Accessibility links

Пәтер жалдап тұратындардың үй алудан үміттері аз


"Шаңырақ-5" ықшамауданындағы үйлер. Алматы, 4 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
"Шаңырақ-5" ықшамауданындағы үйлер. Алматы, 4 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жас отбасылар, ауылдан келген қазақтар осылай үй-күйсіз жүре берсе, Шаңырақ, Бақайдағы секілді жер басып алу әрекеттері қайта болуы мүмкін» дейді Алматыда 8 жылдан бері пәтер жалдап жүрген ерлі-зайыптылар.


Алматыдағы пәтер жалдаушылар мен жалға берушілерінің басы қосылатын жерде - Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысындағы «Жетім бұрышта» пәтер іздеп жүрген Жарас Мұратбековтің үйленгеніне екі жыл болған, бір баласы бар. Жаз айларында, ауа-райының жылы кездерінде қаланың сырт жағындағы Шаңырақ, Думан сияқты шағын аудандардан пәтер жалдайтын ол енді қаланың ішінен жайлы пәтер іздеп жүр.

БАСТЫСЫ – БАҒАСЫ МЕН ЖАЙЛЫЛЫҒЫ

– Жаздан бері Шаңырақ ықшамауданында бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып келе жатырмын. Алда қыс келе жатқандықтан қаланың ішінен жылы, жайлы, ішінде ыстық, суық суы, душы бар, өзім от жағып әуре болмайтын пәтер іздеп жүрмін, – дейді Жарас Мұратбеков.

«Пәтерді қандай белгісіне қарап таңдайсыз?» деген сұрағымызға:

– Негізі жазда бағасына, қыста жайлылығына қараймын. Себебі 1 бөлмелі пәтерді жалдау құны қазір айына 50 мың теңгеден кем емес. Оның
"Жетім бұрыштағы" хабарландыру. Алматы, 25 қазан 2011 жыл.
"Жетім бұрыштағы" хабарландыру. Алматы, 25 қазан 2011 жыл.
сыртында коммуналдық төлемі тағы бар. Бірақ қыстың көзі қырауда оған да көнеміз. Ал жазда қаланың сырт жерлеріндегі Думан, Шаңырақ сияқты аудандарындағы бағасы арзан жер үйлерге шығып кетеміз, көшпелі қазақ сияқты, – дейді Жарас Мұратбеков.

Өзінің есебі бойынша, үш жыл бойы пәтер жалдағанда шамамен бір миллион теңгеден астам ақша жұмсапты. Оған қоса делдалға беретін ақшасы тағы бар. Жарас Мұратбековтің айтуына қарағанда, пәтер таңдаудың да өз машақаты бар. Кейде пәтерді көріп, ақшасын берген соң ол пәтердің жалға берілмейтіні белгілі болып, клиенттің тақырға отырып қалатын кезі де бар. Ал кейде пәтердің жай-күйі делдал айтқан сипатқа сай болмай жататын көрінеді.

«ТАБЫСЫМДЫ КІМ ТЕКСЕРЕ АЛМАҚ?»

Осы орайда «Жетім бұрышта» делдалдық қызметін көрсететін Бақыт Жамаханұлынан бұл кәсіптің қыр-сырын сұрастырдық.

Әуелі кәсібі жайлы айтып беруден бас тартқан ол біртіндеп жіби бастады. Бірақ өзін суретке түсірмеуін сұрады. Оны «коммерциялық құпия» деді.

Бұрын құқық қорғау органдарында істеген Бақыт Жамақанұлының жасы 63-те. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген оның осы жерде маклер болып
"Жетім бұрыштағы" хабарландыру. Алматы, 25 қазан 2011 жыл.
"Жетім бұрыштағы" хабарландыру. Алматы, 25 қазан 2011 жыл.
жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асыпты. Күніне 20-25 адамға пәтер көрсетеді екен. «Тапқан табысыңыз қысы-жазы далада тұрған еңбегіңізді ақтай ма?» деген сұрағымызға:

– Сен өзің қанша айлық аласың? Көп болса 70-80 мың алатын шығарсың? Ал мен ондай ақшаға бола мұнда тұрмаймын. Енді... айына шамамен 2 мың доллардай табамын, – деп, жұмысының оңай еместігін де айта кетті. – Пәтер тауып бергенім үшін әр адамнан 15-20 мың теңге аралығында ақша аламын. Енді осыны өзің 30 күнге көбейт. Сонда 600 мың болады ғой. Әрине, мұндай табысқа тиісті салық төлемеймін, – дейді Бақыт Жамаханұлы.

«Табысыңызды неге жасырасыз?» деген сұрағымызға:

– Төлеген салығым бәрібір жоғарыдағылардың қалтасына түседі. Менің қанша табатынымды кім тексере алмақ? – деп жауап берді «Жетім бұрыш» делдалы.

Бұдан соң пәтер сату, сатып алу, жалға беру қызметін көрсететін «Сағана» қозғалмайтын мүлік агенттігіне хабарластық. Ондағылар да тек жалға алатын пәтер тауып беріп, ол қызметі үшін 20 мың теңге алатындарын айтты. Бұдан ары пәтер қожайыны мен оны жалдайтын адам екі жақты келісім-шарт жасасады да, агенттіктің қызметі аяқталады екен.

«ӨЗ КҮНІҢДІ ӨЗІҢ КӨР»

«Шаңырақ-1» ықшамауданының тұрғыны Тасболатов Мақсат үйінің алдына қатарластыра бір-екі бөлмелі 6 пәтер салып қойған. Әр пәтерді айына 20 мың теңгеге жалға береді. Баға қысы-жазы бірдей. Онда тек суық су ғана бар. Ыстық су деген болмайды. Қыста пәтерді қожайынның өзі жылытып береді. Бірақ кірген кірісінің көбі бұдан төрт жыл бұрын үй мен осы пәтерлерді салу үшін алған несиесін өтеуге кетеді екен.

Осы алты пәтердің бірін жалдап тұратын Шыныбеков Қанаттың бір баласы бар. Пәтер жалдап жүргеніне 8 жыл болыпты. Бұрын «Зета» жиһаз фирмасында 90 мың теңге айлық алып, жүргізуші болып істеген екен.
Шаңырақ ауылы. Алматы, 27 маусым.2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Шаңырақ ауылы. Алматы, 27 маусым.2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ екі ай бұрын қысқартуға ұшырап, жұмыстан шығып кеткен. 2006 жылдан бері «Шаңырақ-1» ықшамауданында пәтер жалдап тұрып жатыр. Қазіргі жағдайымен үй, тіпті жер алудан да үміті аз.

– Тұрмыстық техникаларымызды да несиеге алдық. Несие алып, жер сатып алайық десек, болмашы ғана ақша береді, – дейді Қанаттың жұбайы Гүлназ Шыныбекова. – Билік жастарға, жас семьяларға үй алуға енді көмектеседі деп ойламаймын. Себебі Назарбаев «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп баяғыда-ақ айтқан.

Оның ойынша, жас отбасылар, ауылдан келген қазақтар осылай үй-күйсіз жүре берсе, Шаңырақ, Бақайдағы секілді жер басып алу әрекеттері қайта басталмақ.

Гүлназ Шыныбекова қалада тіркеуде жоқ екендіктерін айтады. Ауыра қалса, жергілікті аудандық ауруханаға қаралады екен. Ол үшін пәтерінің қожайынынан «осы үйде тұрады» деген анықтама, аудандық әкімшіліктен тіркеуінде тұрғаны жайлы анықтама алып келу тиіс – әйтпесе онсыз қарамайды.
XS
SM
MD
LG