Accessibility links

Ғалымның жеке кітап қоры қалалық кітапханаға қалай айналды?


Түркі тілдес халықтар кітапханасы. Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қараша 2017 жыл.
Түркі тілдес халықтар кітапханасы. Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қараша 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында түркі тілдес халықтар кітапханасы жұмыс істейді. Мекеменің құрылу тарихы назар аударуға тұрарлық. Сирек кездесетін шығармалар мен бірқатар ақын-жазушы, ғалымдардың жеке кітапханасының қоры жиналған бұл орталық түрколог Құлбек Ергөбектің күшімен ашылған. Түркістанға көшіп барған профессордың жеке қорындағы "15 мың кітаптан басталған кабинет" қазір 40 мың кітабы бар қалалық кітапханаға айналған.

СИРЕК КІТАПТАР МҰРАҒАТЫ

Азаттық тілшісі жеке адамның бастамасымен ашылып, кейіннен мемлекеттік мекемеге әрі қорында сирек кітаптары бар кітапханаға айналған Түркістандағы бұл орталықты көруге арнайы барған еді. Мекеменің негізін қалаған түрколог профессор Құлбек Ергөбектің әңгімесінен кітапхананың алғашында студенттер кітап алып оқитын "кабинет" болғаны білінді.

- 1992 жылы Түркістанға көшкенімде өзіммен бірге 15 мың кітап алып келіп, Бейсенбай Кенжебаевтың кабинетін, кейіннен музейін аштым. Бұл кітаптар жаңадан ашылған халықаралық Қазақ-түрік университетінің филология, тарих және заң факультеттері студенттерінің мұқтажын өтеді, - дейді Құлбек Ергөбек.

Түркі тілдес халықтар кітапханасын ұйымдастырушы ғалым Құлбек Ергөбек. Түркістан қаласы, 14 қараша 2017 жыл.
Түркі тілдес халықтар кітапханасын ұйымдастырушы ғалым Құлбек Ергөбек. Түркістан қаласы, 14 қараша 2017 жыл.

Алайда, көп ұзамай кітаптар жоғала бастайды, оған кітаптарды оқуға уақытша алып, сол күйі қайтармай кететін студенттердің салғырттығы себеп болған. Ғалым Алматыдан өзі алып келген сирек кездесетін кей кітаптар жоғалып кеткенде іші удай ашып, қапаланғанын жасырмайды. Ақыры ол Түркістан жұртшылығына өзінің жеке қорының негізінде ресми жұмыс істейтін кітапхана құру туралы үндеу жолдайды.

- Қордағы кітаптарымды қарасам, алтай, әзербайжан, башқұрт, қырғыз, құмық, малғар, татар, шуваш, хакас, саха тәрізді түркі тілдес 24 халықтың кітаптары жинақталыпты. Түркі тілдес халықтар кітапханасын ашу идеясы ойыма келді. Әкемдей болған әзіз ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың да арманы осы еді ғой, соны іске асыруды ұйғардым. Бұл кітапхананың кезінде Түркістанның түркі халықтарының астанасы болғанын дәлелдейтін фактор ретінде өмір сүруге құқығы бар деп есептедім, - дейді ғалым.

Үндеуге Түркістан қаласы әкімдігі жауап қатып, "Түркітілдес халықтар кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (2008 жылы) құрылған. Содан бері Құлбек Ергөбек пен басқа да ғалымдардың жеке қорындағы кітаптардан бөлек, жыл сайын мемлекет қаржысына кітаптар алынып келеді. Бүгінде кітапхана қоры 40 мың кітапқа таяған, үш мың оқырманы бар. Мекемеде қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, түрік, түркімен, гагауыз, абхаз, алтай, азербайжан, башқұрт, қарашай, қарайым, қарақалпақ, құмық, малқар, ноғай, саха, хакас, татар, тыва, шуваш тілдеріндегі кітаптар сақтаулы тұр. Ергөбек мырзаның айтуынша, кітапхананың ерекше құндылығы да осында.

- Кітапхананың құрылымы екі жүйеден тұрады. Біріншісі - түркі халықтары тіліндегі кітаптар, екіншісі - Бейсенбай Кенжебаев, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділдә Тәжібаев, Өтебай Тұрманжанов, ұйғыр жазушысы Қожахмет Сәдуақасов, өзбек жазушысы Насыр Фазылов, парсы әдебиетін зерттеуші Өтеген Күмісбаев, Өмірзақ Айтбаев, Халифа Алтай сияқты адамдардың жеке кітапханалары. Бұдан бөлек, сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бар. Мысалы, Бейсенбай Кенжебаевтың жеке кітапханасында 1873 жылы басылған сөздік сақталған, - дейді Құлбек Ергөбек.

Түркістандағы түркі тілдес халықтар кітапханасы туралы видео:

Түркістандағы түркі тілдеріндегі кітапхана
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Түркі тілдес халықтар әдебиетін зерттеп, талдауға үлкен еңбек профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жеке қорындағы кітаптарді Құлбек Ергөбек мақтанышпен көрсетеді.

- Бейсенбай Кенжебаевтың кітапханасында түркі халықтарының тілінде жазылған кітаптар, соның ішінде көне кітаптар көп. Мысалы, 1904 жылы орыс географиялық қоғамы шығарған Шоқан Уәлихановтың кітабы бар. Ғалым қайтыс болардан бұрын архивін де, кітапханасын да маған аманат етті, - дейді Құлбек Ергөбек.

Құлбек Ергөбек кітапхана қорын кеңейтіп, толықтыру үшін жылда түркі тілдес халықтарды аралап, сапарға шығатынын айтады. Кітап жинақтауға көмек берген башқұрт түркологы, профессор Мирза Иделбаевпен достығы да "осындай сапар кезінде басталған". Татар академигі Хатиб Миннегулов оған татар тіліндегі кітаптар жіберген.

- Бүгінде хакас, тува тілінде кітаптар аз шығады. Ал халқының саны 4 мыңнан аспайтын шор тілінде кітап шықпайды. Кітапханада солардың тілінде бұрын шыққан кітаптар бар, - дейді ол.

Құлбек Ергөбектің сөзінше, өмірден озған кей ақын-жазушылардың балалары түркі тілдес халықтар кітапханасына ата-анасынан қалған кітап қорын әкеліп өткізеді.

- Әкесінің жазған кітабын оқымайды. Ал одан қалған жеке кітапхананы үйінде сақтап қоюдың өзі басы артық жұмыс. Не істейді? Бізге алып келеді. Біз бұл кітаптарды көздің қарашығындай сақтаймыз, - дейді Құлбек Ергөбек.

Ғалым түркі тілдес халықтар кітапханасын ғылыми кітапхана дәрежесіне көтеруді армандайды. Кітапхананы дүниежүзілік кітапханашылар қауымдастығына қосып, қазіргі заманның цифрлық технологиялары көмегімен әлемге таныту ойы да бар.

- Арнайы бағдарлама алдырып, электрондық кітапхана жасау маңызды. Түркістанға оқырмандардың барлығының аяғы жете бермейді ғой. Қазіргі оқырманымыз негізінен тұрғындар мен студенттер. Кітап оқылмаса, өлі материалға айналады, - дейді ол.

"ХАЛЫҚТАР ОРТАЛЫҒЫ"

Академик Өмірзақ Айтбаев Түркістандағы түркі тілдес халықтар кітапханасында "бұрынғының оқымыстыларының өте сирек кездесетін кітаптары жинақталғанын" ерекше атап айтады.

- Басқа кітапханалардан табыла бермейтін дүниелерді осынан табуға болады. Мұнда тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына керек дүние жинақталған деп есептеймін. Кітапханаға оқырмандар тек Түркістаннан ғана емес, Алматыдан, Ташкенттен, Қазаннан, Түркіменстаннан келіп, қызығып жүргендер бар. Бірінен бірі естіп, қажетін өтеп жатыр. Елдің, қазақтың ілімі мен ғылымына өте керек, - дейді Өмірзақ Айтбаев.

Түркістан тұрғыны, түркі тілдес халықтар кітапханасының тұрақты оқырманы Райхан Нархулан да кітапхана қорынан өзге жерде жоқ кітаптарды тауып, оқуға болатынын айтады.

- Мысалы, өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың кітапханасындағы сирек кездесетін құнды кітаптары, Бейсенбай Кенжебаевтың кітапханасынан қазақтың тарихына қатысты табыла бермейтін кітаптар, сонымен бірге, қазірде сирек жолығатын кітаптардың ішінде ертеде латын әліпбиінде басылған шығармалар бар, - дейді ол.

Түркі тілдес халықтар кітапханасы. Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қараша 2017 жыл.
Түркі тілдес халықтар кітапханасы. Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қараша 2017 жыл.

Түркістандық студент Үмітбек Бағдат кітапхана қорындағы белгілі ақын-жазушы, ғалымдар мен зерттеушілердің жеке кітапханаларына ерекше назар аударады.

- Мысалы, Мәулен Балақай, Герольд Бельгер, Тұрсынбек Кәкіш, Халифа Алтайдың жеке кітапханасы мені қатты қызықтырады. Бұл кітапхана түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетін тоғыстыратындығымен де құнды. Бұл – үйдегі жеке кітапханасын осындай дәрежедегі рухани орталыққа айналдырудың үлгісі, - дейді Үмітбек Бағдат.

Кітапхана ғимараты 2009 жылдан бері жеке кәсіпкерден жалға алынып отыр. Мекемеде тоғыз адам жұмыс істейді. Кітапхананы Түркістан қаласы әкімдігі қаржыландырады. Ғалым, жазушылардың жеке қорынан алынған кітаптардан бөлек, әр тоқсан сайын мемлекеттік тапсырыспен кітаптар жеткізіледі.

XS
SM
MD
LG