БІРІНШІ ОҚИҒА
Осы аптада Қазақстан парламенті «Діни қызмет жіне діни ұйымдар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сөйтіп, ел тыныштығын, отанның тұтастығын ойлаған ынтымақшыл парламент (өз сөзім!) қыркүйектің басынан бері жұртты араздастырып, ағайынды дауластырып қойған құжатты президент Назарбаевқа қарай ұзатып салды.
Бұл заң жобасына наразы жұрт 7-баптың 3-тармағын қайта-қайта айтып, адам құқын шектеу боларын ескертіп еді:
– Бұл бапты күшейтіп отырған себебіміз, өздеріңізге белгілі, шариғат заңы бойынша, адам намазын мешітте оқығаны дұрыс. Мұны кейбір өткір, ащы жаңалықтарға құштар ақпарат құралдары НЕТІП жатыр, – деп жауап берді Дін істері жөніндегі агенттік жетекшісі Қайрат Лама Шариф.
«Тоқал ешкі мүйіз НЕТЕМІН деп жүріп құлақтан НЕТІПТІ» – «мешіттен басқа жерде намаз оқуға тыйым салмаңдар» деп шуласқан ел азаншы мен жаназаға да зар болып қалар түрі бар.
– Ислам дінін ұстанбайтын көптеген азаматтар муэдзиннің дауысын азайтуды сұрайды. Әсіресе таңғы сағат 5-те намазға шақыру көптеген азаматтарды мазалайды. Жаназаға қатысты да осы, – деді Қайрат Лама Шариф.
P.S. Ал сіздер «Атырау медициналық колледжінің басшылары бір топ студент қызды орамал таққандары үшін оқу орнына кіргізбей қойыпты» дегенді жаңалық қылып айтасыздар маған.
ЕКІНШІ ОҚИҒА
Осы аптада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, 6 қыркүйек күні айтқан сөзі үшін оралмандардан кешірім сұрады.
Мамашев мырзаның қыркүйектің басында оралмандарға айтқан сөзі мынау еді:
– Егер нақты ұсыныстарың болса, құдайға шүкір есігіміз ашық. Ал жөні жоқ ана жерге барып, мына жерге барып, телеарналарды айналып, журналистерді жағалап, біздің төңірегімізге су құйып жүрген ағайындар да бар. Біз оның бәрін білеміз. Мен әрі-беріден соң, қазақша айтқанда, ұрғаным бар. Турасын айтайын: әр нәрсенің орны бар. Сыйлап жүрміз бе – сыйластықпен жүріңдер адам сияқты. Ал жөні жоқ есіріп, құтырғанды қою керек!
Ооо!
Талғат Мамашев, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары, баспасөз маслихатында. Алматы, 27 қыркүйек 2011 жыл.
Ал мынау Мамашев мырзаның 27 қыркүйекте айтқан сөзі:
– Әркім қазақтың сөзін өз деңгейіне қарай түсінеді. «Ұрғаным бар» деген сөз «сендердің у-шуларыңды, арыздарыңды, жала-өтіріктеріңді құлаққа ілмеймін, сендерге дауа жоқ» деген мағынада айтылған. Шу көтеріп, өре түрегелетіндей ештеңе де жоқ. Бүкіл оралман ағайындарға емес, сол жиналыста отырған мына Ауыт деген ағайын, Рақым деген ағайын – соларға қаратып айттым.
P.S. Ал сіздер «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың оралмандар жайлы «Жаңаөзенге Түркіменстан мен Қарақалпақстаннан ауыл-ауылымен көшіп келіп жатыр, ол жаққа келушілерді баяғыда шектеу керек еді – өйткені Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың басшылары солар» деген сөзін жаңалық қылып айтасыздар маған.
ҮШІНШІ ОҚИҒА
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінде Батыс Қазақстан облысында биыл мамыр айында киіктердің қырылу себебін тексерген мамандар жиын өткізді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесін жария еткен мал дәрігері, вирусолог Әділқасым Жақыпбаев «киіктер шық басқан шұрайлы шөпті шектен тыс көп жеп, іші кеуіп өлген» деп мәлімдейді.
Вирусолог маманның мұндай болжам айтарын Қазақстан халқы әлдеқашан білген сияқты.
Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің мәліметіне жүгінсек, 2001 жылы әрбір қазақстандық айына 1,5 килограмм жеміс-жидек жесе, 2010 жылы тәбеттері тыйылып, 1,1 килограмға азайтыпты.
«Қазақ шөп жейтін киік емес қой, етті айтсаңшы!» десеңіз, 2001 жылы отыз күнде орта есеппен 5,5 килограмм ет жейтін әрбір қазақстандық 2010 жылы «3,5 килограмға қанағат» депті. Сондықтан бұл елде тамақты «шектен тыс көп жеп, іші кеуіп өлу» қаупі адамда жоқ.
Қорықса – айына 6,8 килограмм ет жейтін Еуропа халқы қорықсын.
P.S. Бірақ «Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов 23 тамызда «Өсімдік майының кейбір түрін сыртқа шығаруға төрт ай мерзімге уақытша тыйым салынсын» деген қаулыға қол қойды» деген жаңалықты естіп, шошығанымнан қарнымды сипай бердім.