Accessibility links

Әзірге діни сенім туралы заңның тағдыры беймәлім, ал миссионер түрмеге отырғызылды


Елизавета Дреничева сот залында. Алматы, 9 қаңтар, 2009 жыл.
Елизавета Дреничева сот залында. Алматы, 9 қаңтар, 2009 жыл.

Сот Елизавета Дреничеваны діни тақырыпқа дәріс оқығаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырды. Адам құқын қорғаушылар Қазақстан ортағасырлық жүйеге қарай кері кетіп бара жатыр деп бағалайды.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ДРЕНИЧЕВАНЫ АР-ҰЯТ ТҰТҚЫНЫ ДЕП ЕСЕПТЕЙДİ


14 қаңтар күні өткен баспасөз мәслихатында құқық қорғаушылар «Бірлік шіркеуінің» ілімін таратушы, өткен жұмада үкімі шығарылған Елизавета Дреничеваға қатысты қылмыстық қудалауды «жалмауызды тұтқындау» деп атады.
Нинель Фокина - Хельсинки Алматы комитетінің төрайымы. 14 қаңтар,2009 жыл

«Өзі барып жүретін шіркеудің ілімін таратқаны үшін ол ешқандай қылмыс жасамаса да сот оны қылмыскер деп танып отыр. Осыған байланысты айта кететін бір жай, бұл шіркеу Қазақстанда заңды түрде жұмыс істеуде, яғни мемлекеттік тіркеуден өткен», — деп атап көрсетті Хельсинки комитеті Алматы бюросының төрайымы Нинель Фокина.


Алматының Алмалы аудандық соты «Бірлік шіркеуі» діни ілімін таратушы Ресей азаматшасы Елизавета Дреничеваны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот оған қатысты бұлтартпау шараларын өзгертті. Үкім оқылғаннан кейін қолына кісен салынған Елизавета Дреничеваны Алматы қалалық тергеу изоляторына айдап әкетті.

Ресейлік азаматша өзінің кінәсін мойындамай отыр. Оның адвокаты Берікхан Ыдырысов та өз қорғауындағы азаматшаның кінәлі еместігіне сенімді.
— Мен айыптауды негізсіз, ойдан шығарылған, ал үкімді шектен тыс қатаң деп есептеймін. Мен оны кінәлі деп есептемеймін, сондықтан біз міндетті түрде апелляцияға береміз.

Бірақ сот Елизавета Дреничеваны айналасындағыларға қауіп тудыратын адам деп санайды. Сот миссионер Дреничеваны Қылмыстық кодекстің әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни қақтығыстар тудыру туралы бабы бойынша айыптап үкім шығарды.
Айыптау Елизавета Дреничева «психологиялық шабуыл мен мәңгүрттендіру шараларын» пайдаланды деп отыр.

Шешімге қарсы шағымдану үкімнің жазбаша көшірмесін алған соң 15 күннен кейін болуы мүмкін.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соттың бұл шешіміне қарсы наразылық білдіруде. Олардың пікірінше, бұл адамды жазаға сәйкес нақты бас бостандығынан айырған тұңғыш жағдай болып отыр.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттық радиосына түсініктеме беріп, соттың бұл шешімін «орта ғасырдың жаңа нұсқасы» деп бағалады.
Қазақстан Адам құқтары бюросының директоры Евгений Жовтис. Алматы, 14 қаңтар, 2009 жыл.

— Әзірге соттың бұл үкімі алғашқы инстанцияда шығарылып отыр, әлі апелляциялық инстанция бар, яғни аталған шешім қалалық сотта қаралады. Бірақ үкім бекітілетін болса, Қазақстанда ар-ұят тұтқыны пайда болады. Өйткені соттың Елизавета Дреничеваға кескен үкімі саяси бапқа негізделген. Бұл дегеніңіз дінмен күрескен Совет Одағының кеселіне қайтып оралу. Өзінің конфессияаралық келісімімен мақтанатын Қазақстан сияқты ел үшін бұл шектен шыққандық.

ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНДЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛПЫЛЫҚ СИПАТ АЛУДА

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев дін бостандығы туралы жаңа заң жобасын Конституциялық кеңестің қарауына жіберді. Бірақ билік тарапынан еркіндікке, сенімге деген қысым күшейе түсуде.

«Форум-18» ақпараттық агенттігі өткен аптада күш құрылымдарының қысымына баптистер, кришнаиттер мен исламның дәстүрлі емес түрлерінің өкілдері ұшырады деген ақпарат таратты.

Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телібеков жаңа заңды қабылдау мемлекет пен президентке сын болмақ дегенді айтады. Сондай-ақ оны қарауға жіберу Қазақстаннның 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығының алдындағы президенттің имиджін көтеру үшін жасалған саяси ойын болуы мүмкін деп есептейді.

БАРЛЫҚ САЛАДА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ БАЙҚАЛАДЫ

Алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев дәстүрлі емес діндерге қатысты әрекеттер мемлекеттің барлық саладағы рөлін күшейтуге бағытталған болуы мүмкін дейді.
-
— Бұған мысал ретінде БАҚ мен саяси партиялар жұмысына қойылған қатаң бақылауды айтуға болады. Қазір Қазақстанның саяси-экономикалық жүйесі қиындап тұр. Билік ескі тәсілмен бағындыруға болмайтынын түсінді және мемлекеттің бақылауын күшейту үшін ең тиімді тәсілді пайдаланып, тіпті кей тұстарда адам құқын таптауға да барып отыр, — деді Досым Сәтпаев Азаттыққа.

2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні белгілі. Көптеген бақылаушылар ел үкіметінің сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Мадридте берген уәдесін толық орындамағанын айтады.

Кейбір тәуелсіз бақылаушылар арасында Қазақстан төрағалыққа дейін және кейін ЕҚЫҰ сарапшылары мен мүше мемлекеттер тарапынан сынға ұшырайды деген пікір бар.

Бірақ саяси қажеттілік пен ел тілегінің арасында үлкен айырмашылық бары белгілі және Қазақстан үкіметінің ЕҚЫҰ стандарттары негізінде барлық талапты орындайтынына кепілдік те жоқ, — дейді бақылаушылар.
XS
SM
MD
LG