Accessibility links

Мұса Уәли: «Бұрынғыдай наурыз көже істейтін қазақ жоқ»


 Тойға ас дайындап жүрген әйелдер. Бәндар Түркімен қаласы. Иран, 2 сәуір 2013 жыл. Сурет Жафар Шадкам аккаунтынан алынды.
Тойға ас дайындап жүрген әйелдер. Бәндар Түркімен қаласы. Иран, 2 сәуір 2013 жыл. Сурет Жафар Шадкам аккаунтынан алынды.

Парсы және түркі халықтарының көбі жыл басы деп есептейтін Наурыз Иранда 13 күн тойланып, енді бітті. Ол елдегі қазақтар жергілікті халық ықпалымен салт-дәстүрлері өзгеріп бара жатқанын айтады.

Иранның Бендер-Түрікмен қаласында тұратын этникалық қазақ, 30 жылға жуық жергілікті орта мектепте парсы әдебиетінен сабақ берген Мұса Уәли қазір зейнет демалысына шыққан. Ол кісі Азаттыққа берген сұхбатында Иранның Наурыз мерекесін тойлауы жайлы, ондағы қазақтардың тұрмысы мен салт-дәстүріндегі өзгеріс туралы әңгімеледі.

Иран қазағы Мұса Уәлидің Алматыда түскен суреті. Фотография оның Facebook парақшасынан алынды.
Иран қазағы Мұса Уәлидің Алматыда түскен суреті. Фотография оның Facebook парақшасынан алынды.

Азаттық: - Наурыз мерекесін ұзақ тойлайтын елдің бірі Иран бұл мейрамды қалай атап өтті?

Мұса Уәли: - Ресми түрде демалыс – бес күн. Бес күннен кейін мемлекеттік мекемелер ашылады. Ал оқу орындары, басқа да мекемелер 13 күн демалады. Яғни 13 күн үзіліс болады, демалады, қыдырады.

Жыл басталған сәттен кейінгі 12 күндік мезгілде халық Наурыз рәсімдерінің арнайы ойындары мен қойылымдарын өткізеді. Бұл күндері адамдар уақыттарын үйде жанұя мүшелері, туған-туысқандарымен бірге өткізіп, бір-бірінің үйіне қонаққа барады.

Он үшінші күні бірлесіп үйден сыртқа шығу, басқа халыққа қосылу, табиғат аясына бару, көк өскіндерді суға лақтыру, қызыл балықты суға жіберу сияқты рәсімдер өткізеді. Оны өздері «он үшінші күні үйде болсаң, ауру-сырқау болып қаласың» деп түсіндіреді. Бұл – оларда өте ертеден келе жатқан сенім. Соңғы күні наурызды далада атап өткен жұрт ертеңінде жұмыстарына кірісіп кетеді.

Азаттық: - Наурыз мейрамын тойлауда Ирандағы қазақтардың тұрғылықты халықтан айырмашылығы бар ма?

Мұса Уәли: - Аталарымыздың Иранға табаны тигеніне 80 жылға жуықтап қалды. Сондықтан осындағы жергілікті халықтың салтына қарай біз де бейімделіп кеттік. Біз де солармен бірге атап өтеміз.

Бізде жастар қыдырады. Бұрын өзім жергілікті қазақтардың үйлерін аралап, төс қағыстырып шығатын едім. Қазір оны қойдық. Тек көшеде кездесіп қалсақ қана бір-бірімізді құттықтап жатамыз. Өйткені бұрынғыдай наурыз көже істейтін қазақ жоқ. Барлығы ирандықтардың салтына бейімделіп кеткен.

Азаттық: - Иранда 5 мыңға жуық қазақ бар екені айтылады. Бұл жергілікті қазақтардың нақты саны ма, әлде болжам ба?

Тойда жүрген Иран қазақтары. Сурет Иранда 1978 жылы түсірілген. Фотография авторы Мансұр Киай.
Тойда жүрген Иран қазақтары. Сурет Иранда 1978 жылы түсірілген. Фотография авторы Мансұр Киай.

Мұса Уәли: - Осыдан 30 жыл бұрын қазақтардың әр үйіне жеке-жеке кіріп, санаған едім. Сол тұста 5 мың болған. Қазір одан аз. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшкендер өте көп болды. Қазір қазақтардың саны 4 мыңның ар жақ, бер жағында.

Азаттық: - Ирандағы қазақтардың тұрмысы қалай? Жастары не кәсіп қылады?

Мұса Уәли: - Жастар негізінен базарда. Түркиядан тауар тасиды. Бұрын Иранда қызмет мәселесі жақсы еді. Оқығандары мекемеге қызметке тұратын. Соңғы бірнеше жылда жұмыссыздық пайда болды. Мәселен, менің баламның негізгі мамандығы – есепші, бірақ жұмыс жоқ, қазір жеке көлігімен кісі тасып жүр. Қазақстанға қоныс аударатын қазақтар да азайды. Тек бірен-сарандары ғана көшіп жатыр. Кей жастар барғанымен, ол жақтағы экономикалық қиындыққа шыдамай қайтып келеді.

Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG