Accessibility links

«Талақ» айтып ажырасу Қазақстанда да көп


Телефон дисплейіндегі "Талақ" деген жазу. (Көрнекі сурет).
Телефон дисплейіндегі "Талақ" деген жазу. (Көрнекі сурет).
«Талақ» деген жалғыз сөзді айтып әйелімен ажырасып жатқандар Қазақстанда да бар. Көрші елдерде бұл құбылыстың үлкен проблемаға айналғанына көп болды.

22 жастағы алматылық тұрғын Айгүл Қожабекова «ислам дінін жеті жыл бұрын қабылдапты». Ол Құран оқитын, бірнеше мәрте Меккеге барған немере ағасының ықпалымен дін ұстаған.

КҮЙЕУІМ «ТАЛАҚ» ДЕДІ

- Жұрттың ислам діні туралы айтып жүргенінің бәрі - бекер сөз. Жүрегіңе Алланың есімі ұяласа, саясат, соғыс, зұлмат, қоғам, отбасылық қатынастар дегеннің ешбір мағынасы болмай қалады, - дейді Айгүл Азаттық тілшісіне.

Айгүл осыдан төрт жыл бұрын мұсылман жігітке тұрмысқа шығады. Ұлды болып, есімін Мұхаммед қойыпты. Күйеуі қосалқы бөлшектер сататын дүкенде сатушы болып істейді.
Бала ұстап отырған мұсылман әйел. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Бала ұстап отырған мұсылман әйел. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жас келіншектің айтуынша, «әуелі бәрі жақсы болған». Үйлену тойына дейін күйеуін көрмепті.

- Ислам дәстүрі ұрыс-керіске тыйым салады, әйел күйеуіне бағынуы тиіс, - дейді Айгүл.

Жас отбасы пәтер жалдап, ақшадан қысылған. Айгүл жұмыс істемепті. Өзі айтпақшы, нағыз мұсылман әйелі ретінде тұрмыс ауыртпалығына іштей көндігіп, тіршілік кешкен.

Ұлы Мұхаммед қоянжырық болып туғанда күйеуі ажырасу (ислам дінінде бұл «талақ» деп аталады) жайлы алғаш рет сөз қозғапты. Ренішін ішіне бүккен Айгүл көз жасын да көрсетпестен, күні-түні Құдайға сыйынып, намаз оқиды.

Дені сау бала сүю үшін екінші рет үйленгісі келетінін мәлімдеген күйеуі «талақ» сөзін екінші мәрте айтады. Тіпті болашақ әйелінің есімін де атапты. Мұндай жағдайда әйелдің басқа біреуге тұрмысқа шығуына немесе үйден кетуіне үш ай мерзім беріледі екен. Айгүл ақыры үйден кетуді ұйғарады.

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі қазір екінші әйелімен тұрып жатыр. Айгүлге мүлде көмектеспейді. Бірақ бұл тақырыпты терең қаузағысы келмеген Айгүл:

- Алламыз «Егер сендер біреудің құпиясын сақтасаңдар, мен де сендердің құпияларыңды сақтаймын» деген. Кешіріңіз, енді ештеңе айтқым келмейді, - дейді.

Тәжікстан мен Қырғызстанда да некені тек мешітте ғана қию дәстүрі пайда болған соң, ислам қағидаларына ғана сүйеніп ажырасатын жұптар көбейді. Әйеліне «талақ» деп үш мәрте айту арқылы ажырасу мүмкіндігін беретін діни қағидаларды әркімнің өз еркінше түсінуі салдарынан зайырлы мемлекет негіздеріне қайшы келетін тағы бір әлеуметтік проблема туды.

Ресейде гастарбайтер болып жүрген еркектер әйелдеріне «талақ» деген SMS-хабарлама жіберетін жаңа әдет шықты. Қырғызстан парламентінің депутаты Тұрсынбай Бәкірұлы мүфтиятқа телефон немесе интернет арқылы ажырасуға тыйым салу жөнінде жақында өтініш жолдады.

«КӨМЕКТЕСЕМ, ӘЛІ ДЕ КӨМЕКТЕСЕ БЕРЕМІН...»

Алматы тұрғыны, 24 жастағы Рүстем Байниязов - бала кезінен намаз оқитын жігіт. Бүкіл отбасы - діншіл. Атасы Қарағанды облысының ауылдарының бірінде имам болыпты.

