Accessibility links

Нұрсұлтан, Әбішұлы және Назарбаев


«Қол». Сәбиттің карикатурасы. (Көрнекі сурет)
«Қол». Сәбиттің карикатурасы. (Көрнекі сурет)

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш сөзді ғана айтайын.


Алдын-ала ескертіп қояйын: Өткен аптадағы «Блэрді жалдау, КНБ-ны алдау һәм қол сүюді ақтау» деген жазбаға біраз оқырман наразы болып: «Жақсылықты көрмейсіңдер, жамандықты ғана тересіңдер!» деп, мені көп сөккен еді.

Сондықтан бүгінгі әңгіме өзегі – Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы, ұлт көшбасшысы, «Ғасыр ғұламасы» атағының иегері Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі шабыттандырған ойлар.

І. «НҰРНАЗЕН» ЖӘНЕ ХОСНИ МҮБӘРӘК

Желтоқсанның 1-і күні Алматыда Қазақстан ғалымдарының форумы өтті, оған президент Назарбаев қатысты.

Форум Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» атағын берумен басталып, «ғалымдар Н.Ә.Назарбаевқа мемлекеттік жоғары награда «Халық қаһарманы» атағын беру жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдайды» деген үндеумен аяқталды.

«Ғасыр ғұламасы» атағын берген ғалымдардың «ғылымды дамытуға зор үлес қостыңыз, мемлекетті басқарудың ғылыми негізін жасадыңыз» деген қисындары президент Назарбаевтың өзіне қисынсыз көрінді ғой деймін, ол кісі:

– Мен нақты ғылыми ешқандай жаңалық ашқамын жоқ. Бірақ біз тарихта болмаған жаңа мемлекетті құру барысында әрбір қадамымыз, әрбір жолымыз, әрбір шешіміміз жаңалық деп санасақ, қабыл алуға болады, – деп ақталды.

Асыра айтқан адамға, форумның әуелгі бір сағатында академиктен оқушыға дейінгі ғалымдар мен «ғалымдар» мінбеге кезек-кезек шығып, ел президентіне мадақ айтты; одан кейінгі бір сағатта ел президенті Қазақстан ғылымын әуелі мақтап, содан кейін «бәсекеге қабілетсіз Қазақстан ғылымын» сөгуге кірісті.

Сапалы ұзақ өмір сүру, қартаюға қарсы және геронтоинжиниринг мәселесінің ғылыми негіздерін зерттеп жатқан жалғыз мекеме – Назарбаев университетіндегі Өмір туралы ғылымдар орталығы жайлы айтқан президент Назарбаев:

– Но здесь наши работают. Работают слабо! – деп бір тоқтады.

«Президент ғалымдарға не үшін наразы болды екен?» деп мен ойланып отырдым мына жақта. Әйтпесе форум басталардан бұрын ғалымдар Назарбаевқа жаңадан ашылған минералды көрсетіп, «медицина, химия саласындағы жоғарғы технологиялар үшін ғылыми-практикалық мәні бар, көмірсутектік кластерлерден тұратын бұл минералды тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап», оны «Нұрназен» деп атауды ұйғарған еді ғой.

Ақпарат құралдарының айтуынша, жаңа минералдың атының алғашқы екі
Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәкті өз сотына сотына зембілмен әкелді. Каир, 7 қыркүйек 2011 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәкті өз сотына сотына зембілмен әкелді. Каир, 7 қыркүйек 2011 жыл.
буыны Қазақстан президентінің есімі мен фамилиясынан құралған. Минералогия ғылымынан бейхабар болғандықтан қалғанын түсінбедім.

«Минерал» туралы тағы бір сөз:
Баяғыда Египеттің президенті Хосни Мүбәрәк: «Мен кетсем, Египет халқы қалай күн көрер екен?» деп қатты қайғырыпты. Көмекшісі: «Қайғырмаңыз, президент мырзам! Египеттіктер – шыдамды жұрт қой, тас жесе де аштан өлмес» деп жұбатыпты. Сол кезде Мүбәрәк атып тұрып: «Кәне, жаз! Бүгіннен бастап тас саудасы толықтай менің ұлым Алааның қарамағына берілсін!» деп тағы бір жарлық шығарыпты.

«Но здесь наши работают. Работают слабо!»

ІІ. «СЫРТҚЫ ЖАУЛАР» ЖӘНЕ ЗИН ӘЛ-ӘБИДИН БЕН ӘЛИ

Желтоқсанның 1-і күні Алматыда Қазақстан ғалымдарының форумы өтті, оған президент Назарбаев қатысты.

Форумда сөйлеген президент Назарбаев соңғы айлардағы атышулы оқиғаларды сөз етіп, одан әрі «қазақ халқының ханафи мазхабында екенін» еске бір салып, «қазақ әйелдерінің хиджаб кимегенін, ерлермен бірге атқа мініп шапқылап жүргенін» тағы айтты. Бұл тақырыптағы әңгіме «Сондықтан бәріміз жұмылып, елдің ішіндегі бірлікті сақтайық!» деген тапсырмамен аяқталды.

– Біздің ішімізден бүлік шығарып, бүйректен сирақ шығарып, қазақты быт-шыт қылатын болса, сырттан келіп бізді табыстыратын ешкім жоқ. Жарға итеріп жібергісі келетіндер бар, бөліп-бөліп елімізді жан-жаққа. Батыс-шығысқа бөле ме, жүз-жүзге бөле ме – Ресей империясында оның бәрі баяғыдан бері қарай отработано. Білесіңдер ғой өздерің! Сондықтан жалғыз Назарбаевқа... Басқарып отырған адамдардың шаруасы емес ол, болашақтың, біздің, келер ұрпақтың шаруасы – елдің бірлігі, елдің тыныштығы. Тыныштық болмағанда ештеңеге қол жеткізбейтін едік. Көріп отырсыңдар ғой төңіректе не болып жатқанын?! – деді Қазақстан президенті ғалымдарға.

«Елдің бірлігі» туралы тағы бір сөз:
Тунистің бұрынғы президенті Зин әл-Абидин Бен Али мен оның әйелі Лейла. Тунис, 11 қазан 2009 жыл.
Тунистің бұрынғы президенті Зин әл-Абидин Бен Али мен оның әйелі Лейла. Тунис, 11 қазан 2009 жыл.

Қаңтар айындағы халық толқулары кезінде Сауд Арабиясына қашып кеткен Тунис президенті Зин әл-Әбидин бен Әлиді осы аптада Тунис әскери соты «офицерлерді азаптады» деп айыптап, сыртынан 5 жылға соттады. Бұрынғы президентті бұрынғы отанының азаматтық соты бұған дейін сырттай үш рет соттап, 60 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді.

Елді 23 жыл басқарған Зин әл-Әбидин бен Әли мен оның шаштараз жұбайы Лейла Трабелсиден, ол екеуінің ағайын-туыстарынан әбден зәрезеп болған Тунис халқы:

– Туниске президент керек. Жұмыс тәжірибесі болуы міндетті емес. Еңбек шартының мерзімі шектеулі. Негізгі талап – кандидат жетім болуы керек, бір үйдің жалғыз ұлы болуы керек, міндетті түрде тұқымсыз болуы керек, ең бастысы таз болуы керек, – деп, бір-біріне хабарландыру айтып жүр.

«Көріп отырсыңдар ғой төңіректе не болып жатқанын?!»

ІІІ. ЕГЕМЕНШІЛ ПРЕЗИДЕНТТІҢ «ЕГЕМЕНДІГІ»

Желтоқсанның 1-і күні Алматыда Қазақстан ғалымдарының форумы өтті, оған президент Назарбаев қатысты.

Қазақстан президенті ғалымдарға Кеден одағының артықшылығы жайлы, Еуразиялық экономикалық интеграциядағы «егемендік» туралы түсіндірді. Нұрсұлтан Назарбаевтың орысша айтқан сөзінің қазақша тәржімасы мынандай:

– Кеден одағында мәселені үш президент пәтуаласып шешеді. Біз Ресейден егемен боламыз. Осыны ойладыңдар ма? Мен «Жоқ» десем, ештеңе шешілмейді. Өз егемендігіңде отырған қалай, Ресейден егемен болған қалай? Бұл – саяси мәселе. Ғалым ретінде дұрыс сараптап, жұртқа дұрыс түсіндіріңдер. Мұны түсінердей етіп айттым ба?

Президент осыны айтты да, 23 жыл бойы салынған, 1 метріне (бейнелеп айтсақ) 131 мың 314 АҚШ доллары жұмсалған Алматы метросының ашылу салтанатына кетіп қалды.

Ғалымдарды білмеймін, ал мен түсінуге қаншама ниет қылсам да, «өз егемендігіңді азсынып, Ресейге барып егемендігіңді дәлелдеудің» артықшылығын еш ұқпадым. Мүмкін, сіздер түсіндірерсіздер!

«Егемен болу» туралы тағы бір сөз:
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 18 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 18 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарашаның 29-ы күні Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов «өміріндегі ең маңызды құжатқа» – президент Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсынысқа қол қойған еді.

Сенат депутаттары желтоқсанның 1-і күні – Назарбаевтың президент болғанына тура 20 жыл толған күні – «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – ұлт көшбасшысы» туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу» жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Енді бұл заңды президент Назарбаев мақұлдап қол қойса, президент Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы беріледі. Ал президент «бұл заңға қол қоймаймын» десе...

– Басқа конституциялық сай болмайтындай жағдайлардың бәрін біз қарадық. Қол қоймаса, 19-бап бар – ол жағынан бап бір айдың ішінде күшіне енеді, – дейді әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов.

Президент Назарбаев өткен жылы елбасы туралы конституциялық заңға да қол қоймай отырып алған – бірақ ол заңға премьер-министр К.Қ.Мәсімов, парламент сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев, парламент мәжілісінің төрағасы О.Б.Мұхамеджанов қол қойып, президенттің «егемендігіне» тізе батырып, «елбасы» деген мәртебені «зорлықпен» таңған еді.

«Мұны түсінердей етіп айттым ба?»

P.S. «Мүбәрәк туралы анекдот айтты, бен Әли туралы айтты – біздің президент туралы айтпағаны несі!» деп ренжіп отырсыздар ғой. Онда академик Өмірзақ Айтбаевтың ғалымдар форумында президент Назарбаевқа айтқан сөзін тыңдаңыздар ерінбесеңіздер:

please wait

No media source currently available

0:00 0:05:39 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG