Accessibility links

Жовтисті қолдау акциясын өткізгені үшін журналист жазаға тартылып, айыппұл төлейтін болды


Алмалы аудандық Ішкі істер департаментінің ішіне шақырту алғандардан басқаларын кіргізбеді. Алматы, 11 қыркүйек, 2009 жыл.
Алмалы аудандық Ішкі істер департаментінің ішіне шақырту алғандардан басқаларын кіргізбеді. Алматы, 11 қыркүйек, 2009 жыл.

Алматы қаласының әкімшілік соты қыркүйектің 9-ы күні рұқсат етілмеген митинг өткізді деп Виктор Ковтуновскийге әкімшілік жаза ретінде 32 мың теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарса, Барета Ерғалиева мен Тамара Савинаның ісі қайта тергелуге жіберілді.


Азаттық радиосы бұдан бұрын хабарлағандай, құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот шешіміне наразылығын білдіріп, осыдан екі күн бұрын Алматының орталығындағы Арбат алаңында тәуелсіз журналист Виктор Ковтуновский мен қазақстандық халықаралық тарих-құқық орталығының төрайымы Барета Ерғалиева және Тамара Савина наразылық акциясын өткізген болатын.

Бұл азаматтар кеше түнде Алмалы ауданының ішкі істер басқармасынан шақырту алған.

Бір жарым сағатқа созылған сот процесі барысында Алматының әкімшілік соты саясаттанушы Виктор Ковтуновскийге әкімшілік жаза ретінде 32 мың теңге (213 доллар) айыппұл төлету туралы шешім шығарған.

ПРОКУРОР 10 ТӘУЛІККЕ ҚАМАУДЫ СҰРАДЫ

Ковтуновскийдің қорғаушысы, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның өкілі Светлана Орысбаеваның айтуынша, алдында сот төрешісі прокурордың сұрауы бойынша айыпталушыны әкімшілік кодекстің 373-бабының 3-ші бөлімі бойынша жазаға тартпақ болған екен. Ондай жағдайда Ковтуновскийді 10 күнге қамау туралы шешім шығарылуы әбден мүмкін еді.
Қорғаушылар айыпталушы Ковтуновскийдің бұрын жаза-жауапқа тартылмағанын алға тартқан соң, сот төрешісі жазаны айыппұлға өзгерткен.

Айыпталушы Барета Ерғалиева мен Тамара Савина қаулыға қол қоймағандықтан, олардың істері қайта тергеуге жіберілген. Әйтсе де әкімшілік жазаға тартылушы Барета Ерғалиева Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы қозғап отырған іспен келіспейді. Барета Ерғалиева өзінің ешқандай рұқсат етілмеген митинг өткізбегенін, құқық қорғау қызметкерлерінің назарына не үшін іліккенін түсінбейтінін айтады.
Барета Ерғалиева Алмалы аудандық әкімшілік сотының шешіміне түсінбейтінін айтады. 11 қыркүйек, 2009 жыл.


"Шақыртуды кеше түнде алдым. Шақыртуда рұқсат етілмеген митинг өткізгеніне қатысты ішкі істер басқармасына келсін делінген. Біз ешқандай пикет өткізген жоқпыз. Мен жәй ғана өзімнің пікірімді білдірдім. Мен онда құқыққорғаушы Евгений Жовтистің қызметінің нәтижесінде өз пікірімізді ашық білдіруге мүмкіндік алғанымызға назар аудартуға тырыстым», — деді Барета Ерғалиева Азаттыққа.

Барета Ерғалиева құқық қорғау органдары мұның бәрін ың-шыңсыз жасағысы келген сияқты дейді:

"Ең қызығы маған шақыртуды алып келгенде полиция қызметкері келіңіз, онда көптеген БАҚ өкілдері болады деді. Біз таңертең Ковтуновскиймен хабарласып, мұнда келсек, ешкім жоқ,. Бұған қарап біз мынандай қорытындыға келдік. Журналистер де, құқыққорғаушылар да білмей қалсын деп бізді алып келген сияқты және заңгер жалдап үлгермесін деген болса керек олар".

9 қыркүйек күні бұл азаматтар құқыққорғаушы Евгений Жовтистке шығарылған үкімді жойып, әділ сот жүргізілуін талап етіп, Арбат алаңына шыққан болатын. Ковтуновский мұны саяси қуғын деп атады

- Себебі мен онда мен өзімнің саяси көзқарасымды білдірдім. Арбатта суретшілер, жарнама агенттіктері акция өткізіп, парақшалар таратып жатты, олар саясат тұралы айтпаған соң, оларды ешкім жауапкершілікке тартқан жоқ, - деп атап көрсетті Ковтуновский.

Ал құқыққорғаушы Андрей Гришин болса жауапқа тартылып отырған азаматтар ешқандай заң бұзған жоқ деп, оған өзінің уәждерін келтіреді.

- Ковтуновский акция болатын күннің алдында өзі өткізетін шара туралы zonakz.net сайтында хабарландыру жариялады. Біздің президент қол қойған азаматтық және саяси құқықтық пактіге сәйкес, біздің елде әртүрлі акцияларды рұқсат сұрап емес, тек хабарландыру арқылы өткізу жүйесі болуы тиіс. Сол себепті Ковтуновский заңға сәйкес әрекет етті. Және оны Конституцияның 4-ші бабы да қорғайды. Ол бапта біздің елде жергілікті заңнама халықаралық жүйеге сәйкес келмейінше, халықаралық заңнамаларға артықшылық берілетіні, біздің азаматтар халықаралық заңнамалаларға жүгіне алатыны жазылған. Өкінішке қарай, полиция да, сот жүйесі де бұған көз жұма қарап отыр, - деп тоқталады құқыққорғаушы Гришин.

Осы жылдың 3 қыркүйегінде Алматы облысы Балқаш аудандық сотының төрағасы Чолан Толқынов Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директоры Евгений Жовтисті кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.

Көптеген халықаралық ұйымдар мен жергілікті қоғамдық ұйымдар бұл үкімнің әділетсіз деп атап, өз наразылықтарын білдірген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG