Accessibility links

Ағылшынша қосымша сабақ беруге ақшамен ынталандырмақ


Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл.
Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2019 жылдан бастап елде ағылшын тілінде сабақ берген пән мұғалімдеріне 25 пайыз үстеме жалақы төленетінін хабарлады. Министрлік өкілі Зейнеп Мақсұтова Азаттыққа сұхбатында оның мән-жайын түсіндірді.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл елде ағылшын тілі курстарына 12 мың мұғалім жазылған.

"Оның ішінде 4 мың мұғалім ағылшын тілі курстарын бастап кетті. Жаңа оқу жылынан бастап 8 мың мұғалім курсты бастайды. Курстар 3, 6, 9 ай болып бөлінеді. Егер мұғалім 9 айлық курстан өтетін болса, оның жұмыс орны, жалақысы сақталып, қосымша шәкіртақы төленеді. Жол шығыны өтеледі. Курсты аяқтағаннан кейін ағылшын тілінде сабақ бере алатын болса, жалақысына 25 пайыз үстеме қосылады", - деді министр.

Азаттық осы мәселеге орай білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтовамен сұқбаттасты.

Азаттық: - Ағылшын тілі курсынан өткен мұғалім ағылшынша сабақ бере алады дегенге сенуге бола ма?

Зейнеп Мақсұтова: - Сабақ бере алады деп үміттенеміз. Үстеме де ынталандыру үшін беріледі. Курстың оқу мерзімі үш айдан он айға дейін. Курсқа баратын мұғалімдердің әуелі тілді қаншалықты білетіні ескеріледі. Соған орай курс мерзімі өзгереді.

Бөген ауылындағы мектепте тақтаға есеп шығарып тұрған оқушы. Қызылорда облысы. (Көрнекі сурет.)
Бөген ауылындағы мектепте тақтаға есеп шығарып тұрған оқушы. Қызылорда облысы. (Көрнекі сурет.)

Бүгінге физика, химия, биология және информатика пәнінің 1043 мұғалімі ағылшын тілі курсынан өтіп, сертификатын алды, өз пәндері бойынша биылдан бастап ағылшын тілінде қосымша сабақ беруіне болады. Олардың базалық жалақысына шамамен 35 мың теңге үстеме төленеді. Бірақ ол негізгі сабағын бұрынғы оқу тілінде өткізе береді. Бұл – қайткенде оқытасың деген талап емес, өзі тілек білдірген мұғалімдерге арналған.

Азаттық: - Төрт пәнді қай сыныптан бастап ағылшын тілінде оқиды?

Зейнеп Мақсұтова: - Біріншіден, төрт пәнді ағылшын тілінде оқитындар тек 10-11 сынып оқушылары ғана. Онда да, біріншіден, мектепте ағылшын тілінде оқыта алатын мұғалім болуы керек. Екіншіден, оқушының өзі мен ата-анасының келісімі болуы керек. Қазір 16 өңірден 500 сыныптың ата-анасы мен оқушылары келісіп отыр. Бұлардың мұғалімдері курстан өткендер. Кей мектептерде тек химия пәні оқытылса, кей мектептер тек физиканы оқытады. Бұл тұста атап айтарлық жайт, пәндерді оқыту бірден таза ағылшынға көшіп кете алмас, бірақ базалық терминдері мен теориялар ағылшын тілінде таныстырылады. Біртіндеп мүмкіндігіне қарай тереңдей береді.

Мектептерде кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту соншалық үлкен жаңалық та емес. Мысалы, бұрынғы қазақ-түрік, қазіргі "Білім" инновация мектептеріне баласын оқуға бергісі келетіндер көп. Республика бойынша 27 "Білім" инновация мектебі бар. Олар оқушыларды 7-сыныптан қабылдайды, бес пәнді ағылшынша оқытады. Жиырма жылдан бері солай оқытып келе жатыр. Одан өзге Назарбаев зияткерлік мектептері мен "Дарын" мектептерінің де осыған ұқсас тәжірибелері бар. Осы мектептердің жақсы тәжірибелерін жай мектептерге де енгізген дұрыс.

Азаттық: - Қала мектептері мұғалімдерінің ағылшын тілін үйренуге мүмкіндігі бар шығар. Ауыл мұғалімдері қайтеді?

Мектеп оқулықтары. (Көрнекі сурет.)
Мектеп оқулықтары. (Көрнекі сурет.)

Зейнеп Мақсұтова: - Талап бәріне ортақ. Ауыл мектептеріне көбірек көңіл бөлеміз. Білім сапасы барлық жерде бірдей болуы керек. 2019 жылдан бастап барлық мектеп кезең-кезеңімен өтеді. Әрине, біріншіден мұғалім дайын болуы керек. Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім болмаса өтпейді. Болмаса уақыты келгенде өздері көшеді. Зорлықпен өткізбейді.

Азаттық: - Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге үстеме төлеу үш тілде білім беру бағдарламасының бір көрінісі болар?

Зейнеп Мақсұтова: - Жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сыныптарында үш тілде білім беруді 2019 жылдың қыркүйегінен бастаймыз. Әзірше соған дайындық жүріп жатыр. 2019 жылдан бастап "Қазақстан тарихы" пәні кез-келген тілдегі мектептің барлық сыныбында қазақ тілінде өтеді. Ал "Дүниежүзі тарихы" орыс тілінде оқытылады.

Азаттық: - Мысалы, "Дүниежүзі тарихынан" тарихшы сабақ бере ме, орыс тілі мұғалімі сабақ бере ме?

Зейнеп Мақсұтова: - Мұғалім тарихшы болуы керек. Егер ол орыс тілін білмесе өз тілінде өте береді.

Азаттық: - Білім және ғылым министрлігі үш тілде оқтуда мемлекеттік тілге басымдық берілетінін бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ, сіздің айтқаныңыздан басымдық байқалмайды.

Зейнеп Мақсұтова: - Қазір қазақ тілінде сабақ беретін мектептер жыл сайын көбейіп келеді. "Қазақ тілі" мен "Қазақ әдебиеті" пәндері барлық мектепте қазақ тілінде жүреді. Оның үстіне орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі ескірген. Биылдан бастап жаңа әдістеме енгіземіз. Ол әдістеме бойынша, орыс мектептерінде оқыған қазақ балалары да, өзге ұлттың балалары да қазақ тілін жақсы біліп шығады. Биылдан бастап бірінші, екінші, бесінші және жетінші сыныптар осы әдістемеге негізделген жаңартылған бағдарлама бойынша оқиды.

Азаттық: - Өзге тілдердегі мектептерде пәндерді қазақ тілінде оқытатын мұғалімдерге неге үстеме төленбейді?

Зейнеп Мақсұтова: - Мемлекетік тілді білу - заң талабы. Ол үшін ақша төлеудің керегі жоқ.

Азаттық: - Сұқбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG