Accessibility links

2014 жылғы кейбір маңызды оқиғалар


Дүниежүзілік сауда ұйымының туы. (Көрнекі сурет)
Дүниежүзілік сауда ұйымының туы. (Көрнекі сурет)

2014 жылы Қазақстан үшін қандай маңызды саяси оқиғалар болмақшы? Азаттық тілшісі келер жылы көпшіліктің назары ерекше ауатын бірнеше шараға шолу жасады.

ДСҰ-ҒА КІРУ

Қазақстан 2014 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі мүмкін деп хабарланды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан үкіметі мен сауда ұйымы арасында тек ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия мәселесі бойынша келіссөздер қалған. Өткен жылдың аяғында экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова келіссөздер аяқталысымен ұйымға кіру үшін техникалық құжаттарды рәсімдеуге көшетінін мәлімдеген.

Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылы өтініш беріп, сол жылы ұйымдағы бақылаушы ел мәртебесін алған.

Бұған дейін бұрынғы советтік елдерден алғаш болып 1998 жылы Қырғызстан, одан кейін Латвия (1999), Эстония (1999), Грузия (2000), Литва (2001), Молдова (2001), Армения (2003), Украина (2008), Ресей (2012) және Тәжікстан (2012) ДСҰ-на мүшелікке қабылданған.

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САЛЫҒЫ

2014 жылы Қазақстанда двигателінің қуаты күшті көліктер мен құны 150 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке, белгілі бір мерзімге дейін пайдаланылмаған жер телімдеріне салынатын салық көбеймекші.

Салық салу заңнамасына енген өзгерістерге сәйкес, 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін елде шығарылған немесе елге әкелінген двигателінің көлемі 3 мың шаршы см-ден асатын жеңіл көліктерге салынатын салық өседі.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ ІСІ

Қаңтар айында Франция соты қазақстандық олигарх, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты Украинаға немесе Ресейге экстрадициялау мәселесі бойынша шешім шығарады. Ресей мен Украина Әблязовқа алаяқтық бойынша
Мұхтар Әблязов. Алматы, 27 қараша 2006 жыл.
Мұхтар Әблязов. Алматы, 27 қараша 2006 жыл.
айыптар тағып, оны экстрадициялауды сұрап келген болатын.

2013 жылы желтоқсанның 12-сі күні француз прокуроры Экс-ан-Прованс қаласының сотынан Әблязовты Украинаға экстрадициялауды сұраған. Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 2013 жылы 31 шілдеде Францияда Украинаның сұрауы бойынша ұсталған еді.

2005-2009 жылдары БТА банк директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты БТА банкінен 6 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің «саяси астары бар» деп санайды. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылған.

«РЫСҚАЛИЕВ ТОБЫНЫҢ» ІСІ

Қаңтардың 23-і күні «Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды» деп хабарланған «қылмыстық топқа» қатысты алғашқы сот отырысы өтеді.

Шамамен 800-ге жуық томнан құралған қылмыстық істе 22 айыпталушы бар.
Бергей Рысқалиев (сол жақ шеттегі көк киімді адам) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылун салтанатында тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Бергей Рысқалиев (сол жақ шеттегі көк киімді адам) Атырау облысы әкімі кезінде жаңа көпірдің ашылун салтанатында тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Оларға «қылмыстық топқа қатысу», «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылып отыр. Айыпталушылардың арасында Атырау облыстық әкімшілігі төрағасының бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров, сонымен бірге Атыраудың бұрынғы әкімі Асқар Керімов те бар. Оларды шамамен 20 адвокат қорғап жатыр.

Бұған дейін қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылатынын хабарлаған еді. Әзірге, ағайынды Рысқалиев пен оның тоғыз серігіне қатысты соттың қашан болатыны белгісіз.

«KAZSAT-3»

Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігі «KazSat-3» жерсерігін ұшыруды 2014 жылдың бірінші тоқсанына (көктем айлары) ыңғайлап отыр.
«KazSat-3» спутнигінің құны – 115 миллион АҚШ доллары.

Телевизиялық таратылым, байланыс, интернет, деректер жолдауға арналған жерсерік спутниктер жасайтын М.Ф.Решетнев атындағы ресейлік кәсіпорында дайындалып сынақтан өткен. Кейбір бөлшектері Батыстан алынған «KazSat-3» спутнигінің құны – 115 миллион АҚШ доллары.

Ресейдегі Хруничев орталығында жасалған Қазақстанның бірінші жерсерігі «KazSat-1» 2006 жылы маусым айында ұшырылып, 2008 жылы техникалық ақау кесірінен басқару орталығымен байланысы үзілген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, сақтандыру компаниясы оған кеткен 65 миллион доллардың 47 пайызын ғана қайтара алған.

Ал «KazSat-2» спутнигі 2011 жылдың шілде айында ұшырылды. Ресми ақпарат бойынша, екі жылдан бері оның қызметін 11 қазақстандық оператор қолданып келеді.

«ПРОТОН-М»

Қаңтардың 1-і күні «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің төраға міндетін атқарушы
Протон. Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.
Протон. Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.
Мейірбек Молдабеков жергілікті БАҚ-қа: «Ресей 2014 жылы Байқоңырдан 16 «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлап отыр» деп хабарлады.

Молдабековтің айтуынша, Ресей 2013 жылы Байқоңырдан 15 «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлаған. Оның алтауы ғарышқа ұшып, біреуі шілденің 2-сі күні апатқа ұшыраған болатын.

2013 жылғы шілденің 2-сі күні Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған. Бұл апаттан кейінгі алғашқы «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ғарышқа қыркүйектің 30-ы күні ұшты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG