Accessibility links

Қазақстанның халықаралық имиджі «нақты жағдайға сай емес»


Тәуелсіздік монументі алдында құран бағыштап отырған азаматтық белсенділер. Алматы, 16 желтоқсан 2016 жыл.
Тәуелсіздік монументі алдында құран бағыштап отырған азаматтық белсенділер. Алматы, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап жатқанда Батыс баспасөзі Қазақстанды жетістіктері үшін мақтаған, бірақ адам құқығы бұзылатынын көрсетіп, билікті біртіндеп «жаңа буынға» берудің маңызды екенін де айтқан.

«НАҚТЫ ЖАҒДАЙҒА САЙ ЕМЕС»

Америкалық Foreign Affairs журналы «Қазақстандағы адам құқығын таптау: Астана кері кетіп барады» деген мақалада ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған Қазақстандағы биылғы ахуалды талдаған. «АҚШ президенттігіне сайланған Дональд Трамп Қазақстанның 25 жылдық тарихын «ғажайыпқа» балайтын сияқты. Бірақ желтоқсанның 16-сында Тәуелсіздік күні экономикалық дағдарыс көлеңкесінде тойланды. 2016 жылы экономика 0,5 пайызға ғана өседі деген болжам бар, бұл - 1998 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш әрі қарапайым адамдарға үлкен қиындықтар туғызады. Бірақ жұрт назарын өзге жаққа аударуға тырысқан ел басшылығы сыр бермей батылсынып отыр» деп жазған Foreign Affairs.

Мақалада «шын мәнінде, молшылық пен саналуандылық орныққан, жауапкершілігі жоғары деген халықаралық абырой-беделін сақтап қалу үшін ауыр жұмыс атқарып, я бәлкім, табыстырақ еңбек етіп жатқан әл-ауқаты орташа өзге елдер көп емес» екені айтылған. Сонымен бірге, БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне екі жыл мерзімге сайлануы - «Астананың 2016 жылғы басты халықаралық жеңісі» деп жазады басылым.

Құс фабрикасы ғимараты алдындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар биллборд. Арқалық, 14 желтоқсан 2016 жыл.
Құс фабрикасы ғимараты алдындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар биллборд. Арқалық, 14 желтоқсан 2016 жыл.

«Бірақ мұндай жарнамалық кампаниялар елдегі нақты жағдайға сай емес. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «әуелі - экономика, ал саяси реформалар кейін» деген ұстанымы бұл диссонансты көп жылдар бойы білдірмей келді. Қазақстанда сайлау еркіндігі жоқ, сөз бостандығы шектеулі, билік адам құқығын көп таптайды, бірақ бәрі болмаса да, қарапайым азаматтардың кейбірі экономикалық пайдасын көрді. Алайда енді «әуелі - экономика, ал саяси реформалар ешқашан болмайды» деген тәсіл белең алып бара жатқаны анық байқалады» деп жазады Foreign Affairs.

Бұған қоса, мақалада белсенділерді, құқық қорғаушылар мен кәсіподақ жетекшілерін қудалау сияқты «қоғамды қатаң бақылауда ұстауды күшейту» және «өзгеше ойлауды басып-жаншу» оқиғалары мен ҮЕҰ қызметін шектеу деңгейін сипаттаған. «Қазақстан адам құқығын қорғауға қатысты өз еркімен қол қойған халықаралық міндеттемелерін орындауы тиіс әрі бұл биліктің мүддесі үшін керек. […] Қазақстан репутация мен нақты жағдай арасындағы алшақтықты тезірек жойса, қарапайым адамдардың құқығы да жақсырақ қорғалатын болады. Елдің халықаралық деңгейге жетуге ұмтылған мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігі сол кезде ғана пайда болады. Бұл үшін ғажайыпты күтудің қажеті жоқ» деп түйіндейді Foreign Affairs.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ

Америкалық Foreign Policy журналындағы «Совет одағы енді жоқ, бірақ күйреуі әлі жалғасып жатыр» деген мақалада Орталық Азия елдерінің СССР ыдырағаннан кейінгі кезеңдегі дамуын талдаған. «1990 жылдары Батысқа бет бұрған Ресей Орталық Азияны өзіне масыл әрі меңіреу аймақ санап, одан құтылуға тырысқан еді. Бірыңғай экономикалық кеңістік пен ортақ валютаны сақтап қалуға көп күш салып, одан ештеңе шықпағаннан кейін, Ельцин тұсындағы билік 1993 жылы ТМД-ның өзге елдерін рубль аймағынан шығуға мәжбүр етті. Тұралаған экономикасындағы жағдайды түзету үшін есеп айырысу операцияларын жүргізу ісінде ресейлік банктерге тәуелді болған Орталық Азия елдеріне бұл қадам тіпті ауыр тиген еді. Ресей демократиялық бағытынан жаңылып, совет заманындағы айбынын көбірек аңсай бастаған 1990 жылдардың аяғына қарай Мәскеу Орталық Азияға қайта ықылас таныта бастады» деп жазады журнал.

Мақалада «Мәскеу өзін терезесі тең елдер арасында көшбасшы ретінде емес, өзгелерден билігі үстем суверен сияқты ұстап отыр», «Ресей қоғамындағы «мигранттарға қарсы және нәсілшілдік көңіл-күй» күшейіп келеді деп жазылған. «Бұл тенденция [Орталық Азия елдеріне] 1990 жылдардың басында алған сабақты ұмытпауға түрткі болуы тиіс. Ортақ [тұлғалық идеясыз] немесе ортақ армансыз саяси қоғамдастық құру немесе әлдебір мәні бар экономикалық интеграция болуы мүмкін емес» делінген мақалада.

Зират басында Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерлеуге дайындық жұмыстарын жасап жүрген адамдар. Самарқан, 2 қыркүйек 2016 жыл.
Зират басында Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерлеуге дайындық жұмыстарын жасап жүрген адамдар. Самарқан, 2 қыркүйек 2016 жыл.

«Орталық Азия басшыларының тәуелсіздік жылдардағы ұрпағын кімдер ауыстырады?» деген мақаласында Орталық Азияның бес еліндегі жағдайды Ұлыбританияның New Statesman журналы талдаған. Мақалада «бесеуі [мемлекет] де аман қалды. Бірақ мемлекет негізін құрған басшыларының жеке беделі мен ұлтты ұйыстыру қабілетіне сеніп келген елдерге […] енді олардың орнын басатын жаңа буын табу қажет, мүмкін, бұл - олар үшін соңғы сынақ» деп жазған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қазасы мен Қазақстандағы кадрлық ауыс-түйістер туралы жазылған мақалада премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның саяси тандемі «Назарбаев саяси мұрасын өткерерде көмегіне жүгінетін, [биліктегі] уақытты ұзарту мен тұрақтылыққа қол жеткізудің қолайлы тәсілі ретінде пайда болғаны» айтылған. «Орталық Азия елдері ішіндегі ең ірі, ең ауқатты және ең тұрақты [ел] болғандықтан Қазақстандағы [билік] транзиті қалай іске асатыны ерекше маңызды. Ол [ел] Түркіменстан мен Өзбекстан тәрізді мол табиғи ресурстарға иелік етеді, бірақ экономикасын жетілдіру және ашық ету жағынан екеуінен әлдеқайда озып кетті. Іс жүзінде аймақтың көшбасшысы рөлін атқаруы оның тұрақтылығы келешекте [үлкен маңызы бар] екенін білдіреді» деп жазады New Statesman.

XS
SM
MD
LG