Accessibility links

Әлеуметтік желі шығармашылық алаңына айналды


Әлеуметтік желі қолданушысы. (Көрнекі сурет.)
Әлеуметтік желі қолданушысы. (Көрнекі сурет.)

Жазған өлең-әңгімелерін әлеуметтік желілерде жариялайтын авторлар көбейіп келеді. Кейбірі мұны "шығармаңды жылдам таратудың ыңғайлы жолы" десе, енді біреулер "хаос" деп сынайды.

"ӘУЕЛІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ТАНЫЛДЫМ"

Өскемен қаласында тұратын Әскерхан Ақтай әлеуметтік желідегі лирикалық өлеңдерімен танылған авторлардың бірі. Әдеби ортаға кешірек келдім деп санайтын ақын өлеңдерінде негізінен туған жер туралы толғайды.

- Оқырмандарыма Facebook әлеуметтік желісі арқылы танылдым. Қазір он мыңға жуық оқырманым бар. Ал газет-журналдан мен мұншама оқырман таба алмас едім, - дейді ол.

Ақын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған өлеңінде:

Арғы бетте не қалды, Құлжа қалды,
Ару қалды-ау, жәудіреп мұң жанары.
Жүрегіңде сөнбесін үміт шоғы ,
Шоғың сөнсе қайтадан кім жағады?

Арғы бетте не қалды, Бұлғын қалды,
Қатар аққан Қобда мен Тұрғын қалды.
Бала кезден бал бұлақ кешіп өскен,
Тай-құлындай тебіскен құрбым қалды.

Арғы бетте не қалды, Толы қалды,
Жүріп өткен бабамның жолы қалды.
Қара мекен жұртынан хабар күтіп,
Қарайлаған қазақтың соңы қалды, - деп жырлайды.

Әскерхан Ақтай шығармаларының жылдам тарап, өзінің ақын ретінде танылуына әлеуметтік желінің ықпал еткенін айтады.

- Өлең жазған кезім әлеуметтік желіні қолданушылар көбейіп жатқан тұсқа дөп келді, сонда жариялаған шығармаларым елге тарады. Әуелі әлеуметтік желіде танылғаннан кейін барып қана газет-журналдар өлеңдерімді сұрай бастады. Соған қарағанда әлеуметтік желінің рөлі жоғары, - дейді ол.

Биыл қаңтардың басында Әскерхан Ақтайдың "Сүмбіле" атты алғашқы өлеңдер жинағы баспадан жарық көрді. Және екі кітабын баспадан шығаруға дайындап жатқаны жайлы автордың өзі әлеуметтік желіде хабарлапты.

Жақында Әскерхан Ақтайдың өлеңіне жазылған Ерлан Төлеубайдың "Есен бол енді ескі жұрт" атты жаңа әні де алғаш рет әлеуметтік желіде жарияланып, жұртқа тарады. Желі қолданушыларының жазған пікірлеріне қарағанда, шығарма көпшілікке ұнағанға ұқсайды.

Әлеуметтік желіде өлеңдерін жариялап тұратындар арасында Ұлықбек Есдәулет, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Динара Мәлік, Серікзат Дүйсенғазин, Ербол Бейілхан, Бауыржан Қарағызұлы сынды өлеңдері әдеби басылымдарда жарияланып, оқырманға танылған ақындар да бар.

Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу әлеуметтік желіде жариялаған өлеңдерін оқырман қауым жылы қабылдағаннан кейін бір кездері меселі қайтып қалған шығармашылыққа қайтадан ден қойғанын айтады. Айнұр ертеректе Алматыда шығатын көпшілікке танымал әдеби газетке өлеңдерін апарғанын, бірақ бас редактор "өлең жазғанша, тұрмысқа шық" деп ақыл айтқан соң өлең жазуды қойып кеткенін еске алады.

- Тек әлеуметтік желіде жарияланған өлеңімнен кейін радио мен газет тарапынан ұсыныстар түсіп, поэзияға қайта оралдым, - дейді ол.

Сонымен бірге әдебиеттанушы әлеуметтік желіде өлең-жыр, әңгіме жариялағанның "бәрі бірдей әдеби сауатты емес екенін" де ескертеді.

- Инстаграмда немесе Фейсбукте өзі керемет ақын ретінде санайтын және оны "сен кереметсің" деп көтермелеп, пікір жазып отыратындар, тіпті аудиомен өлең жіберетіндер де бар. Бірақ оларды әдеби орта бәрібір де іліп алып кетпейді. Себебі, бізде қалыптасқан орта бар, - дейді Айнұр Төлеу.

"100 МЫҢНАН АСА ОҚЫРМАНЫМ БАР"

Алматылық Бибігүл Дәулетбекқызы 30 қаңтарда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған "Бай мен Кедей" атты жазбасын бір тәуліктің ішінде оқырмандары 170 мәрте бөлісіп, 300-ге жуық пікір қалдырғанын айтады. Автор шағын шығармасында қыстың аязынан қашып, Дубайға баруды ұйғарған астаналық шенеунік пен құжырасын жылытуға көмір таппай қалтырған ауылдағы қарапайым тұрғынның отбасындағы екі бөлек жағдайды суреттеген.

Бұрын журналист болып істеген, ал қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Бибігүл әлеуметтік желіде жариялаған шағын әңгімелерін он мыңдаған оқырман оқитынын айтады. Ол көркем шығарма жазумен айналысуды бірнеше жыл бұрын бастаған.

- Әуелгіде өмірім туралы жаймен жазып бастадым. Содан бері төрт жылдың ішінде әлеуметтік желілердегі оқырмандарымның саны 100 мыңнан асыпты. "Енді кітап жаз" деп кеңес беретіндер де бар. Тіпті кей жазушылар "жазғандарың хит болып тұр, қазір шығарсаң тиражың көп болады" дейді. Бірақ мен оған әлі дайын емеспін. Қазір екінің бірі кітап жазады. Кейбірі "мынаны оқыңыз" деп кітабын береді. Шынымды айтсам, бір-екі бетін оқығаннан кейін әрі қарай тартпайды. Ал мен ондай кітап жазғым келмейді, - дейді ол.

Бибігүл әлеуметтік желіні өзін оқырманмен байланыстыратын ыңғайлы құрал деп біледі.

- Қазір интернет заманы. Мүмкіндігі жеткеннің барлығы әлеуметтік желіге байланған. Әлеуметтік желі шығармашыл жастарды танытудың бірден бір ыңғайлы жолы, - дейді Бибігүл Дәулетбекқызы.

БИЛІКТІ МАҚТАЙТЫН ДА, СЫНАЙТЫН ДА БАР

Шығармаларын әлеуметтік желіде жариялайтын авторлар арасында билікке мадақ арнайтындар да, керісінше, сынға алып, сөзбен түйрейтіндер де бар.

Соңғы жарты жыл көлемінде Facebook әлеуметтік желісінде Балтабек Нұрғалиев есімді автордың билікке ода өлеңдері жиі жарияланып жүр. Автор оқушы күнінде-ақ туған жері Ақтөбе облысында танымал болғанын айтады. Ол өткен жылы тамызда Facebook-тегі парақшасында жарияланған "Құдай нұрын Қазақстанға құйыпты" атты 69 шумақтан тұратын өлеңінде:

"Саясаттың Сұңқары!" деп ел-елдер,

Ақын біткен арнайды мол өлеңдер.

Ерен Тұлға Ер Нұрсұлтан Елбасы –

Күллі Түркі Әлеміне Кемеңгер!

Талай елдер тоқтамына қараған,

Күллі Түркі Көшбасшысы санаған.

Отаным деп ожданымен ойланған,

Ақ жүзінен мейір нұры тараған! - деп мадақ айтқан.

Балтабек Нұрғалиев президент Назарбаевтың өзіне ғана емес, оның әкесі Әбіш пен қызы Дариғаға, анасы Әлжанға да өлеңдер арнап, оны парақшасында жариялаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі Балтабек Нұрғалиевтің әлгі шығармаларын сынап, оны "билікке жағыну", "биліктен пәтер немесе қызмет дәмету" деп бағалайды. Автордың өзі айтылған сынмен келіспейді, бұл өлеңдер "билік иесіне жағыну емес, жүректен шыққан шумақтар, Жүсіп Баласағұн шығармалары мен Яссауи хикметтерінен шабыт алып жазған жырлар" деп түсіндіреді.

"Елімнің азаматы ретінде адал сөзімді, ашық ойымды білдіруге міндеттімін. Қоғамдағы көп жағдаяттарды, оқиғаларды көріп, куә болып отырып үндемей қалу – мен үшін қылмыспен тең. Ал мені сынап отырған адамдардың мені түсінуге өресі жетпеген шығар. Мен оқыған кітаптарды оқымаған шығар", - дейді Балтабек.

Әлеуметтік желіде Балтабек Нұрғалиевтің өлеңдеріне кереғар, билікті сынаған авторлардың саяси мазмұндағы шығармалары да аз кездеспейді. Солардың бірі Қуаныш Мұқтай өлеңдерінде жер, ел, тіл тағдырын жоқтап, биліктің жемқорлығын, өктемдігі мен озбырлығын сынайды. Ақын Қазақстанда былтыр күзде қылмыстық айып тағылып, тұтқындалған азаматтық белсенділердің біріне арнаған өлеңін "ТҮРМЕ БОЛДЫ, АҚЫНДАРДЫҢ ТҰРАҒЫ (Кенжебек Жақсылықұлына арналған азаматтық лирика)" деп атаған:

Есер билік қазақты жылатуда,
Құштар болды, байрағын құлатуға.
Саудаға Атамекен жерді салып,
Асықты шетімізден сұлатуға...

Өлмегенге күн батып,
Таң атуда,
Бола ма екен апырай құр жатуға?!
Кенжебек сұрақ қойды төтесінен:
"Рұқсатты кім берді – деп, – жер сатуға?!"

Айыпталып,
Түрме болған тұрағы,
Кенжебектің бар халқына сұрағы:
"Қалай мені ұмыттыңдар кешегі,
Ақын едім –
Жанып тұрған шырағың?"

Азаматтық белсенді, журналист Әміржан Қосанов ондаған жылдар бойы биліктегі басшы ауыспаған елдегі жағдайды былайша суреттеген:

"Келеміз болашақпен қауышқалы,
Шүкір деп,

болмасын деп бірақ соғыс.

Отыз жыл жүргізуші ауыспады -
Бір халық.

Тағдыр да бір.

Бір автобус..."

"ТАЛАНТҚА ТОСҚАУЫЛ ЖОҚ"

Ақын Аманхан Әлім әлеуметтік желідегі авторлардың шығармашылығына сын көзбен қарайтындардың бірі.

- Қазір бізде ғана емес, іргеміздегі Ресейде де "Интерпоэзия" деген термин пайда болды. Мұның зиянды жағы көп. Өйткені, ішкі цензура жоқ. Сосын әлеуметтік желіде оларды саралап, бағасын беретін әдеби бөлімдер жоқ. Осыдан келіп "хаос" немесе талғам мен таразының жоқтығынан "тобырлық поэзия" пайда болады. Өйткені, біреуге "жалақы бермей қойды" немесе билікке қарсы жазылған, яғни халықтың қолы жетпей жүрген нәрсені өлең етіп жазса сол керемет бағалы болып көрінеді, - дейді ол.

Аманхан Әлім әлеуметтік желіде жарияланатын өлең-жыр, әңгімелерді екіге бөліп қарастырған жөн деп біледі.

- Біріншісі, ішкі жан-дүниесіндегі толғанысты сыртқа шығаруға деген талпыныс. Олар ешқандай атаққа немесе "классик" болуға ұмтылмайды. Тек қана өзін өзі қанағаттандырады. Екіншілері де сондай дәрежеде, бірақ өздерін ақын немесе жазушы деп есептейді. Міне, дүниені бүлдіретін де осылар, - дейді ол.

Ақын "шын дарынды адамға газет-журналдың есігі ашық" екенін айтады.

XS
SM
MD
LG