Accessibility links

Жұмыс орнында қаза табушылар және өтемақы сергелдеңі


Қаза тапқан мұнайшының анасы Жәдия Менешева.
Қаза тапқан мұнайшының анасы Жәдия Менешева.

Жаңаөзендік Жәдия Менешева кәсіпорынмен бір жыл соттасса да мұнай өндірісінде қаза тапқан баласына өтемақы ала алмады. Кәсіпорында мерт болған өзге жұмысшының отбасы ақшасын алған.

Маңғыстау облысындағы мұнай ұңғымаларын орнатып, жөндеумен айналысатын «Бұрғылау» кәсіпорнында 2012 жылы кісі өлімімен аяқталған жазатайым екі оқиға болды.

БҰРҒЫЛАУ АЛАҢЫНДАҒЫ КІСІ ӨЛІМІ

Азаттық редакциясына бұл туралы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жәдия Менешева айтты.

- Жалғыз ұлымды бұл жұмысқа әрең орналастырып едім. Мені асырап отырған сүйенішім әрі ақылшым еді. Еңбек қауіпсіздігі үшін жауап беретін кісілердің сауатсыздығы мен салғырттығынан қаза тапты, - дейді ол.

​Жәдия Менешеваның баласы Бақытжан «Бұрғылау» кәсіпорнында үшінші разряды бар бұрғылаушы болып істеген. Сот материалдарына қарағанда, жазатайым оқиға 2012 жылы қыркүйектің 8-і күні кәсіпорын меншігіндегі бұрғылау ұңғымаларының бірінде болған. Қосақталған екі құбырды ұңғымаға түсіріп жатқан кезде, дұрыс орналастырылмаған құбырлардың бірі сырғып кетіп, Бақытжанның үстіне құлаған. Қатты жарақат алған жігіт сол жерде, яғни жұмыс орнында қаза тапқан.

Қаза тапқан мұнайшы Бақытжан Менешев.
Қаза тапқан мұнайшы Бақытжан Менешев.
​2013 жылы наурыздың 26-сы күні Маңғыстау облысы Қарақия аудандық соты «Бұрғылау» ЖШС бұрғылау қондырғысының бастығы, осы серіктестіктің бұрғылаушысы және «Си-Бу» ЖШС шеберінің еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзуы себепті Бақытжан Менешев қаза тапты деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, ол үш адам қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген, атап айтқанда құбырлардың дұрыс орналасқанын қадағаламаған, сырғып кеткен жағдайда құбырды ұстап қалатын қоршау орнатпаған, жұмыс кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрал-жабдықтарды тексермеген.

Сот үшеуін де үш жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарып, бұрғылау жұмыстарымен айналысу құқығынан үш жыл мерзімге айырды. Бірақ 2013 жылдың маусымында Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы үшеуіне қатысты үш жылға дейін бұрғылау жұмыстармен айналысу құқығынан айыру жазасының күшін жойып, үш жылға бас еркіндігінен айыру жазасын ғана қалдырған.

Сотта жәбірленушінің, яғни қаза тапқан ұлының өкілі ретінде көрсетілген Жәдия Менешева бұл үш адамға шығарылған үкіммен келіспейді. Баласы жұмыс орнында қаза тапқан әйел компаниядан ақшалай өтемақы талап етеді.

ТАҒЫ БІР КІСІ ӨЛІМІ

Жәдия Менешеваның айтуынша, 2012 жылдың қаңтарында «Бұрғылау» кәсіпорнында кісі өліміне ұласқан тағы бір жазатайым оқиға болған. Ол кезде гидрогенератор жарылып, компанияның Оңалбек деген жұмысшысы қаза тапқан. Жәдия Менешева «оның мәйітін алып шығуға менің ұлым Бақытжанды мәжбүрлеген» дейді.

Орталық алаңда тұрған оқушылар мен полиция қызметкерлері. Жаңаөзен. 14 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Орталық алаңда тұрған оқушылар мен полиция қызметкерлері. Жаңаөзен. 14 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаттық тілшісі Оңалбектің жесірімен хабарласты. Есімін атағысы келмеген келіншек күйеуінің қазаға ұшырауына байланысты жайттардың анық-қанығын білмейтінін айтты. Бірақ оның айтуынша, компания Оңалбектің артында қалған жесірі мен кәмелет жасына толмаған төрт баласына материалдық көмек көрсеткен.

- Бақытжан жайлы естігенмін, бірақ ол туралы көп білмеймін. Менің күйеуімнің қазасына қатысты ешқандай сот болған жоқ. Оңалбектің туыстары «сотқа берудің қажеті жоқ» деген соң талап-арыз жазған жоқпын. Күйеуім қаза тапқан соң компания үйімді салып бітіруге көмектесіп, мені жұмысқа алды. Балаларға күйеуімнің көзі тірісінде алып жүрген айлық жалақысы мөлшерінде ай сайын 200 мың теңгеге жуық жәрдемақы төлейді, - дейді жесір әйел.

ӨТЕМАҚЫСЫЗ ҚАЛУ

Ал жасы келіп қалған Жәдия Менешева «мұнай-сервис компаниясы материалдық өтемақы да, басқалай көмек те берген жоқ» деген шағым айтты.

- Ұлымның қазасынан кейін құлағым нашар еститін болды. Қазір үшінші топ мүгедегі ретінде айына 15 мың теңге аламын. Бары сол ғана. Бұрын поштада хат тасушы болып жұмыс істегенмін. Бірақ еңбек кодексінің 54-бабы бойынша денсаулығыма байланысты жұмыстан шығарды. «Құжаттарың дұрыс емес» деген сылтаумен зейнетақы да төлемей отыр, - деп қынжылады ол.

Оның айтуынша, баласының қазасына себепкер болған жазатайым оқиға туралы актіні дұрыс толтырылмағандықтан, оған заң бойынша төленуі тиіс өтемақыны
Қазақстандық мұнайшылар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық мұнайшылар. (Көрнекі сурет)
төлемей отыр.

«Бұрғылау» компаниясының заңгері Марат Бегниязов жәбірленушінің бұл болжамына қатысты комментарий беруден бас тартты.

- Ұлымды басқа жұмысшылардың орнына жұмыс істеу үшін түнгі ауысымға да талай рет мәжбүрлеп шығарған. «Жұмыстан шықсаң қайтеді» дегенімде балам: «Мама, әуелі үйленіп алайын. Сүйеу болатын отбасын құрып алып, жұмыстан шығамын» дейтін. Көздеген мақсаттары көп еді, оларды іске асыра алмай кетті, - дейді Бақытжанның анасы.

ӨТЕМАҚЫ КІМДЕРГЕ ТӨЛЕНЕДІ?

«Бұрғылау» компаниясының бас техникалық жетекшісі Болат Аманбаев жазатайым екі оқиға болғанын Азаттық тілшісіне растағанымен, «ол кезде ұңғымада жұмыс істеп жүргенмін, бұл іске қатысты мән-жайды толық білмеймін» дейді.

- Мына қызметке 2013 жылдың ақпан айында тағайындалдым. Сол кезден бері өндірісте кісі өліміне душар еткен жағдайлар болған емес. Өткен жылы сегіз - үш ауыр, бес жеңіл жазатайым оқиға болды. Бірақ бәрі сауығып, кейін жұмысқа оралды, - дейді Болат Аманбаев.

Алматылық заңгер Михаил Кленчин Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерлерін өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыруға, қажеттілік туған жағдайда қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге міндетті екенін айтады.

- Егер жұмыс беруші қызметкердің жұмыс орнында қаза табуына байланысты өтемақыны төлеуден жалтарса, зардап шеккен, өтемақы алуға құқығы бар тұлғалар сотқа жүгіне алады, - дейді ол.

Қазақстанның батыс аймағында еңбек ететін мұнайшылар жиналысы. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның батыс аймағында еңбек ететін мұнайшылар жиналысы. (Көрнекі сурет)
Заң бойынша, қызметкер жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған немесе қайтыс болған күнге дейін одан жәрдем алып тұруға құқығы бар еңбекке қабілетсіз азаматтар; оның қайтыс болған соң дүниеге келген баласы; сондай-ақ қайтыс болған адамның 14 жасқа толмаған немесе осы жасқа толғанымен, медициналық органдардың ұйғарымымен денсаулық жағдайына байланысты күтімге мұқтаж балаларын, іні-қарындастарын немесе немерелерін күтумен айналысатын, жұмыс істемейтін ата-аналарының бірі, жұбайы немесе отбасының басқа мүшесі өтемақы алуға құқылы.

Заңгер Михаил Кленчиннің айтуынша, бұл адамдарға төленетін өтемақы көлемі қайтыс болған адамның көзі тірісіндегі жалақысынан алып тұрған немесе алу құқығы болған үлес мөлшеріне қарай есептеледі.
XS
SM
MD
LG