- Мен үшін ислам дегеніміз бес әріптен тұратын сөз ғана емес. Азан шақыру, намаз, мешіт, Мекке сөздерінің мәні терең. Бұл – тіршілік етуімнің мәні, ұстанған өмір салтым, - дейді Рүстем Байниязов.

Рүстем екінші рет үйленген. Алғашқы әйелі Жаркент қаласында тұрады. Екеуінің Хадиджа есімді қыздары бар.
Мұсылмандар намаз оқып тұр. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Мұсылмандар намаз оқып тұр. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Шариғат бойынша ортада бала болса, күйеуі әйеліне көмектесуі тиіс. Мен көмектесемін. Мұны тек діни сенімі терең адам ғана істейді. Айына 50 мың теңге жіберіп тұрам. Алланың берген ризығына қарай көмектесем, - дейді Рүстем.

Рүстем жеке меншік заң кеңсесінде жұмыс істейді. Айлық табысы - 150-200 мың теңге (1500 долларға жуық). Екінші әйелі Мүслимадан Ибрагим есімді ұлы бар.

- Екі әйелім бір-бірімен араласып тұрады. Алғашқы әйелім қайтып тұрмысқа шықпады, қалауы сол болды. Алла қаласа, әйелдікке алатын мұсылман біреу кездесіп қалар, - дейді Рүстем.

Рүстемнің айтуынша, алғашқы әйелімен арада ешқашан ұрыс-керіс болмапты. Ерлі-зайыптылар уақыты келгенде әркімнің жеке өмір сүргенін жөн көріпті. Рүстем «Бұл – Алланың ықтиярымен болған іс» дейді.

- Жалпы, ислам некенің бұзылғанын құптамайды, еркек әйелін босатуы тиіс. Алланың «Ажырасқан әйелің белгіленген мерзімді (иддат – үш ай) өтеген кезде оны инабатпен ұстаңдар немесе оларды еркінен тыс жіберіңдер...» деген сөздері еркектерді есінде жүргені жөн, - дейді Рүстем.

АХАЖ ҚҰЖАТЫ БӘРІНЕ КЕРЕК

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) насихат бөлімінің қызметкері Асылбек Әуезханұлы ислам діні некенің бұзылғанын құптамайтынын айтты.

- Әдетте мұндай қадамға басқа амал қалмағанда барады. Қазір Алматыда үйленгендердің 30 пайызы - ажырасып кеткендер. Олардың ішінде мұсылмандар да бар, - дейді ол.

Асылбек Әуезханұлының айтуынша, әке-шешесінің ықтиярынсыз үйленіп, бір айдан соң ажырасып кететін жастар көп.

Оның ойынша, отбасылық қарым-қатынастарды насихаттауды мектеп партасынан бастау керек, орта буын мен жоғары сынып оқушыларына арналған оқулықтар, арнайы кітаптар қажет. «Рухани тірегі мықты шаңырақ шайқалмайды» дейді Асылбек Әуесханұлы.
Алматыдағы орталық мешіт. Алматы, 27 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы орталық мешіт. Алматы, 27 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

- Осыдан бір жарым жыл бұрын имамдар «Некесін мешітте қидырғысы келетін жастар АХАЖ (азаматтық хал актілерін жазу) бөлімінен қағаз әкелуі тиіс» деген арнайы ереже бекіткен болатын. Енді бұл ережені Алматы қаласы мен Қазақстандағы бүкіл мешіттер орындайтын болады, - деді Асылбек Әуесханұлы Азаттық тілшісіне.

«Қазақстан құқықтық мемлекет болғандықтан, шаңырақ көтергісі келетін жастар діни сеніміне қарамастан, АХАЖ бөлімінде тіркеуден өтуі тиіс. Өйткені кейін ажырасып жатса, еркек алимент төлеп, баласын асырауға көмектесуге міндетті» дейді ҚМДБ өкілі.

- АХАЖ-дың қағазы мұсылмандарға ғана қажет құжат емес. Кімнің қандай дінді ұстанатынына қарамастан, неке куәлігі бәріне керек, - дейді Алматы қалалық АХАЖ бөлімінің бастығы Шынар Әлімхан.

Егер ерлі-зайыптылар некені әлдебір сенім-нанымы бойынша бұзғысы келсе, некенің бұзылғанын тиісті құжат растауы тиіс. Шынар Әлімхан «Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, неке де сот шешімімен бұзылады» дейді.

Алматы қаласы АХАЖ бөлімінің дерегінше, биыл тоғыз айда 4 мың 254 неке бұзылған (былтыр осы уақытта 4 мың 215 отбасы ажырасқан).
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG