Accessibility links

Оралман «экстремист емес» екенін сотта дәлелдемек


Ираннан келген оралман Исрафил Баги әйелі және балаларымен оралмандар орталығынан берілген бөлмеде отыр. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 10 маусым 2017 жыл.
Ираннан келген оралман Исрафил Баги әйелі және балаларымен оралмандар орталығынан берілген бөлмеде отыр. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 10 маусым 2017 жыл.

Маңғыстау облыстық көші-қон қызметі «экстремистік я террорлық іс-әрекет» жайлы баптарға сүйеніп, Ираннан көшіп келген Исрафил Багиды елден шығармақ. Билікті сотқа берген оралман негізсіз «күдікті» атанғанын айтады.

Иранның Горган қаласында туып-өскен 30 жастағы қазақ Исрафил Багидың отбасы қазір Ақтау қаласындағы оралмандарға арналған орталықта тұрып жатыр. Исрафил Баги әйелі және кәмелетке толмаған екі баласымен 2013 жылдың қараша айында тарихи отанына көшіп келген соң көп ұзамай оралман мәртебесін алған. Қазақстанда оның отбасында тағы бір сәби дүниеге келген.

Өзіне "жала жапты" деген оралман сотқа жүгінді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:15 0:00
Жүктеп алу

2014 жылы сәуірде Қазақстан билігі Исрафил Багиге ел аумағында төрт жыл, яғни 2018 жылғы шілде айына дейін тұруына рұқсат беретін ықтиярхат тапсырған.

Өз айтуынша, Горгандағы орта мектепті тәмамдаған соң әуелі сондағы медреседе, кейін Пәкістанның Лахор қаласында алған діни білімі оған Қазақстанға келген соң мешітке жұмысқа орналасуына мүмкіндік берген. 2014 жылдың қарашасында ол келісім шарт негізінде Жаңаөзен қалалық мешітіне қызметші ретінде жұмысқа қабылданып, сол жерде 2017 жылғы қаңтарға дейін істеген.

Жаңаөзен қаласындағы Исрафил Баги жұмыс істеген қалалық мешіт. 9 маусым 2017 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы Исрафил Баги жұмыс істеген қалалық мешіт. 9 маусым 2017 жыл.

Исрафил Баги өткен жылғы желтоқсанда өз отбасы мүшелеріне Қазақстан азаматтығын беруді сұрап билік органдарына өтініш тапсырған. Ана тілімен қоса парсы және араб тілдерінде еркін сөйлейтін оралманға орыс тілін білмеуі және кириллица негізіндегі қазақ жазуын оқи алмайтыны ресми орындармен қатынаста қиындық туғызыпты.

- Азаматтық алу үшін құжат тапсырудың өзі біз үшін үлкен қиындық туғызды. Кириллицаны білмеген соң оқи да, жаза да алмаймыз, не қол қоя алмаймыз. Мұндағылардың көбі орысшаны араластырып сөйлейді, оны да ұқпаймыз, - дейді Баги.

«ӨЗ ЕРКІҢМЕН ЕЛДЕН КЕТ»

Бірақ "атамекенде ұрпағын өсіп-өндіруді армандап келген" оралман қазір әлгі өтінішін орындаудан бас тартқан және "бала-шағасымен елден кетуін талап етіп отырған" Маңғыстаудың жергілікті билік органдарымен соттасып жүр. Жақында өткен бір сот ісінде Исрафил Багиды жергілікті полиция әкімшілік жауапқа негізсіз тартпақ болғаны дәлелденіп, оралман жеңіске жеткен.

Маусымның 2-сі күні Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты Исрафил Багиге «тұрғылықты жерінде тіркелмегені» үшін айыппұл салу туралы жергілікті полицияның сәуірдің 29-ы күні толтырған хаттамасы мен қаулысын бұзды. Сот полиция өкілі әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның Қазақстан азаматтарына қатысты бөлігін әлі азаматтығы жоқ оралманға негізсіз қолданбақшы болған деп тапты. Істі қараған судья Кенжекүл Қалауова сотқа берілген шағым иесі Исрафил Багидің өтінішін толық қанағаттандырды және учаскелік полиция инспекторына қатысты жеке қаулы шығарғанын жариялады.

- Багиге толтырылған хаттаманың заңсыз екені туралы сот шешімі шыққан сәтінен бастап күшіне енеді және ол шағымдануға жатпайды. Ал қаулыға қатысты полиция өкілінің сот шешіміне наразылық білдіруіне құқығы бар, - деді судья.

Исрафил Баги енді Маңғыстау облыстық көші-қон қызметінің өзі мен отбасына қатысты шешіміне жазған шағымы бойынша да сот әділ ұйғарым шығарады деп үміттенеді. Бұған дейін оралманға Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон қызметі бөлімі «маусымның 30-ына дейін Қазақстаннан өз еркімен шығып кетпесе депортацияланатыны» туралы ескерткен.

Ақтау қаласындағы Rөші-қон қызметі басқармасының ғимараты. 10 маусым 2017 жыл.
Ақтау қаласындағы Rөші-қон қызметі басқармасының ғимараты. 10 маусым 2017 жыл.

Көші-қон қызметінің мамырдың 30-ы күні жолдаған хабарламасында Исрафил Багиге Қазақстанда тұрақты тұруына берілген рұқсаттың күші «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 49-бабының 9-1 бөлігі негізінде жойылғаны» жазылған. Заңның ол бабында «ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болған» жағдайда Қазақстанға көшіп келушілерге ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат берілмейтіні не бұрын берілген рұқсаттың күші жойылатыны айтылған.

Мұның алдында Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасы Исрафил Багиге Қазақстан азаматтығын беруді сұрап жазған өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы хабарлаған. Наурыздың 14-і күні жолдаған хатында облыстық көші-қон полициясы Исраил Багиге азаматтық беруден бас тарту туралы шешімге негіз ретінде «Қазақстан азаматтығы туралы» заңның «террористік және экстремистік ұйымдарға кірген немесе сотталған, өзі туралы жалған мәлімет берген не қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмағандарға» Қазақстан азаматтығы берілмейтіні айтылған 5 және 8-тармақтарына сілтеме жасаған.

«ТЕРІС АҒЫМҒА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ»

Исрафил Баги өзіне не себепті күдікті тұлғаға айналғаны түсініксіз екенін айтады. «Ешқашан террористік я экстремистік ұйымдарға қатысқаным жоқ, заңға мойынсұнатын азамат ретінде өмір сүріп, еңбек еттім» деген оралман елден шығарып жіберсе, балаларының болашағы не боларын ойлап уайымдайды.

Ақтау қаласындағы оралман отбасылар тұратын орталықта есік алдында ойнап жүрген балалар. Ақтау қаласы, 10 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтау қаласындағы оралман отбасылар тұратын орталықта есік алдында ойнап жүрген балалар. Ақтау қаласы, 10 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ирандағы Қазақстан консулдығы Қазақстанда осындай қағаз талап етеді деген соң Горган қоғамдық соты мен прокуратурасынан әйеліміз екеуміздің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанымыз туралы анықтама да әкеліп тапсырғанбыз. Егер экстремистік немесе террорлық топқа қатысым болса мұндай анықтама бермек түгілі мені ол жерде тірі қоймас еді. Қазақстан заңдарын да бұзғаным жоқ, мешіттегі жұмысымда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талап-ережелерін орындадым, - дейді оралман.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» (ҚМДБ) діни бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша өкілі, Ақтаудағы облыстық мешіттің бас имамы Срайл Сейітбеков Азаттық тілшісімен әңгімеде Жаңаөзен қаласындағы мешітте жұмыс атқарған кезде Исрафил Багидың жамағатқа «ханафи мазхабы ұстанымдарын насихаттаушы» ретінде танылғанын айтып берді. Бас имам 2017 жылғы мамырдың 13-і күні Исрафил Багиге берген мінездемеде оны «білімді, сауатты азамат. Мешіт қызметінде жүріп, теріс ағым өкілерімен белсенді күресе білді» деп сипаттаған. Сонымен бірге, ҚМДБ өкілі мешіттегі қызметінде Багидың «Ханафи мазхабына қайшы уағыз жасамағаны, экстремистік идеологияны насихаттамағаны» туралы атап жазған.

«ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫН СОЛАЙ ДЕДІ»

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон қызметінің аға инспекторы Серік Умарбаевтың Азаттыққа айтуынша, Исрафил Баги мен оның әйелі Жұлдыз Ескелдінің азаматтық алу мәселесіне қатысты «кейбір құзырлы орындар» қарсылық білдірген. «Соның негізінде, Қазақстан заңдарына сәйкес, оларға ел аумағында тұрақты тұруға берілген рұқсаттың күші жойылды» деп түсіндірді полиция шенеунігі.

- Құзырлы орын сондай шешім қабылдады. Оның қандай құзырлы орын екенін мемлекеттік құпия болғандықтан айта алмаймыз. Біз Исрафил Багиге жолдаған хабарламада заңдар мен баптарын көрсеттік. Ал егер сот басқадай шешім қабылдаса, онда бәрін орнына келтіруге болады, - дейді Серік Умарбаев.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің діни экстремизіммен күрес бөлімінің бастығы Ғани Бапанға, сонымен бірге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің діни экстремизммен күрес бөлімі бастығы Рашид Қуандықовқа хабарласып, Ираннан көшіп келген оралман Исрафил Багидың мәселесі туралы түсініктеме берулерін сұраған еді. Бірақ осы мақала жарияланған уақытқа дейін екі органнан да ресми жауап болмады.

Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараты. Ақтау, 10 маусым 2017 жыл.
Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараты. Ақтау, 10 маусым 2017 жыл.

ОРАЛМАН ҚҰҚЫҒЫН СОТТА ҚОРҒАМАҚ

Исрафил Баги өзін отбасымен Қазақстаннан шығаруға және биліктің оларға азаматтық беруден бас тартуына еш негіз жоқ екендігіне сенімді. Оралманның заңды өкілі Ағысбек Төлегеновтің Азаттыққа айтуынша, Исрафил Баги Ақтау қалалық сотына жергілікті көші-қон қызметінің үстінен шағым түсірген.

- Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық көші-қон қызметінің Исрафил Багиге Қазақстан азаматтығын беруден бас тарту және оған ел аумағында тұрақты тұруға берілген рұқсатын жою туралы әрекеттерін заңсыз деп тануды, сонымен бірге оны 30 күн ішінде елден депортациялау туралы шешімнің күшін жоюды сұрап отырмыз, - дейді экс-судья Ағысбек Төлегенов.

Оның сөзінше, Исрафил Баги Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментін де сотқа берген. Алғашқы сот отырысы маусымның 15-сіне белгіленіп отыр.

Оралман «экстремист емес» екенін сотта дәлелдемек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

Жергілікті көші-қон қызметінің мәліметі бойынша, Маңғыстау облысында 2016 жылы 4535 адам, ал биылғы жылдың басынан бері 3524 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың басым көпшілігі - Түркіменстан мен Өзбекстаннан келгендер.

XS
SM
MD
LG