсіподағының заңгері, «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен тамыз айында 6 жылға бас бостандығынан айырылған Наталья Соколова «осыдан екі ай бұрын Атыраудағы 157/11 әйелдер колониясына ауыстырылды» дейді оның ері Василий Чепурной Азаттық тілшісіне.

«ҚҰРЫЛЫСШЫ» ЗАҢГЕР

Василий Чепурнойдың айтуынша, заң бойынша Наталья Соколоваға жақындарымен жылына төрт рет ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат етілген. Бірінші кездесу қараша айының ортасында болыпты.

Ерінің айтуынша, Наталья Соколованың жағдайы «түрмеде отырған басқа сотталушылардыкі» сияқты.

– Еңсесі түспеген. Оған адвокатқа хабарласу қиындау боп тұр. Қазір қайтадан аппеляциялық шағым жазып, өзі дайындап жатыр, – деді Василий Чепурной.

Василий Чепурнойдың айтуынша, Наталья отырған түрмеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан тұтқындардың қолы босамайды, әзірге қысым көргені туралы шағымданбаған.

– Наталья ол жақта жынданып кетпес үшін құрылысқа араласыпты. Яғни пеш орнатуды, сылап-ақтауды, сырлауды меңгеріп жатыр, – дейді Василий Чепурной.

Оның сөзіне қарағанда, Соколова қамалған түрме жаңадан салынғанымен, ғимараттарының сылақтары түсіп, нашарлап бара жатыр.

– Жемқорлық түзету мекемелерін де жайлап алған. Бұл түрменің салынғанына екі-ақ жыл болды, бірақ қазірдің өзінде қирап барады. Жылыту жүйесі нашар, қабырғалары үгітіліп жатыр, пештер бұзылған. Сондықтан тұтқындар жөндеу жұмыстарынан босамайды, – дейді Василий Чепурной.

Наталья Соколова Маңғыстаудағы мұнайшыларға қанша жалақы алуға тиіс екендіктерін түсіндіріп, содан кейін өрбіген ереуіл кезінде сотталған еді.

АЛАҢҒА ТАЛАСУ

Ал Маңғыстаудағы жеті ай бұрын басталған мұнайшылар ереуілі күннің суығына қарамастан әлі жалғасып жатыр.

– Мына тұрған 2600 мұнайшының отбасы ашқұрсақ отыр. Кейбіреулерінің балалары сабаққа бара алмай қалды. Қыс киімдері жоқ. Ішерге тамақ жоқ. Төлейтін пәтерақы бағасы өсіп кетті. Мына жақтан несие қысып жатыр. Кейбіреулерге «үйлеріңді босат» деп жатыр, – дейді жаңаөзендік мұнайшы Шолпан.

Мұнайшылардың айтуынша, жергілікті билік мерекеге байланысты ереуілшілерді алаңнан қуған жоқ, бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай ол алаңда 20 киіз үй тігілмек.

«Халық майданы» қозғалысының өкілі Айжангүл Әмірованың айтуынша,
«Халық майданы» қозғалысының өкілі Айжангүл Әмірова. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.
«Халық майданы» қозғалысының өкілі Айжангүл Әмірова. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.
бұған кейбір мұнайшылар наразы.

- Мұнайшылар «қордаланған сұрақтарымыз шешілмей тұрған кезде қандай мереке жайында айтуға болады» деп отыр, - дейді Айжангүл Әмірова.

Оның сөзінше, бұл туралы жергілікті билік әзірге ештеңе айтпай отыр.

Ал Жаңаөзен қаласы әкімінің кеңесшісі Айнаш Тілекқабылова «мұнайшыларды алаңнан ешкімнің қумайтынын» айтады. Оның сөзінше, желтоқсанның 16-сы күні алаңға киіз үйлер тігіліп, мерекелік шаралар өте береді.

– Олар тәуелсіздік күнін мерекелеу шарасына қатысса да болады. Оларды ешкім қуайын деп отырған жоқ. Бұл алаңды оларға ешкім берген жоқ. Бұл – қаланың алаңы. Мерекелік шаралардың барлығы осында өтеді. Өте береді де! – дейді Айнаш Тілекқабылова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG