Accessibility links

Иран қазағы ислам республикасына дейін де орамал таққан


Иранда тұратын этникалық қазақтар. Мариям Павизден алынған сурет.
Иранда тұратын этникалық қазақтар. Мариям Павизден алынған сурет.

Ирандағы қазақ диаспорасы өкілдері орамал тартуда өз ерекшеліктері бар екенін айтады.

Иран қазақтары елде 1979 жылы ислам республикасы орнағанға дейін де орамал таққан. Кейін орамал тағу міндеттелгенде олар ұлттық ою-өрнегі бар киімдерін бірыңғай түске алмастырады. Қазір диаспора өкілдері арасында тұрмысқа шықпаған қыздар қызыл немесе гүлді орамал, ал тұрмыстағы келіншектер бірыңғай ақ түсті орамал тағады.

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Иранда туып өскен, қазір сондағы Горган қаласында тұратын, мамандығы дәрігер Мариям Павиз осы елде барлық әйелге хиджаб киіп жүрудің міндет екенін айтады. Тіпті Иранға келген шетел әйелдері де шекарадан өткен бойда басына орамал тағуға тиісті. Ал жергілікті қазақтар да қоғамдық орындарда елдегі тәртіпке сай киіммен жүреді.

- Үлкен қызым он екінші сыныпта оқиды. Мектепте немесе басқа да қоғамдық орындарда үкіметтің заңына сай әйел адамдар хиджаб киеді. Сол себепті көшеде немесе мектепте ешкім жалаңбас жүрмейді. Заң бойынша әйел адамның беті және қолы мен аяғының басынан басқа жерінің бәрі көрінбеуі керек, - дейді Мариям Азаттыққа.

Иранда тұратын этникалық қазақ әйелдері. Мариям Павизден алынған сурет.
Иранда тұратын этникалық қазақ әйелдері. Мариям Павизден алынған сурет.

Мариямның айтуынша, Иран қазақтары ортасында бұрын бәлиғатқа толмаған қыздар тақия киген екен. Тақияны жергілікті қазақтар «телпек» деп атаған.

- 1979 ислам революциясынан кейін бәлиғатқа толған қыз балалардан бастап барлық әйелдер хиджаб киіп жүруге міндеттелген, - дейді Мариям Павиз.

Желтоқсанның аяғы - қаңтар айының басында билікке қарсы өткен наразылықтан кейін Иран әйелдері өздерінің мәжбүрлі хиджабқа да қарсы екенін тағы бір мәрте білдірген болатын. Өткен аптада осыған қатысты ондаған әйелді полиция ұстаған болатын. Иранда мәжбүрлі хиджабқа қарсы ауық-ауық акциялар жиі болып тұрады. Әсіресе, әлеуметтік желіде әйелдер осы мәселені көтеруде белсенді. Осыған орай Мариям Павиз елде хиджабқа қатысты әртүрлі көзқарас бар екенін, бірақ елдің бәрі жаппай хиджабқа қарсы емес екенін айтады.

- 2017 жылдың аяғында басталған шеруден кейін елдің ішінде хиджабты мәжбүрлемеу керек деген, немесе алып тастау керек деген тұрғыда екіұдай пікірдегі адамдар пайда болды, - дейді Мариям Павиз.

ОРАМАЛ ТҮСІНІҢ РӘМІЗДІК МАҒЫНАСЫ

Ираннан қоныс аударған Ақтөреш Шадком қазір Қазақстанның Ақтау қаласында тұрады. Ол «Иран қазақ қыз-келіншектерінің өзі ес білгелі орамал тағып келе жатқанын» айтады. Ислам революциясына дейін жергілікті Иран қыз-келіншектерінің жалаңбас жүргенін, кейін ғана хиджап киюге биліктің мәжбүрлегенін айтқан Ақтөрештің сөзінше, осы елдегі қазақтар мен түркімендер оған дейін де бастарына орамал тағып жүрген.

- Қыздар қызыл түсті, немесе гүлі бар түрлі-түсті орамал тартады. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін бастарына бірыңғай ақ түсті орамал салады. Оның өзін түрлі нұсқада ілмелеп байлайды. Ақ орамал таққан әйел үйлі болғанның, яғни келіншек болғандықтың белгісі, -дейді Ақтөреш Азаттыққа.

Фотогалерея: Ирандағы қазақтар (суреттің үстінен басыңыз).

​Ақтөрештің айтуынша Ирандағы бәлиғатқа толмаған қазақ қыздары өз үйлерінде, туыстары арасында айналасын түрлі-түсті моншақ тастармен көмкерген тақия-телпек киіп жүреді екен.

- Телпекті жергілікті түркімен қыздары да киеді. Бірақ олардың қазақтардан айырмашылығы – телпекке әшекей тастар тақпайды, - дейді Ақтөреш Шадком.

Ирандағы қазақтар осы елдегі түркімендер қоныстанған аймақта тұратындықтан, тұрмыс барысында осындай бір-біріне ұқсастықтар да, айырмашылықтар да кездеседі. Ақтөреш Шадкомның Азаттыққа айтуынша, жергілікті түркімен әйелдері қыз-келіншек болғанына қарамастан өздері «йағлық» деп атайтын көбіне жасыл түсті орамал-шәлі жамылып жүреді екен. Түркімен келіншектерінің тұрмыс құрмаған қыздардан айырмасы – «йағлықтың» астынан, яғни төбесіне дөңгелек шығыршық қойып жүреді.

- Шығыршық орамал-шәлінің үстінен білемденіп сырт көзге бірден шалынады. Бұл оның тұрмыстағы әйел екендігін білдіреді, -дейді Ақтөреш Азаттыққа.

Ақтөреш Шадком Қазақстанға 1995 жылы қоныс аударған екен. Ол «алғаш көшіп келгенде қыздарының басына орамал тағып мектепке барғанын, бірақ ортаға сіңісе алмағандықтан кейін шешіп тастағанын» айтты.

- Мектепте оқушылар қыздарымның басындағы орамалды тартып ойнап мазасын ала берді. Сонан кейін «елің қалай болса, бөркін солай болсын» деп оларды да мектепке жалаңбас жіберетін болдық. Ал өзіміз басымыздағы орамалды тастаған жоқпыз, - дейді Ақтөреш Қазақстандағы жағдайын айтып.

Ғалым Ислам Жеменей. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Ғалым Ислам Жеменей. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Ислам Жеменей – Иран қазақтарынан шыққан ғалым. Ол да көп жылдардан бері Қазақстанда тұрып жатыр. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша әйелдердің бас киімі болып есептелген телпек пен кимешек-шылауыштың Иран қазақтарының арасында ұмытылып бара жатқанын айтқан ол «Иранның қазіргі заңы бойынша барлығы бірдей қара киіп жүруі керек болғанын, бірақ қазақтардың қара жамылу жаман ырым екенін ескеріп, тек ақ немесе ашық түсті орамал пайдаланатынын» айтады.

- Мен - қазір алпыс алтыдағы азаматпын. Менің бала күнгі көргендерім бойынша дәстүр былай еді. Қыздар басына тақия сияқты әртүрлі әшекеймен нақышталған телпек киетін. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылға дейін басына жаулық салатын. Сол жаулықтың әртүрлі нақышы болатын. Ал бір жыл өткенннен кейін, яғни нәрестелі болғаннан соң ол жаулық таза ақ жаулыққа айналатын. Сонан кейін орта жастан, шамамен елулерді еңсерген кезде басына кимешек-шылауыш киетін. Қазіргі біздегі жас қыздардың басына кигізіп, хиджаб деп жүргендері осы кимешек, - дейді Ислам Жеменей Азаттыққа.

«ХИДЖАБ» ПА, ӘЛДЕ ЖАУЛЫҚ ПА?

Ғалым Ислам Жеменейдің айтуынша, «Иранда ислам республикасы орнағаннан кейін жергілікті қазақтардың басындағы жаулықтағы қазақы нақыштар азайып, керісінше ирандық өрнектер көбейе бастаған еді. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, екі ортада барыс-келіс орнап, соның әсерінен қазақы ою-өрнектер қайтадан қолданысқа енген.

Ол Иранда тұратын ұлттардың ішінде өздерінің ұлттық нақыштағы киімдерін сақтап қалғандардың бірі қазақтар мен түркімендер екенін айтады.

Ирандағы қазақ әйелдері. Сурет Мехран Пилтанның ФБ парақшасынан алынды
Ирандағы қазақ әйелдері. Сурет Мехран Пилтанның ФБ парақшасынан алынды

- Қазір ауылдық жерде тұратын түркімендердің барлығы ұлттық киімдерімен жүр. Ешқандай өзгеріс жоқ. Тіпті қалалы жерде тұратын оқымысты қыз-келіншектердің өздері де ұлттық киімдерін заманауи үлгіге ыңғайластырып алған,- дейді ғалым.

Қазақстанда қазір «орамал дауының» ушығып тұрғанын есіне алған Ислам Жеменей «Ел қазір басқа тұтатынның бәрін «хиджаб» деп атап кетті. Шындығында оның қазақша атауы - жаулық. Сол себепті қолданыстан «хиджаб» сөзін алып тастап, қазақтың қыз-келіншектеріне арналған бас киімдердің өз атауымен атау керек» деп сөзін түйіндеді.

Ирандағы қазақтар елдегі Горган, Бендер-Түркмен және Гунбад-и Қабус қалаларында тұрады. Олар Қазақстан аумағында Совет үкіметі орнап, қудалау күшейгенде Маңғыстау облысы аумағынан қоныс аударуға мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG