Accessibility links

АҚШ-тың арнайы өкілімен кездесуде миссионерлер, босқындар мәселесі көтерілді, сұрақтар жауапсыз қалды


АҚШ Мемлекеттік департаменті мұсылман қауымдастығындағы арнайы өкіл Фарах Пандит. Алматы, 13 қазан, 2009 жыл.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мұсылман қауымдастығындағы арнайы өкіл Фарах Пандит. Алматы, 13 қазан, 2009 жыл.

АҚШ Мемлекеттік департаменті мұсылман қауымдастығындағы арнайы өкіл Фарах Пандит сейсенбі күні Алматыда мұсылман діні өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Бұл жиында Чехиядағы қазақ босқындары туралы да сөз болды.

Дөңгелек үстел мәжілісіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі және бірқатар дінтанушылар мен қоғам қайраткерлері шақырылыпты. Көпшілікпен жылы амандасқан Пандит ханым өзінің жақында ғана, дәлірек айтар болсақ, биыл маусым айында тағайындалған қызметі мен Қазақстанға алғашқы сапарының мақсатымен қысқаша таныстырып өтті.

- Жаңа қызметті қабылдап алғалы бері шетелге сапарлаған екінші ел Қазақстан болып отыр. Осыдан екі апта бұрын мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонге оң қолымды қасиетті Құранға қойып тұрып ант бердім. Мен басқаратын мекеме күллі әлемнің мұсылмандарымен, соның ішінде қарапайым адамдармен және түрлі ұйымдармен қалай жұмыс істеу керектігі жөніндегі ойларды жүзеге асырумен айналысады, - деді Пандит.

Бұл жиынға негізінен биліктің сөзін сөйлейтіндер келгендігін айтып өткен жөн. Содан дөңгелек үстел басындағы әңгіме дінаралық
Мұртаза Бұлытай, дінтанушы. Алматы, 13 қазан 2009 жыл.
татулықты арттырудағы мемлекеттің саясаты мен жеткен жетістіктері турасында өрбіді.

- Діни фактордың күн өткен сайын халықаралық саясаттағы ролі артып келеді. Қазір біз діндердің, өркениеттер мен мәдениеттердің арасында диалог орнатуды көздейтін әртүрлі бастамалардың куәсі болып отырмыз, - деп бастады дінтанушы Мұртаза Бұлытай.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Рақымжан Әкімбеков болса тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстанда 2300-ден астам мешіт ашылғандығын, елдегі мұсылмандардың 99 пайызы сүнниттік бағытты ұстанатындығын тілге тиек етті.

- Біздің еліміздің және дініміздің ұстанған мақсаты тек қана жақсылыққа және ауызбіршілікке негізделген. Оны біздің президентіміздің жүргізіп отырған хикметті саясаты көрсетіп отыр, - деді діни басқарма өкілі.

Марат Тоқашбаев, "Президент және халық" газетінің бас редакторы. Алматы, 13 қазан 2009 жыл.
«Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев Қазақстанда соңғы уақыттары, әсіресе жастардың дінге бет бұра бастағандығын қуанышты жағдай ретінде сипаттай келе, зиялы қауымды шетелдік діни миссионерлердің әрекеті қорқытады деген ойға тоқталды.

- Батыстан келген діни миссионерлердің кесірінен қазақ отбасылары бөлініп жатқан жағдайларға куә болып отырмыз. Бірақ жалпы Қазақстанда жаппай осындай құбылыс орын алып жатыр деген түсінік қалыптаспасын. Бірақ біз өзіміздің отбасылық құндылықтарымызды қорғау үшін басқа діндердің Қазақстанға келуіне мүдделі емеспіз, - деді Тоқашбаев.

Газет басшысының көтерген бұл мәселесіне қатысты Пандит ханым Тоқашбаевқа осы мәліметі үшін алғысын айтып, бірақ бұған қатысты пікір білдірмейтіндігін жеткізді.

Дөңгелек үстел басындағы талқылаулардан кейін АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі журналистердің сауалдарына он минут уақыт бөлді.

Азаттық тілшісінің сауалы Чехиядағы 200-ге жуық қазақ діни босқындардың жағдайы, оларды сол елдің билігі депортациялай бастағандығы мен адам құқығын қорғаушылардың босқындардың құқығы бұзылып жатқандығына қатысты айтқандары туралы болған еді. Алайда босқындардың жағдайы егжей-тегжейлі баяндалған сұраққа Пандит қысқаша жауап қайырды.
Мен, өкінішке қарай, сіздің сауалыңызға пікір білдіре алмаймын. Өйткені менің мұндағы сапарымның мақсаты бөлек


- Мен, өкінішке қарай, сіздің сауалыңызға пікір білдіре алмаймын. Өйткені менің мұндағы сапарымның мақсаты бөлек, - деді ол.

Осы тұста дөңгелек үстел басындағылар Чехиядағы қазақ босқындары туралы өзара сөйлесе бастаған-ды: бірқатары бұл қайдан шыққан босқындар өзі деген сауалды төтесінен қойып, бұл жөнінде өздері тіптен хабарсыз екендіктерін сездіріп қалды.

Фарах Пандиттің осы қызметке тағайындалғаннан бергі екінші ресми сапары болғанымен, Орталық Азия еліне оның бірінші рет келуі. Мұның алдында өткен аптада ол Нигерияға барып қайтқан болатын.
XS
SM
MD
LG