Accessibility links

Баян-Өлгий аймағының 70 жылдығы тойланып жатыр


Баян-Өлгий аймағы әкімдігінің ғимараты. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.
Баян-Өлгий аймағы әкімдігінің ғимараты. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.

Моңғолияда Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 70 жыл толды. Соған орай аймақта той өтіп жатыр. Осы аймақтың тұрғындарының 90 пайызын қазақтар құрайды.


Жергілікті жұрт той дайындығына екі жыл бұрын кіріскен еді. Баян-Өлгий аймағының мерейтойын тойлау туралы шешім 2008 жылы шыққан. Бұл туралы мерейтойда, Моңғолия ұлы халықтық хуралы (парламент) төрағасының орынбасары Нямжавын Батболд айтып өтті. Ол Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгий аймағы, осы елдің шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқанан атап көрсетті.

Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық мерейтойына Қазақстаннан, Қытайдан және Ресейден арнайы қонақтар қатысып отыр. «Сонымен қатар, Алмания мен Түркиядан да ат арытып келген меймандар бар» -дейді Баян-Өлгий аймақтық халықтық хуралының депутаты Болат Әукей.
Баян-Өлгий аймағы. Таңғы көрініс. Моңғолия, шілде,
2008 жыл.


Депутаттың дегеніне қарағанда, өткен қыс Моңғолия елі үшін аса ауыр болды. Соған қарамастан халық, әсіресе ат төбеліндей аз ғана қазақ, осы тойда ат шаптырып, балуан күрестіріп арқа-жарқа болып жатыр. «Бұл да қыстан қиналып шыққан елді бір-бір серпілтіп тастары хақ»,-дейді ол.

Аймақта қазақтардан басқа, жергілікті тува және ұранхай ұлыстары мекендейді.

Моңғолия батысындағы 150 мыңға жуық халқы бар Баян-Өлгий аймағы 1940 жылы Ховда аймағынан бөлініп шығып жеке әкімшлік аймақ ретінде құрылды. Өлгий халқының негізгі тіршілігі малшаруашылығы болып келеді. Бұл аймақты қазақтардың мекендегеніне үш ғасырға жуық уақыт болды. Совет одағы ыдырағаннан бері Баян-Өлгийден Қазақстанға 50 мың қазақ қоныс аударды.

Кеше басталған Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық тойы бүгін аяқталады.
XS
SM
MD
LG