Accessibility links

«Новая жизнь» шіркеуіне барамыз деп жүріп бала-шағасымен далада қалып, «жаңа өмір» бастағандар


"Новая жизнь" шіркеуінен зардап шеккендер баспасөз-мәслихатында. Алматы, 28 тамыз, 2009 жыл.
"Новая жизнь" шіркеуінен зардап шеккендер баспасөз-мәслихатында. Алматы, 28 тамыз, 2009 жыл.

"Перспектива" қоғамдық қоры 28 тамыз күні «Новая жизнь» шіркеуінен зардап шеккен азаматтарға араша түсті. Бар дәулеті мен үй-мүлкінен айрылғандардың күштік құрылымдарға берген арыздарына жауап болмаған екен.


ЗАРДАП ШЕГІП, ЗАР ЖЫЛАҒАНДАРДЫҢ "ЖЫРЫ"


Жұма күнгі баспасөз-мәслихатында діни ұйымның атын жамылып, ал шындығында коммерциялық бағытта жұмыс жасап жатыр деп шіркеуді айыптаған бір топ азамат шіркеуден көрген құқайларын айтып тауыса алмаған еді.

Үш баланың анасы Жанна Атабекова өмірінде туындаған қиындықтардың салдарынан рухани қолдау іздеп, осыдан он жыл бұрын осы шіркеуге келген екен. Осы уақыт аралығында шіркеудің үгіт-насихатының нәтижесінде бар мүлкінен қалай айрылғанын жылап отырып айтып берді.

Жанна Атабекова: «Ол кезде менде бизнес, пәтер, жұмыс та болатын. Қоғамда белгілі бір орным бар еді. Шіркеу басшыларын қызықтырған осы болса керек. Мені бірден олар шіркеудің жұмысына «баурап әкетті». Айналам табысты кәсіпкерлерге толып кетті. Мен әртүрлі жобаларға жылдам кірістім. Шіркеудің белсенді өкілдері «өзіңнің бойында миллиардер, жомарт адам, шіркеудің тірегі бейнесін дамыт та, шіркеудің қажеттілігінен ешнәрсені де аяма деген мақсат қою керек» деп үгіт-насихат жүргізетін. Шіркеу белсенділерінің бірі мінберде тұрып, құдайдың өміріне керемет әкелгенін, бұрындары мойнында 140 мың доллар қарыз болғанын, құдайдың кереметімен қарыздан құтылып, қазір компаниясының айналымында 5 млн доллар ақшасы бар екенін мәлімдеді. Ақшаны өзінің компаниясы секілді табысты компанияларға салуға үгіттеді»

2007 жылдың қаңтар айында Жанна Атабекова Астанаға қоныс аудару үшін баспанасын сатады. Ал шіркеу белсенділерінің бірі баспананың ақшасын шіркеудің қажеттілігіне уақытша бере тұруға сұраған.

«Ол кезде мен жұмыссыз бір бөлмелі пәтерде үш баламмен тұрып жаттым. Сол кезде шіркеу белсенділерінің бірі, кәсіпкер Галушкин маған келіп ары кеткенде жарты жылға ақша бере тұруымды сұрады. «Ақша туралы ойлама, отбасыңның қамын өзім ақ ойластырам, тек қолыңнан келгенше көмектес, компанияның кеңеюі үшін ақшаны уақытша бере тұр, тіпті екі аптадан соң қайтара алам» деп біраз уақыт үгіттеді.

Ақырында мен оған ақшаны беретін болдым. Мұнан соң ол: «бір бөлмелі пәтеріңді кепілдікке қойып, несие ала алсаң, онда компания аясын кеңітуге мүмкіндік болар еді» дейді. 2007 жылдың қараша айына дейін барлығын қайтарам деді. Ұзақ үгіттеуден соң мен бұған да келістім. Ақшаны қайтарудың уақыты келгенде ол жоғалып кетті»

ЕШКІМГЕ ЕШНӘРСЕ АЙТУШЫ БОЛМАҢДАР


Қазір Жанна Атабекова кепілге қойылған жалғыз пәтерін банктің тартып алуынан қорқып отыр. Тағдырлары аянышты азаматтардың айтқандары бір-біріне ұқсас. Шіркеу өкілдері оларға бастарыңдағы жағдайды тістеріңнен шығармаңдар деп ескерткен.

Мәселен, білдей 5 бөлмелі пәтері мен өзге де құнды мүліктерінен айрылған Раушан Харламова «шіркеудің арқасында» туыстарымен де қарым-қатынасы нашарлап кеткенін айтады.

«Туыстарым мені тоқтатты. Бірақ мен оларды естімедім. Ақылымнан айрылып қалғандай сезіндім. Мен оларды мен білетін «ілімді» білмейді, сондықтан осылайша тұжырым жасайды» деп ойладым. Тіпті не ойлағанымды білмеймін, түсінбеймін. Мен өзім үшін қымбат жандардың бәрінен айрылдым. Уақыт өте келе шіркеудің жиынына барғым келмейтін болды»

«Перспектива» қоғамдық қорының президенті Ажар Дәулетова «Новая жизнь» шіркеуін діни ұйым атын жамылған коммерциялық ұйым деп атады.

««Новая жизнь» шіркеуі діни ұйым емес. Егер ол бизнес-құрылым болатын болса, онда ол сәйкесінше бақылануы керек. Құдай атын пайдаланып, Библия атын жамылмауы тиіс. Біздің қоғамда осымен күн көріп жатқандар бар. Ең өкініштісі, олар енді ересектерді қойып, балаларға көшті.»

ШІРКЕУ ӨКІЛДЕРІНІҢ ӨЗ УӘЖДЕРІ БАР

Ал «Новая жизнь» шіркеуі өкілдері болса, шіркеуді коммерциялық ұйым деп атаған азаматтардың пікірімен келіспей отыр. Шіркеудің өкілі Дәулет Жақыбаев шағымданушы топтың арызына түсіністікпен қарайтынын, десе де азаматтардың материалдық шығынға ұшырауына шіркеу кінәлі емес екендігін айтты.
«Новая жизнь» шіркеуінің өкілі Дәулет Жақыбаев. Алматы, 28 тамыз, 2009 жыл.


«Мұндағы азаматтардың жағдайы шыныменен де ауыр. Мәселен, үш баласымен пәтерінен айрылайын деп отырған жалғызбасты ана Жаннаның басындағы трагедиялық жағдай. Бірақ бұл шіркеуге еш қатысы жоқ. Ол (Жанна Атабекова) ақшаны шіркеуде жүрген кезде берген. Бірақ мұнда шіркеудің қандай қатысы бар? Иә, шіркеу бүгінгі таңда ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал олардың шіркеуге қатысты «мәңгүрттеп тастау», «секта» деген сөздерді қолдануы тым жағымсыз естіледі. Шіркеу заңға сәйкес жұмыс істеуде. Біз ешқандай заңды бұзып отырған жоқпыз»

Аталмыш шағымданушы топ осы жылдың сәуір айында Қаржы полициясына, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне арыз-шағым түсіріп қойған екен. Әзірге іс жылжыр емес дейді олар.

«Новая жизнь» шіркеуі Қазақстанда 90-шы жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Ең алғаш 1991 жылы тіркеліпті. 2003-2006 жылдары ҚР-сының Әділет министрлігінде қайта тіркеуден өткен екен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG