Accessibility links

Миллиондаған теңгенің мемлекеттік газеттері сатылмай, есептен шығарылған


«Дауыс» ЖШС-інің газет сататын орны. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
«Дауыс» ЖШС-інің газет сататын орны. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны жыл сайын алатын, бірақ тиімді пайдаланбайтын негізгі БАҚ-тарды аудиторлық тексеру нәтижелері жарияланды. Мемлекеттік БАҚ-тардың көбінің шығыны мол екені анықталды.

Бейсенбі күні Астанада баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру мәселелері бойынша өткен диалог алаңында «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйымы заңгері Гүлмира Біржанова кейінгі жеті жылда Есеп комитеті мемлекеттік ақпарат саясаты аясында жыл сайын тапсырыс алатын негізгі 10 БАҚ-ты үш рет тексерген деп мәлімдеді. Алғашқы тексеру 2009 жылы, ал соңғысы 2016 жылы жүргізілген. Есепте салық төлеушілердің бюджетке түсетін ақшасын жыл сайын санаулы редакциялар алатыны және оларды заң бұзушылықтарды жылда қайталап, жыл сайын шығынға бататыны анықталды делінген.

САТЫЛМАҒАН ГАЗЕТТЕР, БОС СТУДИЯЛАР

Былтыр Қазақстан үкіметі мемлекеттік ақпарат саясатына 48 миллиард теңге (қазіргі айырбас бағамы бойынша 150 миллион доллардан асады) жұмсаған. Бірақ әлгі ақшаның тиімді пайдаланылмайтыны азаматтық белсенділердің дәстүрлі сынынан кейін ресми мойындалды.

«Қазақстан», «Хабар» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты республикалық бас газеттер мен өзге БАҚ-тарда «Ақпараттық Қазақстан - 2020» бағдарламасы қалай іске асып жатқанын Есеп комитетінің соңғы аудиторлық тексеруі анықтаған. Есепте сынға іліккен БАҚ редакциялары тарапынан түсіндіруді талап ететін қомақты цифрлар аталды. Миллиондаған теңгенің қайда жұмсалғанын растайтын бастапқы түпнұсқа құжаттары жоқ төлемдер, мыңдаған шаршы метр студиялар мен өзге қымбат бөлмелердің қаңырап бос тұрғаны анықталған. Аудит есебіне қарағанда, кей редакциялар миллиондаған теңгенің сатылмаған газеттерін есептен шығара салады, бірақ мемлекеттік тапсырыс арқылы ақша алуды жалғастырып келеді. Ресми есепте аудиторлық тексеру кезінде жазба БАҚ-тарға арнап құрастырылған 400 интернет-ресурстың 124-ін жұрт пайдаланған жоқ деп көрсетілген.

Гүлмира Біржанованың сөзінше, есеп комитетінің соңғы тексеру қорытындыларына сәйкес, 145 миллион теңгенің қаржылық заң бұзушылығы, 14,6 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғаны және 41 миллиардтан астам теңгенің процедуралық заң бұзушылықтары анықталған. Заңгер Гүлмира Біржанова бес лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапқа тартылғанын айтады.

Баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру мәселелері жөнінде өткен сарапшылар отырысы. Астана, 2 наурыз 2017 жыл.
Баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру мәселелері жөнінде өткен сарапшылар отырысы. Астана, 2 наурыз 2017 жыл.

- Бірақ есеп комитеті ұсыныстарында әлгі істерді құқық қорғау органдарына беру жайлы ұсыныс бар. Қаншама ақшаның желге ұшқанын осы фактіден көріп отырсыздар. Меніңше, кінәлі адамдарға қаталырақ шара қолдану керек , - дейді Гүлмира Біржанова.

Бұған қоса, мемлекеттік тапсырысқа қанша ақша бөлінетіні ашық емес, әлгі ақшаның қалай жұмсалып жатқанына қатысты ақпарат жоқ екені және «жағымды имидж қалыптастыру» деп аталатын лоттарға қатысты сұрақтар да көп екені айтылды.

Бірақ ақпарат және коммуникация министрлігі (АКМ) өкілі Ләззат Сүйіндіктің мәлімдеуінше, Қазақстанда мемлекеттік газеттердің сатылмай қалу проблемалары қазір жоқ, олар бөлшек саудада түгел сатылып кетеді. Бірақ ресми тұлғаның сөздерін тексеру мүмкін болмады, кездесуде ол ешқандай деректер келтіріп немесе салыстырмалы кестелер көрсетпеді.

МЕМЛЕКЕТТІК БАСПАСӨЗДІҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

Жиындағы пікірталас кезінде әңгіме ауаны қаржыландыруға ақша көп бөлінетініне қарамастан, тиімділігі нашар болса, ондай мемлекеттік баспасөздің қанша қажеті бар деген тақырыпқа ойысты. Ақпарат және коммуникация министрлігі өкілі Ләззат Сүйіндік «Мемлекеттік газеттер қажет, өйткені Қазақстанның кей ауылдарында интернет жоқ, ал Астана қандай заңдар мен нормативті актілер қабылданып жатқанынан халықтың тұрмысы нашар топтарын, кәсіпкерлерді бірдеңе етіп хабардар етуі тиіс қой» деген уәж айтты.

Баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру мәселелері жөнінде өткен сарапшылар талқылауы кезінде мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру лоттарын ұтып алған компанияларды көрсеткен слайд. Астана, 2 наурыз 2017 жыл.
Баспасөзді мемлекеттік қаржыландыру мәселелері жөнінде өткен сарапшылар талқылауы кезінде мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру лоттарын ұтып алған компанияларды көрсеткен слайд. Астана, 2 наурыз 2017 жыл.

- Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік органдарды жарнамалауға емес, бірінші кезекте азаматтардың мемлекеттік бастамалар жайлы ақпарат алу құқығын қорғауға бағытталған. Бұған қоса, 2015 жылы Қазақстанда жарнама нарығы 30 пайызға құлдырап кетті, сондықтан мемлекеттік тапсырыс көбінесе отандық контентті ынталандыруға жұмсалды, - дейді Ләззат Сүйіндік.

Оның сөзінше, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың «шенеуніктерді жарнамалау» лоттары республика деңгейінде қарастырылмаған. Оның болжамынша, мұнымен аймақтарды кей әкімдіктер айналысады. Ақпарат және коммуникация министрлігі өкілі бұл жағдайда шенеуніктерді оқытатын семинар, тренингтер өткізу арқылы түзеуге уәде етті.

Эстониядан келген медиаомбудсмен Тарму Таммерк жиында астаналық шенеуніктерге «заңдарды жариялау үшін мемлекеттік республикалық газеттер болуы шарт емес» деп кеңес берді. Заңдарды бюллетень түрінде де шығаруға болады, бірақ қазір Еуропаның көп елдері тіпті бұдан да бас тартып, заңдарға енгізілетін өзгерістерді веб-сайттарда электрондық форматта жариялайды.

Интернетті пайдаланатын адамдар Қазақстанда да көбейіп келеді. Республикалық газеттерде жарияланған заңдарды қазір кім оқиды?

- Эстонияда бюллетеньдерді жеті жылдан бері шығармайды, қазір бәрі онлайн түрінде шығады. Егер заңдарға үнемі түзетулер енгізіліп жатса, ақша жұмсап, жаңа газеттер шығарудың керегі не? Интернетті пайдаланатын адамдар Қазақстанда да көбейіп келеді. Республикалық газеттерде жарияланған заңдарды қазір кім оқиды? Оларды заңгерлер мен кәсіпкерлер ғана оқиды, бірақ олардың өзі бұл ақпаратты интернеттен алады, ол жерде ресми газет болуы тиіс, - дейді Тарму Таммерк.

Бұған қоса, Эстониядан келген қонақ қазақстандық шенеуніктерге тиісті заңдарға тәуелсіз журналистика принциптерін енгізуге кеңес беріп, тіпті БАҚ-тар биліктен мемлекеттік тапсырыс алған күннің өзінде шенеуніктер мен саясаткерлер журналистің жұмысына араласпауы, ал бас редактор мен бас директор саяси қысымнан тәуелсіз болуы тиіс, мүмкін сол кезде мемлекеттен қаржыландыруға қатысты жазғырулар азырақ болады деді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG