Accessibility links

«Газетчиктер» реформа жасауы керек» дейді газет сатушы


Ғалымбек Толғанбаев темір жол вокзалының алдында газет сатып тұр. Алматы, 11 тамыз 2011 жыл.
Ғалымбек Толғанбаев темір жол вокзалының алдында газет сатып тұр. Алматы, 11 тамыз 2011 жыл.

Жиырма жылдан бері вокзал маңында газет сатып жүрген Ғалымбек Толғанбаев Қазақстанға интернет келгелі клиенттері мүлдем азайып кеткенін айтады.


– Менің негізгі мамандығым – құрылысшы. 1986 жылы «Желтоқсан» оқиғасына қатысамын деп мүгедектікке ұшырадым. Арқамнан тиген сом темір бірнеше қабырғамды сындырып жіберіпті. Әлі күнге дейін корсет киіп келемін, – дейді жуықта 60-қа толған Ғалымбек Толғанбаев.

Сол соққыдан алған жарақат қара жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, амалсыз газет сатып, күн көріп жүргендігін айтады.

«ГАЗЕТТЕР ӨЗДЕРІН-ӨЗДЕРІ ЖЕРЛЕУГЕ МӘЖБҮР БОЛАДЫ»

Ғалымбек Толғанбаев газет сатуды 1990-жылдары бастапты. Алғаш «Азат» қозғалысы құрылған кезде осы партияның газетін сатқан екен.

– Ол тұста жұмысқа жарамсыз болып, әр жерде түртінектеп жүрген едім. Бір күні Сәбетқазы Ақатай марқұм жолығып, газет сату жайлы ұсыныс
Қазақстанда шығатын газеттердің кейбірі. (Оқырманнан келген сурет)

айтты, – дейді Ғалымбек Толғанбаев. – Осыдан үш төрт жыл бұрын аптасына «Аргумент и факт» газетінің 70 данасын сататынмын. Қазір 10-15 данасын әрең өткіземін. Ал «Комсомольская правданың» жұмасына жетеуі ғана өтеді.

Газет сатушы қазақ тілді басылымдардан «Қазақстан-Заман» мен «Жас алаш» газеттері өтімді екенін айтады.

Өзі «оқырман сұранысына ие» деп есептейтін газеттердің ішінен тек «Караванды» ғана сатпайды.

«Оның салмағы ауыр, көтере алмаймын» дейді Ғалымбек Толғанбаев.

– Егер газеттер осы сарыннан айырылмайтын болса, көп ұзамай өздерін өздері жерлеуге мәжбүр болады. Сондықтан «газетчиктер» саяси-әлеуметтік реформа жасау керек, – дейді газет сатушы.

«ҚАЗАҚСТАНДА ДЕМОКРАТИЯ БАР»

Азаттық радиосының тілшісі үкіметтік бағыттағы газеттердің өтуі қалай екенін сұрап еді:

– Негізінен ондай газеттерді бізге сатуға бермейді. Бірақ бір рет «Президент және халық» газетін сатып көрмек болып едім, «газетіңмен бірге құры» деп өзімді кеудемнен итерді, – деп жауап берді Ғалымбек Толғанбаев.

«Кейбір оппозициялық басылымдар болмаса, үкіметтің сөзін сөйлейтін газеттер тек шекілдеуік пен самса орауға ғана жарайды» деп қосып қойды газет сатушы.

Ғалымбек Толғанбаевтың байқауынша, Қазақстанда «аздап болса да сөз бостандығы бар».

– Мынау Өзбекстан, Түркіменстанмен салыстырғанда Қазақстанда демократия бар. Өйткені мен сатып жүрген газеттерді жаңағы елдерден таппайсыз. Бізде, құдайға шүкір, сатқызбай, қудалап жатқандар жоқ. Мен осының өзіне ризамын. Егер сатқызбаса, әлдеқашан аштан өліп қалар едім, – дейді қарт сатушы.

ТЕЛЕФОНЫ ЖОҚ АДАМ

– Үйде жалғыз өзім тұрамын. Тапқан табысым күнделікті нәпақамды әрең айырады. Ал бала-шағасын осы тірлікпен асырап жүргендер үшін қазір өте ауыр, – дейді сұхбаттасымыз.

Жасы жетпегендіктен зейнетке де шықпаған екен. «Үкіметтен ешқандай әлеуметтік көмек алып көрген адам емеспін» дейді өзі. Жуықта жүрегі ауырып, бір ай үйден шыға алмай қалыпты.

– Үйімде телевизор жоқ. Оны айтамын, өткенде ауырғанда жедел жәрдем шақыратын телефон таба алмай қиналдым, – деген Ғалымбек Толғанбаев телефон сатып алуға жуық арада ақшасы болмайтынын да айтты.
XS
SM
MD
LG