Accessibility links

Сарапшы: Теңге рубль ізімен жүреді


Алматыдағы валюта айырбастау пунктінің бірі. 11 ақпан 2014 жыл.
Алматыдағы валюта айырбастау пунктінің бірі. 11 ақпан 2014 жыл.

Қазақстандық теңгенің девальвациясы аймақтағы ірі валюта – рубльдің арзандауынан кейін болды. Екі оқиғаның байланысы бар ма?

Азаттық тілшісі Лондондағы Economist Intelligence Unit орталығының Орталық Азия елдері бойынша сарапшысы Алекс Найспен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасты.

Азаттық: Пост-советтік елдер ішінде экономикасы екінші орында тұрған Қазақстанның валютасы соңғы аптада құнсызданып кетті. Қаңтар айында Ресей рублі долларға шаққанда 10 пайызға арзандаған еді. Ал ақпанның 11-і күні Қазақстан теңгесі долларға қатысты 19 пайызға құнсызданды. Рубльдің арзандауы теңгеге ықпал етті ме?

Алекс Найс: Қаңтардан бері дамушы елдердің валютасының күрт құлдырағанын көріп отырмыз. Оның ішінде рубль де бар. Қазақстандық теңгеге ерекше ықпал еткен осы құбылыс болар. Бірақ валютаның құнсыздануына мұнай бағасының арзандауы, экспорттың азаюы, импорттың жылдам артуы сияқты басқа да факторлар әсер етті.

Негізінен, теңгенің рубльге қарайлайтыны рас. 2009 жылғы үлкен девальвация кезінде де теңге рубльден кейін құнсызданған еді. Оның себебі – бұл елдердің экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Оның үстіне, Ресей - Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі және қазақтардың мұнайдан басқа экспортын тұтынатын негізгі ел. Егер рубль арзандаса, Ресейдегі қазақстандық тауарлар қымбаттайды. Сондықтан теңгенің құнын кемітсе, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі күшейеді.

Азаттық: Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов «теңгенің долларға шаққандағы жаңа курсын (185 теңге) осы қалпында ұстап тұруға тырысамыз» деді. Қазақстанның орталық банкі теңгені осы деңгейде ұстап тұра ала ма?

Найс: Валюта нарығына болжам жасау өте қиын, бірақ теңге тағы сәл арзандауы мүмкін. Қаңтар айында рубльдің доллармен есептегенде 10 пайызға құнсызданғанын есепке алсақ, теңгенің 20 пайызға құлдырағаны қызық болды. Теңгені нығайтуға бірнеше фактор әсер етеді. Жыл бойы мұнай бағасы айтарлықтай төмендеп кетсе, теңгенің бағамын осы деңгейде сақтап қалу қиынға түседі.

Алекс Найс.
Алекс Найс.
Азаттық: Теңге девальвациясы Қазақстан экономикасында инфляцияның күшеюіне әсер ете ме?

Найс: Қазақстан негізгі тұтыну тауарларын шетелден алады, олардың бағасы біртіндеп өседі, бұл инфляцияға апарады. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасын әртараптандыруға тырысады, ал әлсіз теңге отандық тауар өндірушілерге пайдалы болуы да мүмкін. Тұтынушылар жергілікті өнімдерді алуға ұмтылатын шығар. Бірақ бұл жуық арада болмайтын құбылыс, жақын арада инфляция өршуі ықтимал. Сондықтан қазақстандық қарапайым тұтынушылардың ашу-ызасын тудыратын жағдай орнайды деп ойлаймын.

Азаттық: Орталық Азияның басқа елдері де Ресеймен сауда әріптесі болып отыр. Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының табысына экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді болып отырған Қырғызстан мен Тәжікстанда ұлттық валютаның құнсыздануы мүмкін бе?

Найс: Қырғызстан мен Тәжікстанға келсек, бұл елдерде ақшамен есеп айырысу операциялары аз. Олар экспорттан импорты басым мемлекеттер, Ресейден мигранттар жіберетін қаржыға да тәуелді. Рубльдің құнсыздануы мигранттар аударған ақшаның долларға шаққандағы құнын кемітеді, сондықтан Қырғызстан мен Тәжікстан да валютасын құнсыздандыруға әрекет жасайды.

Азаттық: Өзбекстан туралы не айта аласыз? Сомның девальвацияға ұшырауы мүмкін бе?

Найс: Өзбекстанға келсек, ресми бағам бар және одан 30 пайыз төмен бейресми айырбас бағамы бар. Соңғы жылдары өзбек сомы біртіндеп құнсызданып келеді, солай төмендей береді. Қара нарықтағы айырбас бағамы да түсетін шығар. Қазақстандағы сияқты бірден девальвация бола ма, жоқ па - ол жағын айту қиын, себебі Өзбекстанның бағам саясаты өте құпия, бұлыңғыр.

Азаттық: Түркіменстан туралы не дейсіз?

Найс: Түркіменстан да осындай мәселелерді бастан өткеруі мүмкін. Себебі, дамушы елдердің валютасы әлсіреп жатыр. АҚШ-тың дамушы елдерге деген сенімі де азайып, экономикалық тұрғыда бұрынғыдай қолдамайды. Осының бәрі барлық елдерге, соның ішінде Түркіменстанға да әсер етеді деп ойлаймын.

(Чарльз Рекнагель алған сұхбатты ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG