Accessibility links

Гүлшат Тәкежанова: Биғазымен бірге өткізген әрбір минутыма ризамын...


Әнші Биғазы Тұтқабеков жары Гүлшатпен және балаларымен бірге. Алматы, 2003 жыл.
Әнші Биғазы Тұтқабеков жары Гүлшатпен және балаларымен бірге. Алматы, 2003 жыл.

Қазақтың ән өнеріне қоңыр даусымен, қазақы бояулы үнімен қосылып, дәстүрлі әннің майын тамызып орындаған шебер әнші, Биғазы Тұтқабеков Қарағандының Жаңарқа топырағының түлегі еді. Осыдан үш жыл бұрын көлік апатынан көз жұмған Биғазы туралы марқұмның жары Гүлшаттың естелігі.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, небәрі отыздан аса берген шағында кенеттен қаза тапқан Биғазы көзі тірісінде «Серпер» атты топ құрып, ұмытыла бастаған әндерді эстрадада жаңғыртуға өзіндік үлес қосты, «Аршын» тобы мен жас әнші Баян Нұрмышеваның продюсері болған еді.

ЖАҢАРҚАҒА КӨМІР ТИЕГЕН ВАГОНМЕН БАРЫП, КЕЛІН БОП ТҮСТІМ...

«Биғазы 1975 жылы 29 тамызда бұрын Жезқазғанға қараған Жаңарқа ауданының Айнабұлақ ауылында туған, отбасындағы он баланың бесіншісі. Бізді таныстырған консерваторияның жатақханасы, ол кезде мен Құрманғазы атындағы консерваторияда Қайрат ағаның студентімін, Биғазы 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің халық әндері бөліміне, яғни ол да Қайрат Байбосынов ағамыздың класына қабылданды.

Өнер саласындағы оқу орындарының қыз-жігіттері негізінен аралас-құралас жүреді ғой. Бір күні сабақтан келсем, жерлесім Ерлан Кәметов қонаққа келіпті, қасында әдеміше келген қияқ мұртты сұлу жігіт бар. Дастарханымыз жұпыны болса да, көңіліміз бай халықпыз ғой, екі жігітті студенттік шәйға шақырдым. Шәй үстінде Ерлан: «Гүлшат, танысып қой, мына жігіт те Қайрат ағаның шәкірті, есімі — Биғазы, Жаңарқаның баласы, биыл оқуға түскен»,- деді. Байқаймын, Биғазы ұяң мінезді жігіт сияқты, тіпті ұялғаннан шәй да ішпей отыр. «Шәй іш» десем, күліп басын шайқайды.

Мен жаратылысымнан адамдармен тіл табысқыш, әзілқоймын. Шәй үстінде: «Сен шәй ішпейтін жақсы жігіт екенсің, мен саған күйеуге шығайын» деп қалжыңдадым. Сол сөзім Алланың құлағына шалынып, періштелер «әмин» деді ме екен, екеуміз бір-бірімізді ұнатып қалдық, таныстығымыз махаббатқа ұласып, қыз-жігіт боп қол ұстасқан күндер басталды. Сөйтіп, келесі жылы 2-шілдеде мен Жаңарқа еліне келін болып түстім», — деп еске алады Гүлшат болашақ жарымен танысқан күнін.
Биғазы мен Гүлшаттың үйлену тойындағы суреттері, 1994 жыл.

«Жастықпен, албырттықпен отбасылық өмірдің не екенін бағамдамай жатып, 18 жасымызда шаңырақ көтердік. Менің келін болып түскенімнің өзі бір хикая. Биғазының ауылына барайық десек, билет жоқ, жолсерікке ақша мен домбыраларын қосып беріп, достары пойызға мінгізіп жіберді. Сол пойызбен Жарық станциясына дейін жетіп, әрі қарай Жаңарқаға көмір тиеген вагонның тепловозына мініп барғанбыз. Сол кездегі жастардың бәрі сондай ма, біз аңғалдау болдық па, білмеймін, бір-біріміздің сезімімізге риза болып жүре беріппіз, қазіргі жігіттер жағдайын қамдамайынша үйленбейді ғой.

Стипендиямен күн көріп жүрген студенттің өмірі баршаға белгілі ғой, сөйтіп бірде аш, бірде тоқ жұбайлық өміріміз басталды. Басымызда баспанамыз жоқ, Биғазы оқыған колледждің оқу корпусының аудиториясында да тұрған кезіміз болды. Соның кесірінен тұңғышымызды қолымызға да ала алмадық. Биғазы күнкөріс қамымен әнді қоя тұрып, бір ауық ауыр жұмыстармен де айналысты. Амалдап жүріп, жатақхананың бір бөлмесін сатып алдық, кейінірек осы үйге қолымыз жеткенде екеуміздің де балаша қуанғанымыз есімде»,- деп күрсінді Гүлшат қызыққа толы жұбайлық өмірін еске алып.

БИҒАЗЫ — ӨНЕРГЕ АДАЛ АЗАМАТ, ҮЙДЕ БАЛАЖАН ӘКЕ ЕДІ...

Ал сахнадағы келбеті мен өнері халықты сүйсінткен Биғазы Тұтқабековтің өмірдегі бейнесі жайында марқұмның жары былай дейді: «Ол өте мейірімді, кісінің қабағына қарағыш, ақжарқын және көпшіл еді. Сол мінезінің арқасында досы, жолдас-танысы көп болатын. Қайтыс болғанда жаназаға жиналған адамдар аула түгілі, көшеге сыймай кетті. Сонда халық «жап-жас болып, осынша танысты қалай жинаған» деп таңғалыпты.

Биғазының жақсы бір қасиеті — өнерге адалдығы еді. Тұрмыстың тауқыметімен өнерден тыс жүргенде де қара домбырасын қолынан тастаған емес. Сол кезде уыс-уыс ақша ұстап жүрсе де, өз саласында жүрмегеніне өкініп, көңілі толмай жүретін. Қызымыз дүниеге келгеннен кейін сахнаға шыға бастаған ол өзі оқыған колледжде ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, «Серпер» тобын құрып, продюсерлік жасап, енді ғана аяғынан тұра бастаған еді.

Биғазы тазалықты өте жақсы көретін, үстіне қыл жұқтырмай жүретін азамат еді, әр шаруаның уақытымен орындалғанын қалайтын және ылғи бүгінгі жұмысын ертеңге қалдырмауға тырысатын. Балаларына деген махаббаты ұшан-теңіз, өте мейірімді, балажан әке болатын. Үйдегі балаларды қаталдау ұстайтын мен едім де, балалар менен қашып оған баратын.

Қайтыс боларының алдында ғана «Қазақстанның еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері» деген атақ алды. Осы атақты тапсырардағы «Гүлдердің» есеп беру концертіне аяғым ауыр болғандықтан, ұялып бармай қалып едім, сол үшін әлі күнге өкінемін. Соңғы уақыттарда Жәнібек Кәрменовтің «...Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды...» деп келетін «Толғауын» ылғи орындап жүрді.

Бұл негізі тенорлар орындайтын ән ғой, баритон дауысты Биғазының шырқауында бұл ән тіпті құлпырып сала бергендей еді, қонаққа барсақ та, үйге қонақ шақырсақ та осы «Толғауды» көп айтып жүрді. Негізі адамға о дүниелік боларын Алла сездіреді деген рас қой, бірақ біз пендешілікпен байқай алмай қаламыз.

Бұрындары ер мінезділігімен, менің бір айтқанымды құлағына ілсе, кей айтқанымды ұмытып кетіп жүретін еді, өмірден өтер алдында сөзімді жерге тастамайтын болды. Балаларымен жиі қыдыратын болды, концерттердің арасында да үйге келіп, балаларды қыдыртып кетіп жүретін.

Күйеуімнің үлкен сахнадағы өнеріне әрдайым тілектестікпен, әр жұмысына жаным ауырып атсалысатынмын, бірақ әншілік дипломыммен өзімнің үйде отырып қалғаныма ренжи бастадым. Қайтыс боларынан бұрын бұл жайында құлаққағыс етіп, өзіне де айттым. Ондайда маған: «сен сәл шыда, материалдық жағдайымызды жөндеп алайық, сені бәрібір сахнаға шығарамын»,- деп қоятын, қайтыс болғаннан кейін достарынан «өзім әнші ретінде қалыптасып болғаннан кейін Гүлшатты да әндерін жаздыртып алып шығамын ғой, ол да өнердің адамы, бала деп, маған қарайлап отырып қалғаны болмаса...» деп айтқанын естідім, менің үйде отырып қалғаным оның да жанына батып жүргенін қайдан білейін»...


«...СЕНІ СҮЮ БАҚЫТЫН БЕРГЕНІ ҮШІН, ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН, ЖАУАПТЫМЫН...»


«Ол маған көзі тірісінде Бауыржан Есебаевтың «Сүю бақыты» деген әнін жаздыртып, «Қазақ радиосына» берген еді. Студияда осы әнді жазу барысында ән шумақтарындағы «...Сені сүю бақытын бергені үшін, тағдырыма ризамын, жауаптымын...» деген жерін орындаған кезімде Биғазы кәдімгідей мақтанып, айналасындағыларға «бұл ән маған арналған» деп балаша шаттанатын».

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп тұжырым қылатын қазақ тірі адамның тіршілігі жалғасарын меңзейді. Жаны нәзік әйел затына арыстай азаматынан, арқа сүйер қамқоршысынан айрылудың оңай еместігі белгілі. Дегенмен, алға жылжыған өмірдің көшіне ілесіп, ұлы мен қызын тәрбиелеп отырған Гүлшат отбасын қайғылы қазаға ұшыратқан күн туралы былай дейді:

«Адамның басы – Алланың добы» демекші, жұмыр басты пенденің Жаратқанның салғанына көнгеннен басқа шарасы жоқ қой. Жаның бөлек болғасын, таңды атырып, күнді батырып өмірің жалғаса береді екен. Бәрінен де ауыры — күні кеше жарқылдап жүрген Биғазым туралы бүгін өткен шақта әңгімелеу. «Сырғаларың сыңғырлап, қалдың қалқам қол бұлғап...» деп өзі орындайтын әндегідей елесімен сырласып қалған жайым бар. Менің өмірім «Биғазы барда» және «Биғазы жоқта» деп екіге бөлінеді, әңгімемде де еркімнен тыс жолдасым туралы айта береді екенмін, сырымды сыртқа шығарсам, қайғым аз да болса жеңілдейтіндей көрінеді.

Күйеуім қайтыс болғаннан кейінгі өмірімді дұшпаныма да тілемеймін. Бақилық болар алдында көзіммен көріп тілдесе алмай да қалдым-ау деген аһ ұрғызған өкінішім жаныма маза бермей, талай түнді ұйқысыз өткізгенім өзіме ғана аян. Биғазы қайтыс болғанда мен үшінші баламызды босанып, перзентханада жатқан едім. Туылғанда тұншығып қалғандықтан сәбиім біразға дейін жансақтау бөлімінде жатты да, мен оның қасында болдым. Күйеуім екі баламен үйде. Перзентхана мен үйдің арасын жол қылып шаршап жүрген күйеуім бір ауыз тіл қатпастан о дүниелік болады деп ойлаппын ба?

Үнемі ашық -жарқын қалпынан айнымаған Биғазымның көңілінде соңғы кездері айықпас мұң бардай көрінген еді, жиі күрсіне беретін, бір күні екі баласын алып перзентханаға келген оның жылап тұрғанын көріп шошып кеттім, әкелерінің мұнша көңілі босағанын көрмеген екі балам да қорқып кеткен. Үнемі қастарында жүріп жағдайларын жасағаныма үйреніп қалғандықтан, менің жоқтығымнан қажыған шығар деген оймен бір күнге үйге сұранып келдім. Ұлым мен қызым «мама, үйге тезірек келші» деп жыламсырап, күйеуім «сенің орның мен үшін бөлек екен» деді, жақсы көрсе де сезімін сыртқа шығара бермейтін Биғазының мұнысын біртүрлі қабылдасам да, қатты мән бере қоймадым. Сорлы басым қапияда орны толмас өкінішке ұрынарымды біліппін бе?

Қайтыс болатын күннің кешінде өзі аралас-құралас жүретін жігіттермен бильярдқа барыпты, сол күні Биғазы «таңға дейін ойнайықшы, жігіттер, қимай тұрғаным»... депті.
Биғазы мен Гүлшат студенттік жылдарда, 1994 жыл.


Күйеуіммен соңғы рет 7 –наурыз күні дидарластым, 8 –наурыз күні құттықтап келген оны «карантин» деп ішке кіргізбеді, гүлін медбикелерден беріп жіберген күйеуіммен одан кейін тек телефонмен хабарласып тұрдық. 12–наурыз күні таңғы алтыда ауылдан келе жатқан нағашысын күтіп алуға бара жатқанда көлік апатына ұшырап, інісі екеуі сол жерде үзіліп кетіпті. Одан кейінгі жағдайларды тіпті айтқым да келмейді, тек қана жылай бергенімді білемін, басқа ешнәрсе есімде жоқ.

Таңғы сағат алтыда ол үзіліп кетерде мен қорқынышты түс көріп ояндым, ояна сала үйге қоңырау соғайын десем, беймезгіл болған соң шошытып алармын деп қорықтым. Оның алдында Биғазының өзі де қайтыс болған апамды көрдім, көлік апатынан тағы да қайтыс болыпты деген еді, сол апасының қасына, ауылына апарып жерледік. Сағат сегізде ұлым шырылдап телефон соғып, әкем апатқа ұшырапты деді, содан Биғазының өзіне телефон соқсам, бөтен біреу тұтқаны алып: «ол қайтыс болып кеткен» деді, одан әрі қарай не болғанын білмеймін...


ҚАНҒА БОЯЛҒАН ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДА ҚАЛҒАН ӘН

Біраз уақыттан кейін Биғазының дүниелерін жинап әкеліп берді, қанға боялған ұялы телефонын алып, қорқыңқырап барып қосып көрсем, ішінде бір ән жазылыпты, әуелгіде өзінің даусы ма десем, басқа біреудің даусымен жазылған, бірақ дәл сол сәттегі менің жағдайымды бейнелегендей ән екен. Тыңдап жылап алдым, ол кезде әнді ойлайтын шама қайда? Алматыға келгесін сұрастырсам, Бауыржан Есебаевтың әні екен, оны Биғазы «Аршын» немесе «Серпер» орындайды деп сұрап алыпты. Араға Саят Медеуовті салып автордан әнді сұратып алдым, тура мен өлгенде айтатын жоқтауың болсын дегендей қалдырып кеткеніне таңғалдым. Қайтыс болғанына жыл толғанда өз елінде еске алу кеші болды да, соған осы әнді Ермек Елгезековке өңдетіп алып барып орындадым, кейін радиоға өткіздім одан басқа еш жерде орындалған жоқ.

«Көктем еді» деп аталатын ол ән төмендегідей:

Пәк едің күнәдан да, кінәдан да,
Айтушы ем сыңарым деп сұрағанға.
Қайда едің жылы ұямыз құлағанда,
Қол ұшын бермей ме екен тірі адамға.

Ол кезде көктем еді, көктем еді...
Құс едік мекен еткен Көктөбені.
Жанымның жалғыз қалған қарлығашы,
Басына Көктөбенің көп келеді.

Сен қайта оралмадың, жылытпадың,
Мен әлі сен орнатқан суықтамын.
Бір жанды күндіз-түні ұмытпағын,
Жинайтын арманының сынықтарын.

Алланың пендесінің басына не саларын ешкім болжап білмейді ғой, соңғы көрген ұлымның да көрер жарығы аз болды, 9-ақ ай өмір сүрген сәбиім әкесінің артынан кетті. Ұлым мен қызымды жасытпайын деп тығылып жылап жүргенімде туған ағам да бақилық болып кетті. Мен де пендемін ғой, кей кейде осынша қайғыны көтеріп жүргеннен қажып, ойымды өлсем деген сұрқия ойлар да билеп кететін, мұндайда «онсыз да әкесіз қалып жарымкөңіл болып жүрген екі балаңды біржола сорлатпа» деп екінші ойым көмекке келіп, есімді жиямын.

Ұлым мен қызымды ел қатарына қосу менің ғана мойнымда екенін ойлағанда әлгіндей ойлардың бәрі адыра қалып, ауыруға да қорқып қаламын. Әкелерінен айрылу оларды да ерте есейтті. Алмасым осы үйдің арқасүйер азаматы өзі екенін түсініп, менің қас-қабағыма қарап жүреді, кейде құшақтап еркелетіп те қояды. Аллаға шүкір, ұлым 8-сыныпты бітірді, сабағы жақсы, қызым К. Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқиды.

Биғазымның ойсырап қалған орнын ұлым мен қызым толтырғандай болады, қайын жұртыммен де қатынасымыз үзілген жоқ, ата-енеме де қартайып қалған шақтарында екі бірдей ұлынан айрылу оңай болмады. Ол кісілер ара-тұра елден келіп, мені жұбатып, немерелерін көріп сағыныштарын басып қайтады. Күйеуімнің достары болса біздің отбасымыздан көмектерін аяған емес.

«…Бірге өлмек жоқ» екенін білген соң, жылап-жылап алып, жыртық көңілді сүйретіп, күйбең тіршілікке кірісесің, басқалай амал қайсы, Алланың алдында бәріміз де шарасызбыз ғой...

БАЛАЛАРЫМ ӘНШІ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Ал болашақта сахнадан көріну ойда бар ма деген сұрағымызға сұхбаттасымыз былай деп жауап берді:

Әрине, Алланың берген азды-көпті өнерін іште өлтірудің күнә екенін білемін. Ән салғанды, сахнаны жақсы көретінім рас. Бірақ, Биғазының көзі тірісінде әнші ретінде танылмаған соң, ол қайтқаннан кейін сахнаға шыға келу маған оңай емес, бұл туралы айтудың өзі қиын. Бірақ түптің түбінде төл кәсібіммен айналыссам, еш сөкеттігі болмас деп ойлап қоямын және бүгінгідей құндылықтар өзгерген, көп мәселені ақша шешетін заманда сахнада жүру де оңай емес. Ол үшін мықты демеушің болу керек, әркім қолынан келген кәсіппен жан бағып жатқан уақытта ән айтты деп ешкімнің сөкпесі анық, бірақ сол, «айтқызбасым айтқызбас» болмаса...

Биылғы жылдың мамыр айында жергілікті орындардың, жерлестері мен достарының ұйымдастыруымен Биғазы Тұтқабеков атындағы дәстүрлі орындаушылардың аймақтық байқауы өтті, онда қызымыз Қарлығаш «Әкеге арнау» деген әнді, ұлымыз Алмас әкесінің репертуарындағы «Арқа аруын» орындады. Алмастың да, Қарлығаштың да болашақта әнші болғысы келеді, бұл балалық әуестік пе екен, әлде әкесіне деген сағыныштан туды ма, кім біледі, Алдағыны Алла білер, әкесінің жолын қуып, ол жүрген сахнадан көрініп жатса, оның жете алмаған биіктерін бағындырып жатса оған ана ретінде тек қана қуанатыным рас.

«Шер толқытқан» сырларымды айтып, қайғыммен де, қуанышыммен де біраз бөлістім. Әңгімемнің қорытындысы ретінде айтарым: Биғазыдай жігіттің сұлтанымен аз болса да бірге сүрген өмірім ғұмырымның ең мәнді, ең бақытты кездері екен. Қолымды жүрегіме қойып айтар сөзім: Биғазымен бірге өткізген әрбір минутыма ризамын. Өлім түгіл өкпеге қимайтын, достары мен туыстарына, қаймана қазаққа сүйікті болған Биғазының қазасы жан жары маған қандай соққы болғанын тілмен айтып жеткізу қиын. Алладан өзіме сабыр, балаларыма сана тілеймін. Қалғанымызға ғұмыр берсін дегеннен басқа амалым жоқ. Әңгімемді түйіндей келе барлық әйел затына азаматтарыңыз аман болсын, қамқоршыларыңыздың қадіріне жете біліңіздер деймін.
XS
SM
MD
LG