Accessibility links

Қазақ пен қырғыз интернетінің айырмашылығы


Қырғызстандағы kloop.kg порталының авторы әрі журналист-блогшы Бектұр Ескендір. Алматы, 15 сәуір 2011 жыл.
Қырғызстандағы kloop.kg порталының авторы әрі журналист-блогшы Бектұр Ескендір. Алматы, 15 сәуір 2011 жыл.

Қырғызстанда – Орталық Азиядағы интернеттегі бостандыққа жеткен тұңғыш елдердің бірі. Мұндағы интернет қауымы Бакиев режимінен кейін салыстырмалы түрде еркіндік алғандарын айтады.


Алматыда 15-17 сәуірде Орталық Азия блогшыларының баркэмп форматындағы жыл сайынғы басқосуы өтті. Журналистер, блогшылар, интернет саласының мамандары жиналған жиында Қырғызстандағы kloop.kg порталының авторы әрі журналист-блогшы Бектұр Ескендірден сұхбат алудың сәті түскен еді.

– Қазақстан мен Қырғызстанның интернет кеңістігін салыстыратын болсақ, ең әуелі не нәрсені байқауға болады?

– Менің ойымша, Қазақстандағы интернеттің көптеген экономикалық артықшылықтары бар. Мұнда жарнама берушілерге мол мүмкіндік бар. Бизнес жобаларды сәттірек жүзеге асыруға болады. Бір сөзбен айтқанда, айналымдағы ақша көбірек.

Ал Қырғызстанда, менің ойымша, саяси бостандықтың аясы кеңірек. Мысалы, бізде жаңалыққа арналған блог-платформамыз бар. Ондағы ақпарат
Қазақстандағы интернет-ресурстарды реттеу туралы заңға наразылық танытқан қоғамдық қозғалыстардың парламентке жіберген сәлемдемесі. Алматы, 29 сәуір 2009 жыл.
ешқандай цензураға ілікпейді, сүзгіден өтпейді.

Ал Қазақстанда мұндайды елестету қиын. Тіпті кейбір нәрселер үшін өмір бойы жазадан құтыла алмауың да ғажап емес. Менің ойымша, басты айырмашалық та – осында.

– Қазақстанда ақпарат агенттіктері соңғы кездері Твиттерге жиі сілтеме жасайтын болды. Көпшілік әсіресе өткен аптадағы үкіметтегі ауыс-түйістер жайында премьер-министрдің Твиттердегі парақшасынан біліп отырды. Бұл тенденция Қырғызстанда қалай?

– Мұндайды өзіміз де жасаймыз. Меніңше, бұл қалыпты нәрсе. Алдағы уақытта мұндай процесс шапшаң дами береді. Твиттер де - ауа сияқты бізді қоршап тұрған орта. Ондағы сөйлемдерге сілтеме жасау интервью алумен немесе газетке сілтеме жасаумен пара-пар. Тіпті оларға қарағанда қолайлылау да шығар. Себебі Твиттерде ақпаратты тексеру оңайырақ. Сондықтан Твиттерге сілтеме жасау - қазіргі кезде журналистер қолданатын өте прогрессивті әдіс. Қазір бұл әдісті өзіміз де белсенді түрде қолданып жатырмыз.

– Қазір билік өкілдері де қоғамдық желілерді жиі қолдана бастады. Қырғызстанда әсіресе өткен жылы парламенттік сайлау болар кезде партия өкілдерінің қатты белсенділік танытқанын естідік. Жалпы, Жоғары кеңеш депутаттары интернетте қаншалықты шынайы жазады?

– Бізде шынайы жазатын бірнеше депутат бар. Олар өзара қауесет, неше түрлі қалжыңдар айтысады. Ең шынайы жазатын депутат деп «Атамекен» партиясының өкілі Шырын Айтматованы атар едім. Бұл партия оппозициялық партия ма, емес пе – түсініксіз. Бірақ ол [Шырын Айтматова] өте белсенді түрде әрі шынайы жазады. Тіпті өзінің жеке өмірі туралы да ойларын ірікпейді. Оның концепциясы – «өзім туралы жалған өсек, сыбыстар тарамас үшін, адамдар мен істемеген нәрсені істеді деп айыптамас үшін бәрін қалдырмай жазамын». Ол Твиттерде қарсылас «Атажұрт» партиясының өкілі Ұлан Шолпонбаевпен үнемі қалжыңдасып отырады. Бұл депутат та твиттерде өте белсенді. Сонымен бірге «Ар-намыс» партиясындағы Дастан Бектемішев те сондай. Олар туитшілер қолданатын бейресми тілмен жазады. Бұл маған ұнайды. Қырғыз парламенті бұрын-соңды дәл қазіргідей жария болмаған шығар. Онда бірнәрсені бүгіп қалу мүмкін емес.

– Қырғызстанда әлеуметтік желілер қаншалықты ықпалды?

– Әлеуметтік желілер күн сайын ықпалды боп барады. Мысалы, екі ай бұрын өзіміздегі Ұлттық қауіпсіздік қызметі қателесіп, әріптесім екеуімізді ұстап алды. Іс жүзінде бізді Твиттер сақтап қалды. Онда бұл мәселенің өте қызу талқыланғаны соншалықты, ақыры ҰҚҚ өздерінің басқа адамдарды қамағандықтарын түсінді. Сөйтіп бізді босатып жіберді.

– Қырғызстанда блогшылар саясат жазудан қорқа ма?

– Жоқ, бізде саясат туралы бәрі жазады. Тіпті мектеп оқушысының өзі елде болып жатқан оқиғаға қатысты ойларын ашық жеткізіп отырады. Бақытымызға орай, қазір бізде цензура жоқ. Барлық саяси процестер интернетте еркін талқыланып, талданады. Ешкім өз ойын айтудан сескенбейді. Себебі интернетті бақылайтын әкімшілік ресурс жоқ, билік партиясы жоқ, біреулерді қудалауға жағдай да жоқ. Алдыңғы президентті орнынан түсіргеннен кейін әзірше бұған қатысты проблема жоқ.

– Қырғызстандағы интернеттегі авторлық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Бұл мәселе анда-санда талқыланып қояды. Жағдайға ықпал жасағысы келген ірі компаниялар да болды. Айталық, ABBYY Lingvo сөздігін шығарушы компания өздерінің өнімдерін торрентке жүктеп алмайтындай бақылау жасағысы келді. «Мicrosoft» та, музыка дүкені «Меломан» да әлдебір қадамдар жасауға тырысты. Дегенмен мұндай фактілер көп емес. Жалпы, бұл мәселе соншалықты салмақты түрде көтеріліп, талқыланған да емес.

– Сұхбатыңа рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG